Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Көлемді теңге ағыны күтілуде

Таяуда нарыққа көлемді теңге ағыны құйылады – бұған төл валютамыздың бағамы күрт өсіммен жауап қайтарады, деп болжайды сарапшылар. Әйтсе де, мұның алдын алудың құрал-құрылымдары баяғыда ойлап табылған, тек соны білікті қолданса болғаны екен.

Түптеп келгенде, теңге ағынынан туындайтын басқа да мәселелер бар: инфляцияның арту қаупі пайда болады және доллар өседі. Пессимистер тіпті америкалық валютаның 450 теңгеге дейінгі белгіге жетуі мүмкін дейді. Алайда, бұларды болдырмаудың қарсы шаралары да жоқ емес, мәселе тек солар оңды жолмен қабылданар ма екен?

Ақша көбейеді – баға өсе түсе ме?

Нарыққа жуырда үлкен көлемде теңге құйылатынын болжағандардың бірі – экономист Әсет Наурызбаев. Оның пікірінше, көлемді қаржы деп отырғанымыз – мемлекеттің жария еткен түрлі қомақты әлеуметтік төлемақылары. Соңғы кездері жайсыз сценарийлердің жиі бой көрсетіп жатқаны да соның салдары болса керек.
Пессимистердің негізгі бастарын қатырып отырғаны: «ақша көбейсе – бағалар шарықтап өседі» мәселесі. Бұндай қауіптің негізсіз емес екені аян.
– Осыншама ауқымды ақша ағы­нының нарыққа шығуы – «инфля­циялық-қауіпті» нышан. Дегенмен, бұны тежеуші фактор, мәселен бұл – тұрғындардың банктер алдындағы ауқымды қарыздары. Бірақ қауіп бәрібір сейілмей тұр, – деп есептейді сарапшы.
Сонымен, ақшалардың жаңа легі, кредиттерден басқа, қайда жұмсал­мақ? Ең тиімсіз нұсқа – импорттық тауарларға сұраныстың артуы. Пес­симист-түңілушілер нақ осыны болжайды: импортқа сұраныс артады, жергілікті делдал-саудагерлер тауар жеткізулерін ұлғайтады да, валютаны көптеп сатып ала бастайды, ал бұл теңге бағамын айтарлықтай жаншитын жайт.
Сонда не істеу қажет?
– Біздің тоқтап тұрған ішкі қуаттарымыз бар. Сондықтан да қазіргі басты мақсат – отандық өндірушіге «сұранысты бұру».
Бұл билік тарапынан күш-жігер жұмсауды талап етеді. Мәселен, жеңілдіктер бағдарламаларын іске қосып, оларға артықшылық беру керек. Сөйтіп, өз өндірушілеріміздің импорттаушылармен бәсекелесе алуы үшін, «айналымдарын» ұлғайтуға кредиттер бөлінуі тиіс. Велосипед ойлап табу қажет емес, бізге дейін баяғыда құрал-құрылымдар ойлап шығарылған, – дейді Наурызбаев.

Жыланның шырқын бұзсаңыз – аулаушыларды даярлаңыз

– Үкіметтің даярлық жасап үлгеріп, ықпалшараларды – монетарлық тәсіл­мен емес – тауарлармен тежеге­нін қалар едік. Өтемпаздықтың жаңа жағ­дай­да импортерлерге ауып кетуіне жол бермеу керек. Бұл Ұлттық банк пен Үкіметтің басты «тіршілігіне» айналуы тиіс, – деп мәлімдейді сарапшы.
Наурызбаев тағы мынадай бір әф­сананы еске салды. Әлдебірде са­рай­ды орнынан қозғайды, оның астын­да жылан ұясы бар екен. аумақты жылан­дар жайлап кетеді және мұнда тұра­тын­дарды әуре-сарсаңға салыпты.
– Экономикаға бір-екі триллион (мейлі бірден болмаса да) құяды екенсіз, сіз сол «жыландарды» ұстауға да дайын болыңыз. Яғни, айналамызда соларды тұта алатын ұстаушылар болуы шарт. Бұл жағдайда, қуаттары жеткілікті, тауар өндірушілер болғаны абзал, – деп есептейді сарапшы.
Егерде осыны істей алсақ, бұл еліміз үшін ауқымды жетістік болмақ.
Ал, олай істей алмасақ, инфляция­ның кезекті оралымы туындайды да, импорттың артуы теңге бағамына сал­мақ түсіреді.
– Шындап келгенде, мұндай ауырт­палықты жеңілдетуге Ұлттық банктің сақтық қоры жеткілікті. Бірақ бұл құптарлық шара емес. Біз теңгенің нарықтық бағамы орнықты құралуына енді ғана қол жеткіздік, сөйте тұра бұрынғыдай қайтадан интервенцияға жол берер болсақ, жақсы емес, әрине. Дұрысы олай болмауы керек, жоқ дегенде, ең болмаса не болып жатқанын біліп отырамыз ғой, – дейді Наурызбаев.
Теңге бағамының қаншалықты құлдырап кететінін экономист нақты болжап бере алмады. Нарық қанша­лықты мүмкіндік берсе, сонша­лықты құлдырайды. Бұған, алып-сатарлыққа мүмкіндік туындай қалса, оны пайда­ланғысы келетіндердің табыла қоюын қосыңыз.
Сондықтан да қауіп шындығында да бар, бірақ одан арылуға әбден болады.
Алайда, ештеңе істемейтін болсақ, инфляция оралымы міндетті түрде орын алады және доллар бағамы өседі. Пессимистер бұл жерде шындығын айтып отыр. Бұл туралы, экономистің пікірінше, «ұзақ және жар салып әңгіме қозғау қажет».

Болжам жасап, асықпау қажет

Ал, экономист Расул Рысмамбетов жылдың бірінші тоқсанында бағамды болжау мүлде қажет емес деп санайды.
– Теңгенің бағамы – экономика­мыздың күш-қуаты. Үкіметіміз Ұлттық банкпен қоян-қолтық бірлестікте экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізіп, тауарлардың азғантай ғана тобының экспортына тәуелділіктен арыла алса, валютамыз бағамының тұрақтануы әбден мүмкін, – дейді ол.
Шындығында, эксперт бұл жерде соншалықты сенім де білдіріп отырған жоқ, өйткені кейбір мемлекеттік бағ­дарламалар әлі күнге дейін жоспар­ланған қуатына жеткен жоқ.
2019 жылдың екінші тоқсанының аяғына қарай, үкіметтің қаншалықты табысты жұмыс істей бастағанын түсіне аламыз.
Сондай-ақ теңгенің долларға бағамы АҚШ ФРЖ-нің қатаң шарттары жағдайында әлсірей бастауы мүмкін.
Алайда, ақпан айының соңында Трамп доллар тым нығайып кетті деген болатын. Мұны Ақ үйдің АҚШ-тың монетарлық билігіне қысымы деп те бағалауға болады. Егер Трамп ФРЖ-ні доллар бағамын қазіргі дәліз­де қалдыруға көндіре алса, теңгеміз бен экономикамыздың дамуын белсендіруге мүмкіндікті пайдаланып қалуына сәтті шақ туындап отыр, – деп есептейді сарапшы.
Алайда, теңге бағамына қысым жасайтын үшінші фактор да бар, бұл – Ресейге қарсы ықпалшаралар. Егерде бұлар қаталдай түссе, ол да біздің валютамыздың тұрақтануына әсерін тигізбей қомауы әбден ықтимал.

Батыр РАХМЕТУЛЛИН

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру