Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

«Болашақ» – жастарға арналған «әлеуметтік лифт» механизмі

Өткен 2018 жылдың аяғында болып өткен Шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысының шешімімен басым мамандықтардың 2019 жылғы тізбесі бекітілген болатын. Ол, естеріңізге сала кетейік, 155 мамандықтан тұрады. Сол шара ауқымында «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында тағлымдамадан өту үшін белгіленген санаттар анықталды. 2019 жылға қатысты түрде 555 стипендия бекітілді.

Осымен қатар аталмыш отырыс барысында стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағлымдамадан өтуге жіберілетін 71 үміткерге тағайын­далды.
Сонымен, «Болашақ» стипендиясына қалайша ие болуға болады? Бұл үшін ең алдымен талаптанушы жақсы оқу нәтижелерін көрсетуге тиісті. «Болашақ» сти­пендиясының университетке тү­семін деушіге ғана емес, жоғары білімі бар бола тұрып, оқуын одан әрі жалғастыруды қалайтындарға да берілуі мүмкін. Тек белгілі бір талаптарға сай болсаң болды.
Талапкер (абитуриент) үшін басты талап ҰБТ тексерісінің нә­ти­жесіне негізделген. Басқаша айтқанда, оның өте жоғары болуы қажет.
Ал егер қазақстандық университетте оқып жатқан студент білімін шетелде жалғастырғысы келсе, «Болашақ» стипендиясын алуға талаптану үшін оның оқуының орташа балы 4,5-тен кем болмауға тиіс.
Оның үстіне ондай абитуриент те, студент те қажетті шет тілін сол шетелдегі барамын деген университеті қоятын талап деңгейінде білетінін тиісті құжат негізінде дәлелдеуге жарайтын болуы керек.
Тағы қатаң шарт: «Болашақ» стипендиясын алуға талаптанушы­лар­дың барлығы да қазақ тілін білуге тиіс. Өйткені мемлекеттің бұл бағдарлама бойынша азаматтарын шетелде оқытуға ақша бөлгендегі басты мақсаты – өзіне қажетті мамандарды дайындауға жағдай жасау. «Бола­шақтың» стипендиаттары оқуын бітіріп, дипломын алған соң, отанына оралып, осында қызмет істеуге тиіс. Ал бұндағы жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оны білмей, отаныңның алдында азаматтық борышыңды тиісінше атқару қиын. Тіпті мүмкін емес десе де болады. Бұрындары, мәселен, «Болашақ» стипендиясына қазақ тілін білмей-ақ ие болу, сосын шетелде оқуын бітірген соң, сол жақта біржола қалып қою жайттері болған.
Қазір бұндайға енді жол бермеу мақсатында шарттар қатайтылған. Тағы да бір кейінгі кезде енгі­зілген жаңалық мамандықты таңдауға байланысты. Ендігі жерде «Болашақ» стипендия­сын алуға талаптанушы бұны толықтай өз бетінше істей алмайды. Өйткені ол сол маман­дықты жалпы емес, тек ресми тізімнің ішінен қарап, таңдап алуға тиісті. Ондағы мамандықтардың бүгінгі күнгі саны көптеп саналады. Негізінен олар техникалық және медициналық салаларға байланысты. «Болашақ» бағдарламасына арналған мамандықтар тізімі ел қажеті мен мұқтажына сай жасалады және толықтырылады.
2008 жылдан бастап елді мекендерде білім деңгейін арттыру («ауыл жастары» санаты енгізілген), мемлекеттік аппаратты реформалау («мемлекеттік қызметшілер» санаты енгізілді) және елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту («магистратураға ғылыми-педагог қызметкер» және «тағылымдамаға ғылыми қызметкер» санаттары енгі­зілді) мақсатында бағдарламаға қа­тыс­ты қолжетімділік ауқымы біраз кеңейтілген.
2014 жылдан бастап үміт­керлерді іріктеу сапасын арттыру үшін шетел (IELTS 3,0-тен IELTS 4,0-ке) және мемлекеттік (75 баллдан 85 баллға) тілдерді білудің ең аз бастапқы деңгейі біршама жоғарылатылды. Times Higher Education, QS және Academic Ranking of World Uni­versities халықаралық рей­тингілеріндегі алғашқы 200 орындағы, ұлттық рейтингілердегі алғашқы 30 орындағы және THE 100 under 50 және QS50 under 50 рейтингілердегі оқу үшін ұсынылған шетелдік жоғары оқу орындарына қатысты қойылатын талаптар қатаңдатылды, магистратура бағдарламасы үшін мәдениет және БАҚ қызметкерлерінің жаңа санаттары енгізілді.
2015 жылдан бастап ағылшын тілін Қазақстанда оқыту ісінің мақсатына негізделген «6+6» тілдік даярлаудың жаңа моделі іске қосылды, магистратура және докторантура бағдарламаларына деген қолжетімділік кеңейтілді, Split-PhD деп аталатын индустриаландыру үшін кадрлар даярлаудың жаңа жүйесі енгізілді.
Енді стипендиаттарды іріктеп алу жұмысының ерекшеліктеріне келейік. Ол алты турдан тұрады.
Бірінші тур: уәждемелік пен ұсыну хаттарын бағалау. Екінші тур: шет тілін білу деңгейін айқындау. Үшінші тур: мемлекеттік тілді білу деңгейін айқындау. Төртінші тур: кешенді тестілеу. Бесінші тур: тәуелсіз сараптамалық комиссиямен әңгі­мелесу. Алтыншы тур: шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында үміткерлердің кандидатураларын қарастыру және олардың ішінен «Болашақ» стипендиясына лайықтыларын іріктеп алу.
«Болашақ» стипендиясына ие болған әрбір адам оны оқуға жіберуші тараппен, яғни «Халықаралық бағ­дарламалар орталығы» акционерлік қоға­мымен оқу процесін қалайша ұйымдастыру турасында шартқа отыруға тиіс. Бұл не үшін керек? Бұл стипендиаттың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін қажет. Мемлекеттің бұл талабы мейлінше орынды. Өйткені оның сол стипендиатты оқытуға шығаратын ақшасы аз емес. Оның мемлекетке қайтарымы болуы тиіс. Бұл жердегі «қайтарым» түсінігі ақшалай емес, еңбекпен қайтару дегенді білдіреді. Стипендиат оқуын бітірген соң, отанына оралып, осында міндетті түрде үш/бес жыл қызмет істеуге тиіс.
Оның үстіне әрбір «Болашақ» сти­пендиаты кеплідікке мүлік қою туралы келісімшарт жасасуға тиісті. Негізінен кепілдікке жылжымайтын мүлік қойылады. Кепілдікті сти­пендиаттың өзі, болмаса ата-анасы не туысқандары бере алады. Егер ке­пілдікке қойылған мүліктің құны оқу шығынын жабуға жетпейтіндей болса, сол ата-анасы не басқа да адамдар тарапынан стипендиатқа қатысты түрде қосымша жауапкершілік алу туралы келісімшартқа отыру қажет болады.
Мемлекеттің бақылауы осымен шектелмейді. Ол өзі шетелге оқуға жіберген адамдардың білім алуы барысын үнемі қадағалап, назарда ұстап отырады. Стипендиат семестр не оқу жылы аяғында тапсырған емтихандары туралы мәлімет беріп тұруға тиісті. Егер оның оқуы нашар болса, келесі жылға ақшаның берілмеуі де мүмкін. Егер стипендиат республикалық комиссия санасуға тұрарлық деп таппаған себептермен оқуын тастап кетсе не мойнына алған міндеттерді орындамаса, ол оған кеткен бүкіл шығынды қайтаруға тиісті.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құ­рылған.
Содан бері өткен уақыт ішінде 12 мыңнан астам Қазақстан азаматы халықаралық «Болашақ» стипендиясына қол жеткізіп, шетелде жоғары дәрежелі және өте сапалы білім алу мәртебесіне ие болған екен.

Сара Аманқосқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру