Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Наурыз нақыштары

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз халқымыздың ең сыйлы мерекелерінің бірі. Ол өзге де түркі, парсы, кавказ жұрттарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған.
Наурыз Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, ежелгі Русьте де тойланып келген деген дерек бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі. Наурызды тойлау тарихын ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Нау­рыз Ұлыс күні, жыл басы са­налған. Халықтың мифоло­гия­лық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, кейіннен ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Президент Н.Ә.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді. Еліміздің батыс өңірінде, Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады. Бұл мейрамның «Көрісу» атты дәстүрінде адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге барлығы «Жаңа жыл жайлы болсын, бір жасыңыз құтты болсын!» деп амандасады. «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол айдың соңына дейін жалғаса береді.
Зиялы қауым жылы қабылдаған Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ұлт­тық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айт­қан­да, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» делінген. Бұл жол­дардың астарында үлкен мағына жатыр. Наурыз – жаңаның басы, жаңғырудың бастамасы. Енді осыған кеңірек тоқталып өтелік. Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұ­рын­ғыдай тарихи тәжірибе мен ұлт­тық дәстүрлерге шекеден қа­ра­­­мауға тиіс. Керісінше, замана сы­­нынан сүрінбей өткен озық дәс­түрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құді­ретімен маңызды».
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Ел­басы­мыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, ру­хани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаң­ғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаң­ғыртудың» мазмұнын негіздей оты­­рып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілеген болатын. Бәсе­кеге қабілеттілік, Прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, Қазақстанның рево­люциялық емес, эволюциялық дамуы, Сананың ашықтығы сынды ба­ғыттар дамудың сара жолын нұсқап отырғаны ақиқат.
Руханият пен экономика егіз ұғым, дамудың қос қанаты болып табылады. Байырғы қазақ қауымында Нау­рыздан кейінгі екінші күні егін­ші жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты іс-қарекетімен айналысатын. Мейрам деген күндіз түні той тойлау емес. Ол – өткенге есеп беріп, алдағыға жоспар құратын сәт. Бұл орайда біз де өткен жылдың деректеріне үңілгенді жөн көрдік.
2018 жылы экономиканың өсімі 4,1 пайызды құрады. Бұл орайда бірнеше рекордтық көрсеткіштер тіркелгенін, атап айтқанда 90 млн тонна мұнай, 55 млрд текше метрден астам газ өндірілгенін, барлық үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталғанын баса көрсетуіміз керек. Үстіміздегі жылы 120 индустриялық жоба іске қосылады. Ұлан-байтақ еліміз үшін көкейтесті түйткілдердің бірі – жол мәселесі болып табылады. Биыл бөлінген қаржыға республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол салынады және қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ 654 км жолда қозғалысты ашу, 1600 км жолды жөндеу жоспарланып отыр. 2019 жылы Үкіметтік займ есебінен 4 жоба бойынша 553 км «Қандыағаш-Мақат», «Жетібай-Жаңаөзен», «Күрті-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» учаскелерінде жұмыс жүргізіледі. «Орталық-Шығыс дәлізі бойынша жұмыс басталғалы 643 км жол пайдалануға берілді, биыл 262 км жолда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Орталық-Оңтүстік дәлізі бойынша Алматы-Қапшағай және Астана-Қарағанды бөлігінде 275 км жол пайдалануға берілді. Ақтөбе-Атырау-Астрахань автожолы бойынша Республикалық бюджет есебінен 120 км болатын Атырау-Астрахань және Қандыағаш-Мақат учаскелерінде жұмыстар жалғасады. Бүгінгі күні бұл учаскелер бойынша дайындық жұмыстары басталды, техника мен жұмысшылар шоғырландырылуда.
Экономиканы халық сұранысына сәйкестендіре отырып, Қазақстан алдағы уақытта қарапайым заттардың импорттық үлесін 14 пайызға қыс­қартады. Мемлекет басшысының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалатын болады. Аталған шаралар халық күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында, костюм, көйлек, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар. Жаңа қаржыландыру таяу жылдары аталған тауарлардың импорттық үлесін 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының «қа­рапайым заттар экономикасын» дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру тапсырмалары 2018 жылдың желтоқсанында Үкімет қабылдаған Индустрияландырудың үшінші бағдарламасының тұжырым­дамасында ескерілген. Осынау сараң цифрлар тасасында ел қазынасына құйылған қомақты қаржы жатқанын түсінеміз. Ел Үкіметінің жаңа басшысы жуырда бұл мәселеге тоқтала келіп, экономикалық табыс ең алдымен әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс, деп атап өткен болатын. Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамалары еліміздің дамуын жаңа сапалы деңгейге көтереді. Премьер-министр халықтың табыцсын арттыру және тұр­мысы төмен адамдарды қолдау, көп­балалы отбасыларды тұрғын үй­мен қамтамамыз ету, әлеуметтік инфра­­құр­ылымды дамыту, өңірлерді кешенді түрде дамыту бойынша нақты шара­ларды іске асыру керектігін баса айтты.
Ызғарлы қыстың уыты қайтып, мейірлене төгілген күн шуағына бу­санған қара жердің тоңы жібіп, ауызы көкке тиген жан-жануар қоң жинай бастайтын мезгіл осы тұс. Бұрын ата-әжелеріміз «бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті» деп отыратын. Табиғаттың да, адамның да пейілін кеңіткен Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!

Аманкелді ШОПАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру