Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Жобаның атқарар қызметі зор

«Атамекен» алаңында «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасының алғашқы отырысы өтті. Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың төрағалығымен өтті.

Жиынға бейне-конференция арқылы өңірдегі жобалық алқалардың өкілдері қатысты. Шараны ашқан Абылай Мырзахме­тов басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қатысу шарттары жайында кәсіпкерлерді жан-жақты ақпараттандыру қа­жеттілігі туралы мәлімдеді. «Биз­нестің барынша осы жобаға ат салысуы біз үшін маңызды. Сон­дықтан осы бағытқа басымдық беру қажет. «Атамекен» өңірлерде бағдарламаны түсіндіру, несиелеу мөлшерлемелері және субсидиялау шарттарын талқылау бойынша жұмысты бастап кетті. Елбасы тапсырмасы бойынша мұндай жұмыс алғаш рет жүргізіліп жатыр, сондықтан бизнеске барынша ақпаратты жеткізу, ал бизнестің бағдарламаға белсенді атсалысуы өте маңызды», – деді Абылай Мырзахметов.
«Бағдарламаны жүзеге асыруда бюрократияға жол бермеу керек», – деп мәлімдеді индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр. «Қа­зақ­стандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамымен бірлесіп, біз жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз өнер­кәсібі және құрылыс материалдар өндірісі бойынша жол карталарын әзірледік. Қазір машина жасау саласының жол картасын құру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әкімдіктер мен бағдарламаға қатысушылар арасында қандай да бір түсініспеушілік пен кедер­гілерге жол бермей, олардың алдын алып, осы жобалық алқада шешіп отыруды ұсынамын. Ол үшін біз бизнес өкілдерімен апта сайын кездесіп, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді тікелей тал­қы­лайтын боламыз. Жобалық алқа­ның шешімі – соңғы шешім екенін түсіну керек», – деді Роман Скляр.
Өңірлердегі өкілдердің хабарлауынша, кәсіпкерлер де бағ­дарламаға қатысуға қызығу­шылық танытуда. Шығыс Қазақ­стан облысында агро­өнер­кәсіптік кешен, туризм, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өнеркәсібі салаларынан бағдарламаға қа­тысуға 24 кәсіпорын өтінім берді, 2 жоба банктің мақұлдауын күтіп жатыр. Шымкентте жобалық алқаның бір апталық жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардан жалпы сомасы 39 миллиард теңгеге 39 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 26 өтінім жобаны әзірлеу кезеңінде, 4 жоба банк қарауына жіберілді, 4 жоба – бизнес-жоспар құру кезеңінде.
Естеріңізге салсақ, облыс дең­гейіндегі жобалық алқалар өңірлік кәсіпкерлер палаталары жанында әкімдіктер, банктер, «Даму» қо­рының филиалдары, бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен жұмыс істеп жатыр.
Бағдарламаға қатысуға ниет танытқан кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізу – жобалық алқа жұмысының маңызды кезеңі болмақ. Сауалнама банктер өтіні­шін мақұлдамаған компания­лар­ды анық­тауға және саладағы өзекті мә­се­­лелерді білуге мүмкіндік береді.
«Әр апта сайын ақпаратты жинақтап, бизнеспен талқылай­тын боламыз. Кәсіпорындарға қолданыстағы бағдарламалар аясында қолдау шараларын түсін­діреміз. Жұмыс сапарымен өңір­лерге барып, кәсіпкерлермен кездестік. Бизнес өсіп, кеңейгісі келеді, алайда екінші деңгейлі банк­тердің кепілдікке қатысты талабы әлі де өзекті. Кәсіпкерлердің жоба­лары толық жүзеге асқанша барынша сүйемелдеп отыруға мүм­кіндік те бар», – деді «Қазақ­стан­дық индустрия дамыту институты» АҚ басқарма төрайымы Дана Жүнісова.
Айта кетелік, бағдарлама аясында дайын өнім өндірісіне ғана емес, сондай-ақ қажетті шикізат және бастапқы өндеу өнімдерін шығаруға қолдау көрсетіледі.
Қазіргі таңда бағдарлама жұмы­сына екінші деңгейлі 9 банк қосылды. Қаржыландыруға қол жеткізу үшін кәсіпкер банке өтінім жіберіп, бизнес жобаны бағалау және мақұлдау процедураларынан өтіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі қажет.

Айжан ЖАСБАТЫР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру