Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Қазақстан тауар айналымының өзекті буынына айнала ма?!

Физикада массасы үлкен дене өзіне массасы кішкене денені тартады деген түсінік бар. Бұл экономикалық географияға да тән құбылыс болса керек. Мәселен, Ресеймен жүздеген жылдар бойы бір мемлекетте болған тарихы бар Украинаның өзі Мәскеу ұсынатын Еуразиялық экономикалық одақ идеясына онша қызықпай, ақыры Еуропалық Одақ құрамына кіруге ынтығып отыр. Өйткені, ана жақтың жалпы экономикасының көлемі 18 триллион доллардан асады. Ал Ресейдікі – 1,5 триллион доллардың айналасында ғана.

Сол сияқты Қазақстан эконо­микасы қазірдің өзінде әлемде екінші орынды иемденетін Қытай экономи­касының игі әсеріне бейім­деле баста­ған сияқты. Әзірге бұл процестің қар­қынды дами бастауын тежеңкіреп отырған бір тарихи жайт қана бар. Бұл Қытай Халық Республикасының біздің елімізбен қаптарлас аудандарының кейінгі уақытта ғана шапшаң және қарқынды түрде дами бастағаны. Бірақ қазір ол процесс еселеп өрге басып келеді. Бұған мейлінше көп септігін тигізетін екі себеп бар.
Біріншіден, ҚХР басшылығы кейінгі уақытта елдің батыс бө­лігіндегі аудандарды дамытуға көп күш жұмылдырып жатыр. Бұл туралы «Батыс Қытайдың әлеуметтік және экономикалық атласы» («A Social and Economic Atlas of Western China», Compiled by Jin Fengjin and Qian Jinkai, China Intercontinental Press) деген жинақтың оқырмандарға арналған алғысөзін жазған Қытай Ғылым Академиясының акаде­мигі Чень Шупень былай дейді: «Батыс Қытайды дамыту – Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Мемлекеттік Ке­ңе­сінің жаңа ғасырға арнап дайын­даған стратегиялық бағдар­ламасы». Бұл стратегия қазір­дің өзінде қар­қынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
Иә, осы мемлекеттiң Еуропа және КСРО мен ТМД ауқымындағы байырғы түсiнiктерге негiзделген бiздiң санамызға таң көрiнетiн бiр ерекшелiгi осындай. Ондағы дамыған аймақтар батыста емес, шығыста орналасқан.
Ал мемлекеттiң қазба байлық­тары, ормандары мен гидроэнергетика ре­сурстарының басым бөлiгi дамуы жағынан кейiнде қалған болып есептелетiн батыс аймақтарда шо­ғырланған. Бiздiң елiмiз құрамынан кеше ғана шыққан, бұрынғы патша­лық Ресей мен кейiнгi КСРО ауқы­мында, аз ұлттардың басым бөлiгi шы­ғыс пен оңтүстiк жақта орна­ласқан болса, Қытайда ондайлар, ке­рi­сiнше, батыс пен солтүстiк жақта орна­лас­қан. Басқаша айтқанда, бәрi тура керi­сiнше.
Уақытында патшалық Ресей мен КСРО экономикалық даму барысын батыстан шығысқа қарай таратса, қазiр Қытай тап сондай үрдiстi шығыстан батысқа қарай қарқындата дамытып жатыр. Және де ҚХР үкiметiнiң «Батысты дамыту саясаты» деп аталатын бағдарламасы қамтитын Қытай Батысы дейтiн атау жалпылама кеңiстiктi емес, тура нақты географиялық және саяси-эко­номикалық аумақты бiлдi­редi.
Ол 12 провинциалдық бiрлiктен (яғни провинциядан және автоно­миялық ауданнан) тұрады. Олардың жалпы көлемi 6,86 млн. шаршы километрдi құрайды. Бұл дегенiңiз – бүкiл Қытай Халық Республикасы жерiнiң 71,45% немесе үштен екiден астамы. 2001 жылдың аяғына таман осыншама ғаламат кеңiстiкте 364,5 млн. адам тұрған. Бұл – КХР халқының 28,1%. Яғни үштен бiрiне де жетпейдi. Бұл – Қытай мемле­кетінің стратегиялық резерві.
Екіншіден, 2013 жылдан бері «Белдеу мен Жол» бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Оған тікелей қа­тысты Жібек жолы Экономикалық белдеуінің құрлықтық бағдарлама­сының кезінде еліміздің бас қала­сы Астанада жария етілгені кездей­соқ­тық емес.
Өйткені кең байтақ жері бар біздің республикамыз «Белдеу мен Жол» бастамасын жүзеге асыру жүйесінің шешуші буыны болып табылды. «Go West» деп аталатын және Батысқа қарай апаратын бағыт Қазақстанның үстімен өтеді. Қиыр Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия жақтан біздің еліміз арқылы Европаға және Орта Шығыс пен Таяу Шығысқа қарай жол ашылады.
Бұл бағытты қарқынды түрде игеру ісі жалғыз бір Қазақстанның ғана емес, Еуразияның құрылықтық тұйықтықта қамалған басқа да ел­дерінің экономилық дамуына игі әсерін тигізеді деп күтілуде.
Қазірдің өзінде біздің республикамыз арқылы Шығыстан Батысқа қарай жүк пойыздары ағылып қа­тынап жатыр. Және олардың саны барған сайын артқанның үстіне арта түспек. Қазақстанның осындай көлік дәліздерін дамыту арқылы кең ауқымды ынтымақтастық жасауға және басқа нарықтармен тікелей байланыс орнатуға мүдделі екені сөзсіз шындық болса керек.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру