Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

Әлеуметтік кәсіпкер, «Статус» ойын-сауық кешенінің директоры Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Индира Қарабекова – сегіз баланың анасы. Осыған дейін Асқар Біләлов жанұяға көмек көрсетіп келген, жақында тұрғын үй мәселесін толық шешіп беруге шешім қабылдады.

«Қарабековтар жанұясын біраз уақыттан бері білемін. Бұған дейін азық-түлік себеттері түрінде қайырымдылық көрсеткенбіз. Үйлеріне келген сайын лайықты өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайтынмын. Сондықтан Наурыз мерекесі қарсаңында осындай сыйлық жасауды шештік», – деді кәсіпкер.
Үш бөлмелі пәтер жөндеу­ден өткен және жартылай жиһаз­далған. Бұл Индира Қа­ра­бекова мен балалары үшін тосынсый болды. Көпба­лалы ана саяжайда жалдамалы үйде тұрып келген.
«Біздің жеке үйіміз болады деп армандайтынбыз. Бірақ бұл арманымыз осыншама жылдам орындалады деп ойламаппын. Асқардың жасаған жақсылығы үшін алғыс білдіремін. Бүгін біздің өміріміз күрт өзгерді», – дейді көпбалалы ана.
Бұл кәсіпкердің алғашқы қайы­рымдылық шарасы емес. Осыған дейін кәсіпкер тұрақты түрде қалалық қайырымдылық акцияларына қатысып келеді, мүмкіндігі шектеулі балаларға ме­ре­келік шаралардың ұйым­дас­тырушысы.
«Біздің кәсіпкерлердің ізгі істері туралы кеңінен насихаттап, оларды жастар алдында үлгі етіп отыруымыз керек. Қоғамдағы өзекті әлеуметтік жобаларды жүйелі шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Менің Атамекенім» жобасын іске қосты. atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөлімінде өтінім қалдыра алады, ал көмек қолын созуға дайын адамдар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады», – деді Алматы облысы Кә­сіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру