Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Жұмысшының маңдай тері еленуі тиіс

Нарықтық экономикаға көшкелі еңбек қатынастарына байланыс­ты өзекті мәселелер туындады. Әсіресе, жекенің қолына өткен кәсіпорындардың қожайындары еңбек адамдарының құқы мен мүддесіне қарама-қайшы келетін іс-әрекеттерге бара бастады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұған дейін де мәселе көтерген еді. Сейсенбі күні жаңадан жасақталған Үкіметтің кезекті отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселесі тағы да қозғалды. Бұл жайында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым барлық жайды жайып салды.

Ең басты толғандырып отырған мәселенің бірі – ұжымдық шарт. Бұл – жұмысшылардың мүддесін қорғайтын және әлеуметтік әділдік принциптерін сақтайтын негізгі құрал. Бірақ осыған еліміздегі көптеген өндіріс орын­дарының басшылары жеткілікті мән беріп отырған жоқ.
Бүгінгі таңда кәсіпорындар мен ұйымдардың 40 пайызы ғана ұжымдық шартпен қамтылған. Бұл аз, әрине. Ұжымдық шарт жасалмаған жерде жұмысшылардың заңды еңбек құқық­тары мен мүддесін қорғау мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақыт­та кейбір өңірлерде ұжымдық шарттар санының өсу динамикасы байқалады. Мұны бір ғана Алматы қаласынан көруге болады. Мұнда өткен жылы ғана бекітілген шарттардың үлесі 4-тен 19 пайызға артты.
Соған қарамастан, еліміз бойынша бұл мәселе толық шешімін таппай отыр. Бұл мәселені оңтайлы және жүйелі жүргізудің бірден-бір жолы – үшжақты комиссиялардың жұмысын жандандыру қажет. Мұндай комиссия барлық облыста бар. Сол үшжақты комиссиялардың мәжілістерінде ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде қарауға қол жететін болса, іс алға басар еді. Кәсіподақ федерациясы төрағасының Үкімет мүшелеріне айтқан бірінші ұсынысы осы.
Бақытжан Әбдірайымның екін­ші айтқан мәселесі – еңбекақы. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жарты жылда еңбек­ақыны арттыруға қатысты екі рет шешім қабылданған. Жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. Ал шілде айынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің табысы көтерілмек.
Әлі де болса еңбекақысы төмен салалар бар. Мәселен, ауыл және орман шаруашылығында, басқа да бірқатар салада жұмысшылардың еңбекақысы әлі де төмен.
Сондықтан Кәсіподақ федера­ция­сының төрағасы кәсіпорын басшыларын, бизнес-қауымдастықты, жергілікті атқару органдарын жа­лақысы төмен қызметкерлердің ең­бек­ақыларын сатылы түрде артты­руға шақырды.
Қазір Үкімет бюджет саласын­дағы табыс деңгейін арттыруды қолға алып жатыр. «Осы ретте халықтың әл-ауқатының әлеуметтік стандарттарын арттыруға қатысты Елбасы қойған міндеттерді ескере отырып, Үкіметке бюджет саласындағы база­лық лауазымдық қызметақыны ең төмен­гі жалақыға кезеңімен ауыстыру мүмкін­дігін қарастыру қажет», – деді кәсіподақ жетекшісі.
Елімізде жұмысшыларға еңбек­ақы бойынша қарыздар ұжымдар да аз емес. Жұмысшылар мен қызмет­керлер ақ-адал еңбек етеді, бірақ маңдай терімен тапқан табысын ала алмайды. Осыған байланысты еңбек адамдарының құқығы бұзылып, наразылығы туындайды.
Бұл мәселеде заң солқылдақ. Пәрменді емес. Мұны халық қалау­лылары да жақсы біледі.Таяуда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты еңбек қарызын реттеу жөніндегі заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерген. Бұл жоба еңбеккерлер­ді толғандырып отырған нақты мә­се­ле­лерді шешуге бағытталған. «Осы бастаманы қолдауды және жұ­мыс­шылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялау мүм­кіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді Кәсіподақ федерациясының басшысы.
Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, әлемде өндірістік жарақаттану жүрек ауруы мен онкологиядан кейінгі үшінші орын­да тұр. Біздің елде өндірістік жарақат­тану деңгейі біршама төмендегеніне қарамастан, еңбек қауіпсіздігі бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ресми дерек бойынша 2018 жылы ғана 1568 адам өндірісте жарақат алған. Оның 300-ге жуығы – әйел. Жыл сайын 200-ден астам адам мерт болады.
Ал, зардап шеккендерге төле­нетін өтемақының көлемі де миллиардтап өсуде. Мұндай шығын бүгінде әлем бойынша мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 10-15 пайызын құрап отыр.
«Осыған байланысты, Еңбек министрлігі ұсынған шараларды қолдауды және еңбек қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз еткен кәсіп­орындарды ынталандыру жолдарын әзірлеуді ұсынамыз. Осы ба­ғытта Экономикалық ынты­мақ­тастық ұйымына мүше – дамыған мемлекеттер қолданып отырған «Vision Zero» – «нөлдік жарақат­танушылық» тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізу қажет», – деді Б.Әбдірайым.
Тағы бір мәселе – халықаралық қарым-қатынас. Бұл бағытта Кәсіп­одақтар федерациясы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясын бекіт­кен. Бұл – басқа елдермен салыс­тырғанда, төмен көр­сеткіш. Жақын­да Халықаралық еңбек ұйымы арнайы үндеу тас­тап, барлық елдердің үкіметтерін биылғы жылы, кем дегенде, бір кон­вен­цияны бекітуге ша­қырған болатын.
«Осы тұрғыда біз Үкіметке бес кон­вен­цияны ратификациялау мүм­кін­дігін қарастыру туралы ұсыныс бергенбіз. Сіздерден осы бастаманы қолдап, бірлескен жұмысты бастап кетуді сұраймыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіп­одақтар федера­циясының төрағасы.

Ғалым ОМАРХАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру