Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Агросектор: үйлесімді дамудың үлгісі қайсы?

Елімізде аграрлық саланың бүгінгі әлеуеті 150 миллион адамды асырауға жетеді екен. Бұл тұста бар мәселе – біз оны қаншалықты игере алатындығымызда. Яғни, жақын болашақта «бұл саланы қаншалықты игере аламыз және кімдер игермек?» деген орынды сұрақ туындайды. Оны игерушілер немесе өндірушілердің тұлғаларын түгендеп, олардың даму әлеуеті мен мүмкіншіліктерін ғылыми тұрғыдан тұжырымдап, дамуларына барынша жол ашқанда ғана білеміз.

Бүгінде біз оларды бір тұлғалық қалыпқа салып, әлемдік стандарттарға сай «фермерлеп», даму жолдарын бір экономикалық концепцияға тоғытып тастадық. Сыртқы формалары бүтін, әлемдік модельдерге сай, ал ішкі формасы қанша уақыттан кейін өздігінен дамып, әлемдік өркениет деңгейіне көтеріледі?
Бұл ауылдық кәсіпкерлер әлеуметтік тобының экономикалық емес, ширек ғасыр ішкі нарықта «өз сөлінде өздері» қайнап жатқан әлеуметтік аспектідегі даму барысы. Өкінішке орай, агросаланың көп тұлғалы өндіруші күштерінің әлеуметтік аспектіде даму процестері немесе олардың нарықтық ортада бәсекеге қабілетін анықтайтын құндылықтары, қалыптасу, шыңдалу жолдары күні бүгінге ғылыми-теориялық тұрғыдан ресми түрде зерттеліп, зерделенбей келеді.
Ал аграрлық саланың өзге салалар­ға қарағанда басты ерекшелігі – әлеу­меттік аспектісі бар даму процестері эконо­микалық процестерге қарағанда еселенген баяу қарқынмен дамитындығы. Сондықтан агрореформаны қарқынды дамыту тактикасы – әлеуметтік аспектілерге қатысты процестерге стратегиялық басымдылық статусын бере отырып, оларды қарқынды дамыту. Бұл тактика агрореформаға бастау берген Елбасының стратегиялық концепциясының басты әрі негізгі ұстанымы екенін де ұмытпағанымыз абзал.
Еліміз ДСҰ-ға тұтынушы емес, өн­діруші статусында мүшелікке өтті. Бұл статустың өзектілігі, әсіресе агросала үшін әлем қауымдастығы алдында күн санап арта түспек. Сол себепті, ғылым – дамудың кілті болғандықтан, аталмыш проблема бірінші кезекте агрореформаны ғылыми-теориялық тұрғыдан жүргізуші экономист- ғалымдар үшін сын сағатын туындатып, оларға нар көтерер үлкен міндет жүктеп отыр.
Агросала өндіруші статусына жақын арада нарықтық мәнге ие болу үшін салада ұзақ жылдар ғылыми-теория­лық тұғырдан шешімі табылмай, қорда­ланып қалған дәуірлік өзгерістер сипатына ие көкейкесті проблемалардың түйінін тарқатып, шешімін табу керек. Ең өзектісі, әрі стратегиялық тұрғыда маңыздысы – агросала өндірушілерін немесе қазақстандық форматтағы төрт тұлғалы ауылдық кәсіпкерлер әлеу­мет­тік тобын (әлемде бір тұлғалы фер­мер­лік қозғалыс) қалыптастырып, қазақстандық агрокәсіпкерлік қозға­лысты (әлемде өркениетті фермерлік қозғалыс) жандандыру мәселесі.
Негізінде, бұл проблема Елбасы­ның кемеңгерлік саясаты аясында жүргізіліп жатқан аграрлық реформаның әлеуметтік платформасы, және агрореформаға бастау берген Сөрелік концепциясының стратегиялық мақсаты, нысанасы, құндылығы, әрі мәре сызығы. Нысанаға жету жолы әлеуметтік процесс болған­дықтан, оны жүзеге асыруды кезінде Елбасы Сөрелік концепциядағы үш – лездік, экономикалық, әлеуметтік реформаны әлеуметтік агрореформаға «еншілеп», әрі оған әлеуметтік-экономикалық даму тандемінде стратегиялық басымдылық статусын бергені де концепцияда көрсетілген: «Стратегиялық басымдылығы бар әлеуметтік реформаның мақсаты – агросала экономикасын көтеріп, дамытатын негізгі қозғаушы күштері мен локомотивтері: фермерлер, арендаторлар, ауыл шаруашылығы мамандары мен қарапайым ауыл тұрғындарынан тұратын ауылдық кәсіпкерлердің әлеуметтік тобын қысқа мерзімде қалыптастыру».
Өкінішке орай, әлеуметтік реформа объективті себептерге байланысты, дер кезінде стратегиялық контексте жүзеге асырудың ғылыми-теориялық базасы жасалмағандықтан, күні бүгінге дейін іске аспай келеді. Дегенмен, агрокеңістікте қазақстандық агрокәсіпкерлік қозғалыс баяу қарқынмен болса да қалыптасуда. Бұл фактор Елбасы ұстанып отырған агросаясаттың өміршеңдігінің іс жүзіндегі дәлелі. Негізінде, әлемдік өркениетті фермерлік қозғалыс та даму жолын осы статуспен бастағаны белгілі. Елімізде де осы тұлғадан дамып шыққан фермерлер нарыққа төзімділігімен, бейімділігімен, тұрақтылығымен, икемділігімен, іскерлі­гімен әрі мұрагерлігімен (фермерлік әкеден балаға өту) ерекшеленеді.
Екінші жағынан, бұл әлеуметтік топ – болашақ қазақстандық дәстүрлі фермерлік қозғалыстың ұстаханасы, тек процестің бұлақ көзін ресми әрі концептуалды түрде ашу қажет. Бұндай әрекетке әлеуметтік топтың өзге де кәсіпкер тұлғалары зәру, себебі олар да ашылмай тұрған бұлақ көздері. Демек, әлеуметтік аграрлық реформаны стратегиялық контексте жүзеге асырудың ғылыми-теориялық базасы жасалуы қажет. Бұл әрине, реформаның теориялық жүргізушілерінің еншісінде.
Ал, қазақстандық агрокәсіпкерлік қозғалыстың әлеуметтік моделіне тоқтал­сақ, ол әлемдік өркениетті фермерлік қозғалыс моделімен салыстырғанда, көп тұлғалы. Модель­дің әлемдік өркениетте, тәжірибеде не дайын үлгісі, не иек артар баламасы болмағандықтан, Елбасы Сөрелік концепцияны ауыл шаруашылығын қарқынды дамытудың баламасыз жолы деп атауы тегін емес екенін де ұғынатын уақыт келді.
Ендігі даму ДСҰ мен ЕАЭО аясында өтетіндіктен, еліміз үшін тағы да бір кезекті шынайы дәуірлік өзгеріс кезеңі басталып кетті. Сол себепті, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ғылыми-теориялық тұрғы­дан әлеуметтік агрореформаға стратегиялық басымдылық статусын ресми түрде қайтарып, оны іс жүзінде еселенген қарқынмен жүзеге асырудың ғылыми-теориялық базасын құру. Өйткені, тандемдік дамудағы экономикалық агрореформа ширек ғасыр басымдылықта дамығандықтан, өзінің стратегиялық миссиясын орындап, дамудың келесі кезеңіне жалғыз шығып тұр. Негізінде экономикалық агрореформаның миссиясы агросаланың экономикасын көтеріп, дамыту емес (әлеуметтік агрореформа ширек ғасыр тасада қалғандықтан тұжырым ерсі көрінетіні түсінікті), тиі­сінше агрореформаның материалдық- техникалық базасын (МТБ) қалыптастыру екенін Елбасы концепцияда конструктивті айшықтап берген. Сол себепті де, қазіргі таңда әлемдік озық агротехнологиялар мен негізгі өндіріс құралдарын қарқынды трансферттеу процесінің стратегиялық мақсаты – саланың экономикасын көтеріп дамыту емес, тиісінше агрореформаның материалдық-техникалық базасын қарқынды пәрменмен қуаттау, әлеуетін көтеру.
Яғни, агросаланың өзіндік даму ерек­шеліктері ескеріле отырып қарасты­рылған агрореформаның стратегиялық тактикасы бойынша екінші кезеңге тандемдегі қос реформа не қатар, не әлеуметтік реформа бірінші шығуы тиіс болатын. Тек сол кезде ғана өндіріс құралдары мен өндіріс күштері тандеміңде пазл немесе үйлесімділік бұзылмай, агрореформаның МТБ-сын өндірушілер шашау шығармай тиімді игеріп, агросала экономикасын көтеріп, дамытпақ. Проблема қазіргі таңда көкейкесті проблемалар санатында, яғни, агрореформаның МТБ-сы қалыптасқан, бірақ оны тиімді игеру аспектісі осалдау. (Трансферттік кезеңнен кейінгі даму процесі «Левшаның бүргені тағалау» тактикасын ұстануы керек, себебі трансферттік тәсілді қайталау дамудың әлсіздігін көрсетеді, әрі жан-жақты тиімсіз.) Бұл жер­де екі тандем жүйелі түрде іске қосылуы қажет.
Біріншісі, өндіріс құралдары мен өндіріс күші тандемі. Бұл тандем агросаланың қарқынды дамуда өзіндік ерекшелігіне байланысты. Салада негізгі өндіріс күштері табиғи объектілер болғандықтан, олардың моральдық жаңғыру процесі өндіріс барысында үзіліссіз жүретіндіктен, процесс өндіріс күштерінің біліктілігіне тура тәуелді. Кері жағдайда табиғи өндіріс құралдары баяу дамиды, не айналымнан ұзақ мерзімге, не біржола шығып қалады. Демек, басымдылық өндіріс күштерінде.
Екіншісі, ғылым мен өндіріс. Бұл тандем өндіріс қарқынын артыру үшін қажет. Басымдылық – ғылымда. Ғылым өндіріс драйвері боу үшін алдымен өзі қарқынды дамуы қажет.
Әлеуметтік агрореформа кезінде дә­уірлік өзгерістер тасқынының «байтал түгіл бас қайғы» болған өтпелі кезеңдерінде басымдылық статусынан айырылып, стратегиялық контексте сұранысқа ие болмай қалды. Бүгінгі таңда тандемдік дамудағы әлеуметтік деген ұғым ауылдық аумақтарды дамытатын әлеметтік-мәдени реформамен астарласып кеткен. Бұл фактор, әрине дүлейлетіп өткен дәуірлік өзгерістердің агросаладан алған өзіндік объективті өтемдерінің бірі.
Өтемнің құны мен парқы қандай болатынын Елбасы өз кезегінде сан рет сараптап та берді. Оны тарих қойнауынан да, еліміздің жүріп өткен даму жолынан да көріп, бағалауға болады, әрі оны қысқа да нұсқа түрде Конфуций ілімі де тұжырымдайды: «Егер жауыңа жамандық тілегің келсе – дәуірлік өзгерістер кезеңінде өмір сүр деп тіле». Демек, дәуірлік өзгерістің өтем құны жаугершіліктен де алапат болғаны. Сол себебті де, құдіреті күшті алып держава КСРО да олардың жойқын соққыларына төтеп бере алмады.
Бір ерекшелігі, бұл аспектіде агросала ел экономикасының өзге салаларына қарағанда екі еседей артық алапат еншілегенін атап өткен де маңызды. Сол себепті де, агросаланың ДСҰ аясында даму мәселесі реформа оппоненттері, сарапшылары, сыншылары, зерттеушілері мен жүргізүшілері арасында әлі күнге май шаммен толассыз қаралады. ЕАЭО- да үлкен пікірталас тудырды. Агросала ДСҰ аясында дамуда ел экономикасының ең осал секторы деп те сарапталынды. Бірақ, стратегиялық бағыты, концепциясы айқын болса да, саланың даму жолы, болашағы конструктивті түрде күні бүгінге дейін түйінделмей келеді. Тек бәсекелестік ортада ғана дамитын еркін өндіріс пен еркін сауда қатынасына көшкендіктен, әрі пайданың 90%-дайы саудадан түсетінін ескерсек, жылына бір-ақ рет табыс әкелетін агросала сыртқы ортаға шықпаса көсегесі көгермейтіні айдан анық.
Агросалада тамыры тармақталып те­реңде жатқан, бірақ күні бүгінге алдымен ғылыми-теориялық тұрғыдан анықталып, түйіні тарқатылып, шешімі табылмай тұрған өзекті проблемалар бар. Оның концептуалды дәлелі – Елбасының агрореформаны ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеуші ғалымдарға: «Ауылға барып тұрыңдар, зерттеулеріңді ауылда тұрып жүргізіңдер» деген стратегиялық маңызы өте зор үндеуі.
Кез келген даму процесінің ішкі және сыртқы формасы, мазмұны, ортасы және өзге де тандемдік қаты­настағы даму құндылықтары мен аспектілері болатыны, әрі дамудың қарқынды жолына түскенде тандемдік сәйкестік пен үйлесімділік факторы шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Стратегиялық үйлесімділікке тандемдегі басымдылықты дұрыс анықтау арқылы ғана шыға аламыз. Себебі, басымдылықтың страте­гиялық миссиясы – дами отырып, өзгені дамыту. Кері жағдайда өзі ғана дамиды. Мысалы, қазіргі таңдағы агроөндіріс ошақтары мен құрылымдардың сыртқы формасы сырт көзге әлемдік өркениетке, стандарттарға сай көріністе, яғни, дамыған, «сырты бүтін», бірақ олар кооперацияға, интеграцияға өздігінен көше алмай отыр, себебі ішкі орта дамымаған, зерттеліп игерілмеген, демек, басымдылық сыртқы формаға берілген.
Егер басымдылық тандемде сыртқы формаға берілсе – дамудың негізгі мақсаты өндіріс ошақтарын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай шексіз туындата отырып, құрылымдардың сыртқы формасын әрлеп, безендірумен ғана шектелмек. Саннан сапаға өту процесі стратегиялық уақыт факторы тұрғысынан созылмалы сипатқа көшеді, себебі, ішкі форманың дамуы әлеуметтік процесс. Бұл фактор да қазіргі таңның өзекті проблемасына айналған. Ал уақыт факторы реформаның басты стратегиялық құндылығы екені белгілі.
Егер басымдылық ішкі формаға өтсе, онда агрореформаның мақсаты, бағыты мен бағдарламасы нарықтық жолмен конструктивті өзгеріске түседі. Себебі, негізінде тауарды өндіретін өндіріс ошақтары мен құрылымдары емес, олар­дың ішкі өндірістік күштері. Тауардың сапасы, бәсекелестік қабілеті ауыл­дық кәсіпкерлердің әлеуметтік тобының немесе өндірістік күштердің кәсіпкерлік біліктілігіне тәуелді.
Демек, агросала экономикасын кө­теріп, дамыту үшін өндіріс орын­дарының ішкі құндылықтарын, ішкі формасын қалыптастырып, жетілдіріп алу қажет. Оны зерттеудің өзіндік ортасы мен тәсілдері болатындықтан, Елбасы олардың да конструктивті жолын көрсетіп берді. Ол орта әрине, алтын бесік – ауыл.
Тек ауылда ғана дамудың ішкі форма­сының барлық тетіктерін, проблемаларын көзбен көріп қана қоймай, қолмен ұстауға, тіпті процес­терді өзіңнен өткізуге дейін мүмкін­шілік туындайды әрі әрбір зерттеулер концептуалды да конструктивті болмақ. Елбасының көрегенділікпен жолдаған үндеуінің стратегиялық тактикасы да осында жатыр.
Агросаланың жаңа кезеңде дамуы­ның немесе сыртқы және ішкі нарықты орта тандемінде басымдылықты дұрыс анықтап, тандемдік үйлесімділікті сақтай отырып, тұрақты үдемелі қарқынмен даму процестерінің негізгі салмағы мен ауыртпашылығы бірінші кезекте тағы да реформаның теориялық жүргізушілеріне түсіп тұрғанын сезінбеу мүмкін емес. Себебі, теория мен тәжірибе егіз әрі тандем. Басымдылық теорияда, өйткені теориясыз тәжірибе – cоқыр.
Ал, нарықтық тандемде басым­дылық ішкі нарықта. Ішкі нарық біреу, әрі шағын, шектеулі, сыймдылығы төмен болғандықтан, бәсекелестік сыртқы нарықтан да жоғары деңгейде. Бәсе­ке­леспен бетпе-бет кездесесің, не шегіне, не айналып өте алмайсың, тек «жайпап» өтуге мәжбүрсің. Бұл ішкі нарықта импортты ығыстырудың жалғыз төте жолы. Егер тандемде сыртқы нарыққа басымдылықты беріп қойсақ, бұл фактор керісінше, агросаланың даму деңгейінің төмендігін, бәсекеге қаблетсіздігімізді айғақтайды. Сондықтан да ДСҰ-дан ширек ғасыр бекер үрейлендік. «Іштен шыққан жау жаман», дейді халқымыз. Ал, импорт іштен шыққан бәсекелес. Импорт ішкі нарықта маркетингтік коммуникацияларымен тармақталып, тамырланып алған.
Сыртқы нарық болса кең, шексіз әрі түпсіз, сұраныс та көп. Онда бәсекелес­теріңді айналып та, орап та, керек болса «жайпап» та өтіп, кез-келген тауар мен қызметіңді өткізіп, орналастыра аласың.
Негізінде агрореформаның әлеуметтік аспектісі бар даму процестерінің ерекшілігі не трансферттеуге, не қаржыға «тізе салып» шешуге, не нарықтың «иығына» іле салуға келмейді. Әрине, нарық бәрін реттеп, өз орнына қояры анық. Сондықтан да, кейбір акуталды әлеуметтік проблемалар мен процестер шешімін арқаны кеңге салып ширек ғасыр бойы нарыққа жүктеп те келеміз, немесе нарықты «дәріптеу синдромына» бой алдырдық. Егер Елбасы айтқандай, зерттеу векторын микро-ортаға бұрмасақ, «нарекең» реформаның әлеуметтік мәселелерін шешіп беруге аз-кем 60-70 жылды талап етпек. Ал, бұл фактор елімізде Елбасының кемен­гер­лікпен жүргізіп отырған үш векторлы агро­саясатының стратегиялық уақыт факторымен үйлеспесі айқын.
Елбасының отандық реформа зерттеу­шілеріне жолдаған үндеуінің стратегиялық астарына концептуалды көз жеткізу үшін жоқ дегенде төмендегі төрт сұрақтың конструктивті жауабын тапсақ жеткілікті.
Біріншісі: Елімізде жүргізіліп жатқан агрореформаның стратегиялық статусы қандай? Ауқымды экономикалық реформа ма немесе саяси, экономикалық және әлеуметтік (үш векторлы) аспектілерді қамтитын дәуірлік өзгерістер, яғни іргелі реформа ма?
Екіншісі: Еліміз ДСҰ-ға тауар өндіруші санатында енгендіктен, ауылда агросала экономикасын көтеріп, дамытатын негізгі қозғушы күштері мен локомотивтері – кәсіпкерлердің әлеуметтік тобы қалыптасты ма? Егер қалыптасса, Елбасы реформа таңында-ақ анықтап бергендей төрт тұлғалы ма, әлде әлемдік өркениетті фермерлік қозғалыстағыдай дара тұлға ма?
Үшіншісі: Реформа басталғалы, ауылда кәсіпкерлердің кооперациясын жаппай туындатудың кезекті үшінші толқынының да белгіленген стратегиялық межеге жете алмау себебі экономикалық па, әлде әлеуметтік фактор ма?
Төртіншісі: Қазақстандық даму агромо­делінің концепциясы агрореформаға бастау берген Сөрелік концепцияның қай реформасына позицияланған? Сөрелік кон­цепцияға ширек ғасыр, оның мәре сызы­ғын қидық па?
Агрореформаның стратегиялық статусы, шын мәнінде, бірнеше дәуірлік өзгерістерді қамтитын ауқымды, кешенді және іргелі реформа. Себебі, агросалада қоғамдық-экономикалық формацияны өзгертті. Агроөндіріс кешенін жоспарлы өндірістен, экономикадан бірден өркениетті еркін өндіріс пен саудаға, нарықтық қатынас пен ортаға олардың даму жолының «жабайы сатысын» аттап өтіп көшірді. Бастауын «жабайы капитализмнен» алған, үш жүз жылдық баламалы даму тарихы бар әлемдік өркениетті фермерлік қозғалыс пен кооперациясының жүріп өткен жолын уақыт факторы тұрғысынан тарихи қысқа кезеңде баламасыз жолмен өту стратегиясын қолға алды.
Бұл даму жолы да дәуірлік өзгеріс, әрі стратегиялық мағынасы – агросекторды еліміздің әлеуметтік даму үлгісін, яғни қала мен ауыл тұрғындарының берілген таңдағы сандық қатынасын сақтай отырып қарқынды дамыту. Ал бұл тактиканың трансферттеуге дайын үлгісі, жолы не баламасы әлемдік тәжірбиеде жоқтың қасы. Шетелдік сарапшылар болса, еліміздің агросаласын қарқынды дамыту үшін өркениеті дамыған елдердің әлеуметтік даму үлгісін ұсынуда. Яғни, ауылдық жерлерде халқымыздың 5%-дайы ғана шоғырлануы тиіс. Әрине, бұл модельге еліміз объективті себептерге байланысты жақын болашақта қол жеткізе алмайды.
Негізінде, қазіргі таңда агросаланы дамытудың бес модельдік үлгісі бар:
1-2. Өркениеті дамыған елдердің әлеметтік даму үлгісі, немесе трансферттік үлгі. Ауыл тұрғындарының 6 миллионынан астамын қалаға көшіру, не қала тұрғындарының санын 120-130 миллионға жеткізу (орындалмайтын үлгілер).
3. Қаржыны «тізеге салу» немесе ауыл­дық кәсіпкерлердің әлеуметтік тобын толықтай қаржымен қамту. Алайда, бұл үлгі кәсіпкерлер үшін де, мемлекет үшін де орындалмайтын миссия. Ол үшін мемлекеттің жылдық бюджетін толықтай жұмсау қажет. Миссия орындалған жағ­дай­дың өзінде де жұмсалған қаржының 70-80%-дайы тиімсіз игеріледі.
4. Дамудың баламалы жолы. Үш ға­сырлық даму тарихы бар әлемдік өрке­ниетті фермерлік қозғалыстың даму жолын қайталау немесе «нарықты дәріптеу» синдромы. Әрине, дамуға үш ғасыр қажет болмаса да, бір ғасырды қамтитыны анық.
5. Елбасы реформа таңынан ұстанып келе жатқан, дамудың альтернативсіз немесе баламасыз қарқынды жолы.
Бұл модельдің баламасы әлемдік тәжи­рбиеде жоқ болғандықтан, бірінші кезек­те отандық экономист-зерттеуші ғалым­дарымызға халық және әлемдік қауым­дастық алдында нардың жүгі артылып отыр.
Әрине, сұақтардың жауабы концептуалды, ауқымды әрі кешенді, және оларды тек микро-ортада, немесе ауылда жүргізілетін іргелі және қолданбалы әлеуметтік-экономикалық тандемдегі зерттеулер ғана түйіндей алады. Бірақ, сонда да бұл сұрақтар ешкімді, әсіресе экономист-зерттеуші ғалымдарымызды бей-жай қалдырмасы анық.

Мыңайдар ҚОЙБАҒАРОВ,
экономист,
Алматы облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру