Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Маңызды инновациялық алаң

Экономикалық ғылым мен тәжірибе көрсеткендей, жаңа технологиялар мен инновацияның енгізілуі экономиканың дамуын қамтамасыз етеді. Көптеген дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, бүгінде инновациялық қызмет әлемдегі көшбасшы елдердің мемлекеттік экономикалық саясатының басты, маңызды бағыты болып табылады. Сонымен қатар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ғылым арқасында қол жеткізуге болатын дамудың жаңа сапасы біздің елімізді экономиканың шикізаттық моделінен жоғары технологиялық моделіне көшіреді», – деп атап өткен болатын.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тиімді инновациялық процесс үшін жағдай жасауда экономиканы қарқынды дамыту мен өндірісті іске қосуға қара­ғанда маңызды мақсат жоқ. Міне, осы жерде біз тікелей ғылыми салаға жүгінеміз. Ғылым саласында пайда болатын идеялар өндіріс саласына тез жетіп, тауарға айналуға тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, таң­даулы техника мен технология саласында көшбасшы болғысы келетін елдер осы салада өз жерінде «білімді өндіре» бастайды. Өйткені, қысқа инновациялық цикл (идеяның пайда болуынан бастап, білімнің өнімде идеяның іске асуына дейінгі уақыт) болуы қажет, ал инновациялық циклді тек ғалымдар мен технологтардың бірлескен жұмысы есебінен ғана жеделдетуге болады. Осыған байланысты технопарктердің ғылым мен өндірісті интеграциялаудың ең сәтті нысандарының бірі ретіндегі тәжірибесі өте қызықты. Сондай-ақ қазіргі таңда жоғарғы оқу орындарында білім-ғылым-өндіріс байланысын орнатуға бағытталған білім берудің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, әр түрлі профильді ғылыми-инновациялық орталықтар, жаңа технопарктер құру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
Технопарктер өндіріс пен ғылымды барынша жақындастыру жағдайында ғана мүмкін болатын, республикамызда құрылған ұлттық инновациялық жүйенің негізін қалаушы элемент болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет рөлі экономиканы дамытуда тек қана саясатты қалыптастырумен шектелмейді, сонымен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты қолдап, шаруашылық субъектілер қызметін реттейді. Ол экономикалық үрдістерде стратегия­лық және үйлестірушілік функцияларды қарастыруы қажет. Бұл функцияларды іске асыру механизмдері даму институттары, технопарктер, конструкторлық бюролар, арнайы экономикалық аймақтар болып табылады. Дамыған елдер тарихына көз жүгіртсек, технопарктердің құрылуына елдегі экономикалық дағдарыс себеп болған (мысалға АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия). Себебі технопарктер дағда­рыстық жағдайдан табысты шығу мен экономикалық әлеуетті жаңар­тудың тиімді механизмі болып, техно­парктердің қызметі нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтардың әл-ауқаты артқан.
Ғылыми-техникалық потенциал кез-келген мемлекеттің өркендеуі­нің кепілі. Экономикалық дамудың, мемлекет көркеюінің негізгі жолы ғылыми-техникалық және иннова­циялық салада көшбасшы болу. Инновациялар және жаңалық­тар экономиканың құлдырауына тө­теп беріп, ғылыми-техникалық про­грестің белсенді түрде дамуына жағ­дай жасап, ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады. Қазіргі таңда ел экономикасы дамуының шешуші факторлары ғылым мен инновациялық технологиялар екеніне күннен-күнге көз жеткізіп келеміз. Бүкіл әлемде озық технология мен техниканы насихаттайтын 1951 жылы Калифорнияда құрылған дүние жүзіндегі ең алғашқы технопарк – АҚШ-тағы «Силикон аңғарының» пайда болуына негіз болды. Өткен ғасырдың 80-жылдары технопарктер тек АҚШ, Еуропада емес, Канада, Сингапур, Австралия, Бразилия, Индия, Қытай, Жапонияда да құрыла бастады.
Қазақстанда қазіргі уақытта тех­но­парктердің аймақтық аспектісі кеңінен дамуда. 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы мен 2005-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы ұлттық инновациялық жүйені дамыту жөніндегі бағдарламаны орындау мақсатында Қазақстан Республикасында 2004 жылдан бастап аймақтық технопарктер құрыла бастады. Технологиялық парктер – заманауи инновациялық экономиканың маңызды элементі. Бүгінгі таңда елдің толыққанды инновациялық қызметі ғылыми және инновациялық орталықтар мен парктер, идеялар инкубаторы, алдыңғы қатарлы технологиялар орталықтары, технология­лық полистер, сараптамалар сынды жаңа аймақтық шаруашылық құры­лымы негізінсіз дами алмайды. Олардың бәрі әлемнің жетекші индустриалдық аймақтарында жасалып, мамандандырылған инно­вациялық құрылым негізін құрай­ды. «Ғылыми-технологиялық парк» ұғымы ірі инновациялық құры­лымды анықтайтын жалпылама негі­зінде қолданылады. Олардың даму жолындағы айырылмас шарты ішкі транспорттық коммуникациялар, әуежайлар мен халықаралық желілерге жақындығы – ыңғайлы экономикалық-географиялық орналасуы, венчурлік капитал нарығы және білікті жұмысшылар күшінің, ғылыми-техникалық әлеуеті болуы болып табылады.
Осылардың бірі, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті­нің қол­дауымен Алматының бизнес-орта­лығында Ғылыми-техноло­гия­лық паркі (технопарк) табыс­ты жұмыс істеп, дамуда. «Ғылыми-техноло­гиялық парк» еншілес мемле­кет­тік мекемесі ректордың №7 бұй­­рығымен 1993 жылы құрылып, қазіргі заманғы нарықтық экономика талаптарына, сондай-ақ негізгі ережелер талаптарына сай келе отырып 1994 жылдың 7 ақпанынан бастап ресми түрде жұмыс істеуде. 2000 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркі өзін-өзі қаржыландыруға толығымен көшті. Технопарктің негізгі миссиясы – инновациялық кәсіпкерліктің дамуы мен жүзеге асуы үшін қолайлы жағдай жасау, ықтимал іскерлік серік­тестіктерді іздеу, инновациялық ғылы­ми-тех­никалық жобаларды іске асыру үшін инвесторларды тар­ту және сапалы консалтингтік қызмет көрсету. Технопарк қызметі әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­тетінің жоғары білікті бәсекеге қабілетті маман дайындау жөніндегі қызметімен ұштасып жатыр.
Технопарктің жаратылыстану мен техникалық (физика, математика, химия, биология және басқалар) ғылым салаларында қолданбалы және іргелі зерттеулер өткізуге арнайы мамандандырылған кеңселік және зерттеу құрал-жабдықтарымен жаб­дықталған. Технопарк келесі бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп отыр: іргелі және қолданбалы ғылыми-жаратылыстану және техникалық ғы­лымдар саласындағы инновациялық зерттеулер жүргізу; жаңа техника мен материалдарды, ғылымды қажет ететін технологияларды құрастыру, меңгеру және ендіру; ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды өңдеу, ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарын жобалау; ғылыми-техникалық және білім беру сферасында шағын инновациялық кәсіпорындарды қолдау жүйесін қалыптастыру (start-up-компания) және басқалар. Технопарк ұсынатын техникалық және консалтингтік қызметтер Start-up, Spin-off компа­ниялардың дамуына ықпал етеді, сол арқылы кәсіпкерлік дағдыларға ие білікті маман-ғалымдарды, коммерцияландыру саласындағы инновациялық менеджментті қалыптастырады, оның нәтижесі өз зерттеулерінің нәтижелерінен қаржылық пайда алу және елдің кадрлық әлеуетін нығайту болып табылады. Технопарктің ғылыми-зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасының басым ғылыми бағыттарына сәйкес жүргізіледі және олар ғарыштық технологиялар, экология және энергия үнемдеуші технологиялар, жасыл технологиялар, нанотехнологиялар және жаңа материалдар, биотехнология және биомедицина, май өнеркәсібі, физика-химиялық технологиялар сияқты түрлі салаларды қамтиды, сондай-ақ кобальт-никелі бар шикізаттан кобальт пен никельді бірлесіп және бөлек селективті бөліп алудың рентабельді экологиялық таза технологиясын әзірлеу, «Цифр­лық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Рес­публикасының өңірлері халқының өмір сүру сапасын кешенді кеңістіктік талдаудың атласты ақпараттық жүйе­сін әзірлеу, түрлі функционалдық мақ­саттағы коммерциялық өнімдерді ала отырып, флотациялық байыту және көмір ұсақ-шламдарын қайта өңдеу технологиясын әзірлеу, қалалық ауаны тазарту мен кондиционерлеудің кешенді өзін-өзі өтейтін жүйесін өндіру технологиясын әзірлеу және тағы басқа салаларды қамтиды. Осы проблемалардың көпшілігі тек Технопарк қабырғасында ғана әзірленуде.
ҚазҰУ технопаркі инкубациялық және ертеден келе жатқан компаниялардан жаңа компанияларды шығару үдерісі арқылы инновациялы стартап компаниялардың өсуі мен құрылуын жеңілдетеді. Осының нәтижесі ретінде, қазіргі таңда, әл-Фараби атындағы Ғылыми-технологиялық паркі базасында 12 стартап-компания, 10 студенттік бизнес-инкубатор, 6 зертхана және 3 ғылыми орталық жұмыс жасайды. Ғылыми-технологиялық парк стартап-компаниялар мен студенттік бизнес-инкубаторларға кеңсе мен толық жиһаз жинағы, компьютерлер, көпфункционалды лазерлік құрылғылар, жоғары жылдамдықты ғаламтор, телефон аппараттарымен жабдықталған жұмыс орнын береді, сонымен қатар көптеген басқа да қызметтер, мысалы консалттік, заңгерлік, бухгалтерлік т.б. Бастау­шы кәсіпкерлерге өзіндік меншік кәсіпкерлік қалыптасу кезеңінде кең ауқымды қызмет көрсетіледі: компаниялараға семинарлар өткізуге, тренингтер, конференциялар, курстар мен басқа да іс-шаралар бойынша қазіргі заманғы әдістермен кәсіпкерлікті оқыту, сондай-ақ бизнесті жүргізу бойынша кеңестер беріледі. Технопарк базасында жұмыс істейтін стартап компаниялардың көпшілігі шығарылды және нарықта табысты жұмыс істеуде. Мысалы, жоғары сапалы озық ғылыми және маркетингтік технологияларды әзірлеумен айналысатын «MaxImagine» компаниясы. Компания қызметінің мақсаты – компанияларға сегмент ішіндегі бәсекелестердің аясында ерекшеленуге, өнімді немесе қызметті тиімді таныстыруға, мақсатты аудиторияға барынша назар аударуға, брендтің бірегей және есте қалатын бейнесін жасауға, өнімнің танымалдығын арттыруға, сондай-ақ жарнамалық бюджетті оңтайландыруға көмектесетін тиімді ғылыми және маркетингтік құрал­дарды құру. Сондай-ақ, «Жаңа ұр­пақ» компаниясын да атап өтуге болады. Компанияның негізгі қыз­меті спорттық, мәдени, психо­логия­лық және зияткерлік іс-шара­ларды қамтитын қысқы/жазғы көшбасшылық мектебін оқы­ту­дың бірегей бағдарламасының кө­мегі­мен көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу болып табылады. Технопарктің ең табысты түлектерінің бірі халықаралық нарыққа шыққан «Evita Complex» компаниясы болып табылады. Бұл компанияның өнімдерін Таяу Шығыс, БАӘ, Швеция және Ұлыбританиядан белсенді сатып алады. Қазақстанның алғашқы органикалық косметикасы болып табылады. Тек қана зертханалық жағдайда органикалық косметика өндірісімен айналысады. Және басқа көптеген компаниялардың түрлі қызмет салаларына қатысады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Ғы­лыми-технологиялық паркі» уни­верситеттің ғылыми әлеуетін арттыру мен ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуде маңызы зор. Ғылыми-тех­нологиялық парктің бүгінгі күндегі артықшылықтары: университеттің өндірістік қуаты мен ҚазҰУ құра­мына кіретін 7 ғылыми-зерттеу инс­титуттарының (ҒЗИ) әлеуетін пайдалану мүмкіндігі; ҒЗИ, университеттер мен бизнес өкілдерінің әріптестігі үшін тұрақты диалог алаңын құру; ғылыми және қолданбалы зерттеулерге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын тарту мүм­кіндігі.
Қорыта келгенде, елімізде жүр­гізілген барлық экономикалық шаралар өз өнімін беріп, бүгінгі таңда жоғары экономикалық өсуге қол жеткізіп келеміз. Сондықтан да, еліміздің ғылыми-техникалық саясаты инновациялық процестерді жандандыруға, жаңа технологиялық құрылымдарды енгізуге, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті жан­дандыруға, ғылым мен өндіріс ара­сындағы алшақтықты азайту­ға, индустриялық қызметті ынталан­ды­руға, озық шетел технологиясының нақты трансферті мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Сондықтан «өндіріс – университет – ҒЗИ – компания» моделімен құрылатын технопарктер аталған элементтер ара­сындағы синергетикалық байланыс орнатып, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді енгізуді ынталандырып, тек аймақ қана емес, жалпы мемлекеттің экономикалық әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосады. Сол себептен технопарктер қызметін сауатты ұйымдастыру, табысқа жетелейтін бірнеше факторларды үйлестіре білу өте маңызды болып табылады.
Осылайша, алдағы бес жылда технопарк Қазақстанның инно­вациялық жүйесінің маңызды элементі болуы мүмкін. Себебі, ол жаңа технологияларды енді­руге, жоғары технологиялық өнім­дерді өндіруге бағытталған, ал бұл өз кезегінде Қазақстан эко­номи­касының болашақтағы бәсекеге қа­білеттілігін қамтамасыз ете алатын жаңа салалардың құрылуына септігін тигізуге міндетті.

Бейсенбек СЕРІКБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
аға оқытушысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру