Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Аукцион аудандарға жетті

Батыс Қазақстан облысында елімізде алғаш рет коммерциялық мақсатқа жалға алу құқығын сату бойынша ауциондар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін пайдалану құқығын беру бойынша конкурстар электронды форматта өткізіле бастады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген жаңа жүйе уақытты едәуір қысқартып, бизнес үшін жер учаскелерін беру тәртібін жеңілдетеді.

Соңғы жылдары өңірде бизнеске арналған жерлер бәссауда арқылы иесін табуда. Ал осындай аук­циондардың аудандарда әрі элек­тронды түрде өткізілуі расында қы­зық­­тырарлық жайт. Жер аукционы алғаш рет өткен жылдың қазан айында zem.kz порталында өткізілді. Электронды бәссаудалар былтырдан бері Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Тасқала аудандарында ұйымдастырылған. Өңірде өткен жылы 18 аукционда 103 жер телімі сатылса, соның үштен бірі zem.kz порталы арқылы жүзеге асқан, яғни кәсіпкерлік субъектілері үйден шықпай-ақ қатысқан. Атал­ған порталда бос жатқан жер телім­дерімен қатар конкурсқа ұсынылатын ауылшаруашылық жерлері де белгі­ленген. Жеке тұрғын үй кезе­гіндегі азаматтар тізімдері мен өзге де мәліметтер көрсетілген.
Жүйе кәсіпкерлер үшін оңтайлы тәсіл болып отыр. Мысалы, бұрын кәсіп иесі дүкен ашу үшін жер сұрағанда, ол қолайсыз жерлерден, қоқыс орындарына жақын маңдардан ұсынылып, кәсіпкердің арыз жазуына, сөйтіп, көңілінен шықпаған жерден бас тартуына тура келген. Енді бұдан былай бизнес бастаушы сайтқа кіріп, нақты жер телімі қайда екенін көріп, аукционға қатыса алады. Қарапайым сөзбен айтқанда, үйде отырып-ақ қалаған жерді саудалауға болады.
– Zem.kz порталы – Қазақстан бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалған шара. Порталға әртүрлі коммерциялық мақ­саттарда жер сатып алуға мүдделі тұл­ға кіріп, оқыту ролигімен танысып, жүйеге тіркеледі Оның ыңғайлылығы сол, әрбір азамат немесе заңды тұлға, электрондық қолтаңбасы бар болса, сайтқа тіркеліп, аукционға қатыса алады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жұматай Ашықбаев.
Жер телімдерін бөлу тәртібінің қолжетімділігі бизнес субъектілерінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта БҚО кәсіп­керлер палатасы облыстық жер қа­тынастары басқармасымен тығыз ынтымақтастықта. Аукцион арқылы жер телімдерін беруде барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсат етіледі. Егер 2017 жылы кәсіпкерлер палатасына келіп түскен арыз-ша­ғымның 37%-і жерге қатысты болса, былтыр ол көрсеткіш 17%-ке азайған. Қазірде кәсіпкерлер бас жоспарға сай жаңа ықшамаудандардағы жер телімдері көрсетілуін сұрауда. Палата бұл ретте облыс орталығы және бұрынғы ескі аудандар бойынша бос жер учаскелері ғана көрсетілуіне назар аударуда. Ендігі кезекте қарқынды дамып келе жатқан, жаңадан құрылып жатқан аудандар бойынша бос жер учаскелері, олардың инфрақұрылымы, инженерлік жағдайы мен жоспарларын нақтыланған түрде көрсету жөнінде ұсыныстар керек.
Ауыл шаруашылығына арналған жерлер конкурстар шеңберінде беріледі. Олар жалпы ауданы 194 мың гектарды құрайтын 296 жер учаскесінде жүзеге асырылды. Онлайн-конкурс барлық конкурстардың 15%-ін құрайды. Ауылшаруашылық жерлерін Бөрлі, Қазталов және Тасқала аудандарының фермерлері онлайн режимінде алды.
Заңға сәйкес, конкурсқа жер телімін беруден бұрын жергілікті атқарушы орган жерге орналастыру жұмыстарын жүргізеді. Осыдан кейін жер учаскесі нақты аумағымен және бағалау құнымен конкурсқа қойылады. Үміткерлердің құжаттары электрондық түрде қабылданады, яғни өтініш беруші жергілікті атқарушы органға бармайды. Құжаттарды қабылдағаннан кейін оларды комиссия мүшелері қарап, байқау қо­ры­тындысы бойынша шешім қабыл­дайды.
Өткен жылы 27 мың заңды және жеке тұлға zem.kz порталынан қажетті ақпарат алған. Ал биыл аудан­­дардағы аукциондардың басым бөлігін электронды түрде өткізу жоспарланған. Бұл ретте ел бой­ынша барлық жер учаскелері туралы ақпаратты көрсететін ұлттық географиялық ақпараттық жүйе құру қарастырылуда. Сәйкесінше, об­лыстық жер қатынастары бас­қармасында картографиялық деректер базасын құру мақсатында аймақ геопорталының дамуы бойынша жұмыс басталмақ. Онда аумағын, мақсатын көрсетумен бос жер телімдері графикалық түрде ұсынылады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру