Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең

Бүгінгі күні еліміздің ауыл шаруашылығында органикалық егіншіліктің барысы жайлы әңгіме аз болып жатқан жоқ. Оның көтерер жүгі де салмақты болып отыр. Оны жүзеге асыруда білім мен ғылымның тәлімді тәжірибемен ұштастырыла жүргізілуі ауадай қажет-ақ. Осыған орай біз осы саланың білгір де білікті маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі, ҚР АШҒА және Моңғолия АҒА академигі, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы, Қытай Халық Республикасы Синьцзян Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының профессоры, ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі, құрметті агрохимик, Қазақстан даңқы, көптеген мемлекеттік және қоғамдық атақтар мен сыйлықтардың иегері, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Агрономия» кафедрасының меңгерушісі, университет ректорының Кеңесшісі Серік Кененбаевпен осы бір өзекті мәселенің бүгінгі жағдайы мен кемелді келешегі туралы көрнекті ғалымның ой-пікірі, ұсынысы, ортаға салар сараптамасы жайлы өзара сұхбаттасқан едік. Енді сол әңгімені назарларыңызға ұсынайық.

– Серік Барменбекұлы! Әңгімеміздің басын мына сұрақтан бастасақ. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруді қазір интенсификациялау қалай жүргізілуде, оның басқа да әсері қалай болып жатыр.Осы жағынан не айтарыңыз бар?
– Өте орынды сұрақ. Мұның алар орны бөлек. Егіншілік өнімін өндіруді бәсеңдетудің нәтижесінде әлемдік қауымдастық азық-түлік мәселесіне қатысты проблемаларды шешуде үлкен табыстарға жетті. Дегенмен, азық-түліктік бағыттағы жетістіктермен қатар, қарқынды ырғақты қажет ететін егіншілік көптеген проблемаларды туындатты. Соның ішінде эко­логиялық сипаттағы мәселелер кезек күттірмейтін алдыңғы қатарда тұр. Әлемнің көптеген аймақтары егіншілікті қарқынды жүргізудің жоғарғы деңгейінің нәтижесінде жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар санатына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі – бәріне байланысты…» деген тұжырымдаманы өте дұрыс айтқан. Біздің планетамыз қандай үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан процестердің барлығы өзара байланысты. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка ел­дерінде қолданылатын пестицидтер (ДДТ) Антарктиданы мекендейтін пин­гвиндердің бауырынан табылған. Ал Чернобыль АЭС радионуклидтері Украина, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар Германия, Швеция, Норвегия және басқа да батыс еуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан табылған.
Соңғы кездері адамзаттың қисын­сыз әрекеттерінің салдарынан жер­лердің шөлейттену тенденциясы үдей түсті. Адамзат даму тарихында кезінде өнімді болған жерлердің 1 млрд гектардан астамын шөлейтке айналдырды. Табиғатты үнемді пайдаланбаудың, ауаны, су мен топырақты химиялық ластаудың салдарынан, сонымен қатар бүлдіргіш табиғи процестердің салдарынан әлемде жыл сайын 6 млн. гектар жер шаруашылық айналымынан шығуда. Тағы 20 млн. гектар жер ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз болып қалуда және топырақ құнарлылығын қал­пына келтіру үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз қаражатты талап етеді. Жаһандық экологиялық күй­зеліс топырақтың тозуынан ғана емес, сондай-ақ экологиялық тұрақ­сызданудан, тіпті, табиғи ланд­шафтар­дың бүлінуінен де байқауға болады.
– Мына сұрақтың да орайы енді келген сияқты. Химиялық заттарды (пестицидтер, минералды тыңайтқыштар) енгізу топыраққа, өсімдікке қандай әсер береді деп ойлайсыз?
– Осынау өзекті мәселе де мені күні бүгінге дейін қатты толғандырып келеді. Өзінің шаруашылық қызметі процесінде, ауылшаруашылық дақыл­дардың өнімділігін арттыру мақсатын­да көптеген агро-амалдар пайдаланылды. Соның ішінде минералдық тыңайтқыштардың бастапқы дозаларын, аурулардан, зиянкестер мен арамшөптерден қорғаудың химиялық заттарын енгізу. Жыл сайын әлемде миллионнан астам пестицид өндіріледі. Минералдық тыңайтқыштармен бірге пестицидтерді әлемдік өндіру үнемі өсіп келеді. Пестицидтер (фунгицидтер, фумиганттар және т.б.) негізінен топырақта ыдырамайды және топырақ микрофлорасының көптеген тармақтарына кері әсер етеді. 2014 жылы жер бетінде 170 млн. тонна минералдық тыңайтқыштардың әрекет етуші заттары шығарылды. Топырақтану, өсімдік шаруашылығы салаларымен айналысатын ғалымдар өзара тығыз байланыста екенін ұмытып кетеді. Әрине, химиялық заттарды енгізу ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Алайда, химиялық тұрғыдан соққы береді және топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Дәл химиялық амалдарды қолдану нәтижесінде топырақтың деструктуризациясы жүзеге асады. 17-22 пайызға өсімдіктермен өңделетін, жеңіл еритін минералдық тыңайтқыштар желге қағылады және топырақтан шайылып шығарылады, ал тез ерімейтін тыңайтқыштар топырақта жинала береді. Өсімдіктерге жайсыз формаға айналады, қорек элементтерінің жал­ған дефицитін тудырады. Сөйтіп, то­пырақты жайсыз формадағы қорек заттарымен молайтады. Нәтижесінде, топырақ өлі болып, өсімдіктердің өсу мен даму қажеттілігін өтей алмайды. Топырақ құрылымының бұзылуының әсерінен оның үстіңгі қабаты тозаңды құрылымға ие болады.
Ісік ауруларын зерттеу жөніндегі Халықаралық агентіктің мәліметтеріне сәйкес, адамдарда пайда болатын ісіктердің 85 пайызын қоршаған ор­таның негативті факторларымен бай­ланыстыруға болады. Олардың арасында пестицидтер мен олардың ты­ңайтқыштармен туынды немесе құрамдастырылған әсері орын алады. Планетамыздағы халық саны ұдайы өсуде, сонымен бірге азық-түлікке деген қажеттілік те үнемі артуда. Гендік инженерия әдісімен ауылшаруашылық дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сорттарымен жануарлардың тұқымы шығарылып, кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі таңда ГМА-ды тамаққа жүйелі түрде пайдалану ағзаның мутациясына алып келетіндігін кішкентай балаға дейін біледі. Сондықтан да, заманауи агроландшафтарда экологиялық жағдайларды жақсарту мәселелері, топырақ құнарлылығын сақтау мен жаңғырту, дақылдардың өнімділігін арттыру мен ауыспалы егістіктердің алуан түрлілігімен экологиялық қауіп­сіз агро­экожүйелерді жасаумен өсімдік шаруашылығын жүргізу қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық таза өнім алу мақсатында жалпы егіншіліктің орга­никалық жүйесін жүргізу, эколо­гиялық тұрақты және қауіпсіз технологиялар мен амалдарды жасау қажеттігі туындауда.
– Қазір халықтың органикалық егіншілікке деген ынтызарлығы мен ықыласы ерекше. Бұған да назар аудармаса болмайды. Осыған орай, ауыл шаруашылығында органикалық егіншіліктің әлемдегі пайдалану барысы жайлы сауалымызға, қайтарар жауабыңыз қандай?
– Орынды қойылған сауалға оңтайлы жауап беруге мен дайынмын. Бұл мәселе ешқашан да күн тәртібінен түспейтін көкейкесті мәселе екенін ашық айту керек. Органикалық ауыл шаруашылығын зерттеу институты (FiBL) және Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының (IFOAM) мәліметтері бойынша әлемде органикалық егін­шілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олардың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 млн. гектар алқапты құрады. Органикалық өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі.
Органикалық өнімді пайдалануға уәждемелер:
– Тамақтанудың экологиялық қауіпсіздігі;
– Өнімдердің жоғары сапасы және балғындығы;
– Үздік дәмдік қасиеттері;
– Өндіру процесіне табиғи ортаны сақтау;
– Генетикалық модифицияланған ағзалардың болмауы.
Органикалық өнімнің негізгі массасы әлемнің жоғары дамыған индустриалды елдерінде сатылады. Жалпы тұтынудан шамамен 78 пайыз Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі.
Нарықты талдау жөніндегі халық­ара­лық эксперт Эндрю Уорктың және халықтаралық аналитик Мажид Бен­жи­лонның пікір бойынша, жуық ара­дағы 10 жыл көлемінде нарықта ге­ном­дық модифицияланған бидайдың үлкен партиялары болады. Қазақстанға да экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін шығарып және сату керек. Сол сияқты осы бағытта әлемдік нарықта нық орынға ие болуы қажет.
– Органикалық егіншілікке елімізде барған сайын баса көңіл бөлініп келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің ха­лыққа арнаған Жолдауында республикамызда ауыл шаруашылығын жүргізудің басым бағыты органикалық егіншілік болуы керек деп міндеттеді. Осыны негізге алғанда елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың өлшемі мен деңгейі қандай деп есептейсіз?
– Бұл мәселе менің қаперімнен ешқашан да шықпайды. Қашан болсын маңызы зор осынау мәселені үнемі бақылап, байыбына барып отырамын. Қазақстанда экономикалық байланыстардың үзілуінен, шаруашы­лық жүргізу формасының ауысуы, минералдық тыңайтқыштардың қым­бат­тауы салдарынан 1990 жылдан бастап республикада 672,1 мың тонна ғана тыңайтқыш өндірілген, нәтижесінде өндіріс көлемінің де, оларды танаптарда пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалды. Бұл тенденция бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералдық тыңайтқыштарды енгізу гектарына 5 кг әсер етуші зат шамасына жетті, ал бұл көрсеткіш дамыған елдерде 500-600 кг-ды құрады. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында біздің республикамызда ауыл шаруашылығын жүргізудің басым бағыты болып отырған орга­ника­лық егіншілік болып табылатынын үнемі айтып жүр. Бұл сала әлем бойынша қарқынды түрде дамып келеді. «Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қазақстан дамуының стратегиялық векторы болып табылады. ҚР Президенті былай деген: «Біздің елімізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауыл­шаруашылық өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар. Азық-түлікке деген сұраныс 2050 жылы 40 пайызға артады және «Жасыл экономика» индустрияалды революцияның негізі болады». Осы тұрғыдан бірқатар міндеттер де қойылды: егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және өсімдік шаруашы­лығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімі еліміздің ІЖӨ үлесінде 5 есеге артуы тиіс.
Қазіргі кезде елімізде органикалық өнімдерді өндірудің статистикасы жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақ­станда енді дамып келе жатыр. Дегенмен, ҚР ҰҒА академигі, эконо­мика ғылымдарының докторы В.В.Гри­горуктың мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында эко өнімдерді шығаруға жарамды егістік­тердің көлемі келешекте 13 млн гектардан астам жерді алуы мүмкін.
Жағдайды түзеу және шикізат пен азық-түлік өндірісінің көлемін арттыру мақсатында келесі міндеттер шешілуі тиіс:
– Өсімдік шаруашылығы саласында: кең әртараптандыру, ауылшаруашылық өнімдері өндірі­сінің көлемін арттыру, топырақ құнар­лылығын арттырудың негізгі жағдай­ларын жақсарту, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және экологиялық таза өнім алу, ауылшаруашылық айналымына қазір қолданылмайтын және қордағы 6,8 млн гектар жерлерді тарту; бұрын пайдаланылған 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру;
– Мал шаруашылығы саласында: жемшөп өндірісін дамыту, азып кеткен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру. Пайдаланылып жатқан 63 млн гектар жайылымдық жерлерден 20 млн гектар жерлерді суландыру жоспарланып отыр.
– Қайта өңдеу саласында: сапа­ның халықаралық стандарттарына көшу, өндірістің техникалық және техноло­гиялық қайта жарақтандыру және т.б.
Осыған байланысты 2015 жылдың соңында «Органикалық өнімді өндіру» туралы заң қабылданды. Ол эко­ло­гиялық таза өндірісті дамуты үшін мүмкін­діктер ашты. Осы заңды қабыл­дай отырып Қазақ­стан органи­калық өндірісті қолдай­тындығын көр­сетті және оны өндірі­летін өнімнің та­за­лығына кепіл беруге қабілетті мемле­кет ретінде әлемдік нарықта орнықты.
– Түйіндеп айтар болсақ, әңгіменің басында тілімізге тиек еткен өзекті әңгі­ме – Қазақстанда органикалық егін­шілікті және органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін қандай жұмыстар жұдырықтай жұмылған ұйымшылдықпен қолға алыну керек деген шешіміңізді білсек деп едік?
– Әрине, бұл бағытта қайталап айтайын, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең әрі салмақты. Оны бүгінгі күннің уақытымен де үндестік табу үрдімі көрсетіп отыр. Органикалық егіншілік қазіргі таңда әр мемлекетте қызу талқылаудан өтіп жатыр. Оны айтып отырған себебім, өткен жылдың аяғында Моңғолия ауылшаруашылық университетінің шақыруымен «Орман-дала-шөлді аймақтарда жерді ауыл шаруашылығы саласында пайдаланғанда туындайтын экологиялық мәселелер» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып қайттым. Конференцияға көптеген мемлекеттен ғалымдар қатыс­ты. Осы конференцияда «Ор­гани­­­калық егіншілік осы заманның егіншілік жүйесінің экологиялық қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында баяндама жасадым. Ондағы ортаға салған ойларымды ақиқатқа сүйенгенген және ғылымға негізделген ойларыммен ашық айтқа­нымды ғылыми конференцияға қаты­насу­шылар қызу қуаттап, бір ауыздан қолдады. Бұл Қазақстан халқының мәрте­бесі үшін үлкен жетістікке пара-пар екеніне ешкім де шек келтіре алмады. Ал біздің республикамызда органи­калық өндірісті кеңінен дамыту үшін мыналарды әзірлеу және бекіту қажет:
– Органикалық өнім мен шикізат өндірісінің техникалық регламенттері;
– Органикалық өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау, сату субъектілерінің жұмысын мемлекеттің бақылау акредитациясы, сертификациясының ұлттық жүйесі;
– Органикалық өнімді маркерлеудің талаптары мен тәртібі;
– Органикалық өнімді өндіру үшін топырақ жарамдылығын бағалау тәртібі; сонымен қатар:
– Әлеуетті экспорттық нарыққа марке­тингтік зерттеу жүргізу;
– Азаматтық қоғам ұйымының жұмысын белсендендіру;
– Білікті кадрларды дайындауды ұйым­дастыру;
– Органикалық өнім мен шикізат өндірісі саласындағы ғылыми зерт­теулерді тереңдету және тағы басқа өзге мәселелерді өз мәнінде талап тұрғысынан жүзеге асыру деп білемін.
– Серік Барменбекұлы, Әңгімеңізге мың да бір рахмет! Ғылымның қия жолындағы қажырлы еңбегіңіз бен маңдай терңіз халықтың қажетіне жарай берсін демекпіз!
– Сізге де көп рахмет!

Сұхбаттасхан
Қанат ТӘКЕБАЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру