Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Қызмет көрсету сапасы жақсарады

Мыңдаған медбикелер, дәрігерлер және әлеуметтік қызметкерлер Түркістан қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының және БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қолдауымен ашылған Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу (БШАЫЖ) білім беру ресурстық орталығында білім алады.

Аурухана немесе емхана негізінде оқу орталығын құру ин­но­вациялық білім беру ре­сурс­­тарының қолжетімділігін жоғарылатады және теория мен тәжірибенің бірігуінің арқа­сында мамандардың білікті­лігін арттырады. Мұндай тәсіл балалары бар ауылдық және қалалық отбасыларға көрсеті­летін қызметтердің сапасы мен халықтың оларға деген қана­ғаттану­шылық деңгейін жақ­сартады.
«Бала өмірінің алғашқы жылдары оның физикалық және психикалық денсаулығының әрі қарай дамуын айқындайды. Баланың миы шамамен 80%-ға үш жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан ЮНИСЕФ аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар отбасыларға патронаж қызметін көрсететін бағдарламаларды қолдайды, өйткені кіші жастағы балалар­дың дамуына жәрдемдесу – балалар құқығын жүзеге асырудың ең тиімді стратегияларының бірі болып табылады», – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.
Өзінің құттықтау сөзінде Түр­кістан облысы денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев: «Ресурстық орталықтың ашылуы біздің өңір үшін маңызды оқиға. Балалардың денсаулығын жақсарту басты орында болу қажет. Жақын арада орталықтың жұмысы біздің өңірдегі аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай бүлдіршіндері бар отбасылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға оңтайлы әсер ететіндігіне сенімдімін».
Орталық 2016-2019 жылдарда Қа­зақстан Республикасы Денсау­лық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» атты мемлекеттік бағдарламасына сай аяғы ауыр әйелдер мен балалары бар от­басыларға патронажды күтім жа­саудың әмбебап озық үлгісін енгізу мен іске асырудағы негізгі қоры болады.
«Түркістан облысындағы туу көрсеткішінің жоғары деңгейі медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің үздіксіз кәсіби дамуын талап етеді. Оқу орталығы жыл сайын шамамен 1000 медицина қызметкерін жаңа әмбебап озық үлгісіне сай оқыта алады. Оқытудан басқа, орталық медициналық қызметтің сапасын бақылап отырады. Оқу орталы­ғының мамандары халық­ара­лық озық тәжірибелерге сай білім алған мамандар», – деді ЮНИСЕФ-тің ден­сау­лық сақтау және тамақтану бағдар­ламасының үйлестірушісі Қанат Сұханбердиев.
Орталықта медициналық және әлеуметтік қызметкерлер ЮНИСЕФ және ДДСҰ-ның ұсы­нымдарына сай ерте жас­тағы балалардың дамуы, дұрыс тамақтануы және оларға қалай қауіпсіз орта қамтамасыз ету керек­тігі жөнінде заманауи білім­дерін жетілдіре алады. Оған қоса, мамандар өз білімдерін тәжірибеде іске асыра алады: ба­ланың даму бөлмесінде – қан­дай ойындар баланың толық дамуына жағдай жасайтындығын зерттейді; асханада – кішкентай балаларға алуан-түрлі және пайдалы тағамдарды қалай дайындау керектігін үйренеді; нақты кейстерді талқылап көрсету ар­қылы мәселелерді шешуді, ата-аналармен қалай қарым-қатынас орнатуды және оларға дұрыс тәр­бие беру жөніндегі ақпаратты бөлісуді үйренеді.
Әмбебап озық үлгі Қазақстан­дағы аналар мен балалардың ден­саулығы мен әл-ауқатын жақ­сартуға бағытталған. Үлгінің жа­ңа­лығы – отбасылар мен бала­ларға толыққанды көмек көрсету үшін әртүрлі салалардағы мамандар: денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтер бірігіп кешенді қызмет көрсетуі.
Бұл үлгі 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласындағы екі емханада және Жаңақорған ауылында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ЮНИСЕФ-тің және Қызылорда облысының әкімшілігінің бірлескен күшімен сәтті жүзеге асырылды. 2018 жылдан бастап бұл модель Қызылорда облысының тәжірибесін ескере отырып, ел бойынша кеңейтілді.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру