Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Автомобиль инженері

Рухани жаңғыру – халықтың рухын түлету, тарихи жадын қалпына келтіру. Өткенсіз бүгін жоқ, ертеңсіз ел болмақ емес. Ел тарихын оның сайдың тасындай ерлері жазады. Сол тарихты келешек ұрпаққа аманат ету, жадында жаңғырту – аға ұрпақ біздің борышымыз, парасатты парызымыз. Ауыздығымен алысқан тұлпар – егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған оғлан-ердің қанаты, арқалы ақын мен төкпе күйшінің, жампоз жыршының буырқанған шабытының пырағы болған қасиетті түлік. Қазақ өзге жұрт әудем жерді алыс санаған, қора-қопсының маңынан ұзап шықпаған адамзаттың елең-алаң шағында жарты әлемді нақ осы тұлпардың тұяғымен, қазанаттың қуатымен бағындырып, талай құрылықты, тау мен тасты, шөл мен шөлейтті көктей өткен, таптай өткен. Нақ осы тұлпардың жалында дүние есігін ашқан қазақ жадымызда елесі де қалмаған сонау есте жоқ қадым заманнан бүгінгі күнге ашамайлы ерден түспей, үзеңгіден босамай аяқ іліктірді емес пе?!

Өркениеттің дамуы жер тар­пыған тұлпарды айшылық алыс жер­лерден алқынбай асатын жаңа дәуір көлігі – автомобильмен алмас­тырды.
Ендігі әңгіме – бүгінгінің тілге тиек етіліп отырған тұлпары – авто­мо­бильді тізгіндеп, ерттеп мінген ардақты азамат, аяу­лы ағайын, асқар таудай ата, білікті инженер Ораз Хасенов хақында. Орекең-қазақ­тың тұңғыш авто­мо­биль мамандарының бірі. Халқымызға орны толмас зардаптар әкелген отызыншы жыл­дардың ойраңынан кейін күзгі селеудей селдіреп қалған, қамкөңіл елдің болашаққа жүктеген аманатын арқалаған ат төбеліндей ұрпақтың өкілі. Киелі Торғай жерінде өмірге келген ол балаң шағында тағдырдың жазуымен Жамбылға, бүгінгі Таразға қоныс аударады. Осында орта мектепті үздік бағамен тәмамдайды. «Ал­дымда – толған мақсат, толған таңдау, алайын анасын ба, мынасын ба?» деп ұлы Сұлтанмахмұт жырлағандай, арманшыл бозбала Ораздың алдында талай таңдау тұрды. Мектепте жаратылыстану пәндерін өте жақсы оқыған ол инженерлік мамандықты игеру жөнінде шешімге келді. Жігерлі жастың ойға алғаны орындалып, сонау Украинадан бір-ақ шықты. Құрылғанына онша көп уақыт бола қоймаған Киев автомобиль жолдары институтында сол кездегі одақтас республикалардың халық шаруашылығы үшін көлік индустриясына инженер мамандар даярланатын. Орекеңмен қатарлас қазақтың бірқатар қыз-жігіттері білім алды. Тумысынан алғыр, орыс тілін жетік меңгерген ол жерлестеріне әрдайым қол ұшын созып, көмектесуден жалық­пай­тын. Киевтің өзге жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың басын қосып, мәдени-көпшілік шаралар, спорт жарыстарын өткізуге мұрындық болып жүретін. Сөйтіп, қиындығы мен қызығы мол бес жыл да зу етіп өте шықты. Алғашында биік емен есікті имене ашқан ол оқу ордасында білімі мен білігінің, қарым-қабілетінің арқасында абырой-бедел жинақтап, ұстаздарымен қимай қоштасты да, жолдамамен Қазақстанның сол кездегі астанасы – Алматыға жол тартты.
Инженер Ораз Хасенов қоғам­дық тірлікке араласқан алпы­сын­шы жылдары Кеңестер одағында Косыгиннің экономикалық реформасы жүріп жатқан. Ел айтқыштары «Маленов берген байталды, Хрущев келіп қайта алды, Айналайын Косыгин, байталымды қайтарды» деп, әзіл шумақтар тарататыны осы тұс. Сонымен, шаруашылық жүйесі қайта құрылып, жаңа салалар пайда бола бастады. Солардың бірі автомобиль шаруашылығына қатысты болды. Жүк тасымалы мен жолаушылар тасымалы өз алдына дербестік алды, автопарктер ашылды. Қалаларда автобус және такси кәсіпорындары құрылды. Ораз Хасенов сол кездері жаңадан ұйымдастырылып жатқан №4 таксопаркке жас маман болып келіп, кейіннен оның бас инженері болды, осы кәсіпорынның тізгінін ұстады. Таксопарк қаладағы маң­дайалды көлік мекемелерінің сапынан орын алды. Оның толайым табысына басшы есебінде Орекең қосқан үлес зор болатын. Еңбегі еленіп, мақтау естіді, талай марапат-мадақтарға ие болды, төсіне мемлекеттік наградалар қадады. Бейне-портреті қала­ның «Құрмет тақтасынан» түспеді.
Алматы оның тағдырындағы талайлы қала болды, осында жүріп шаңырақ көтерді, балалы-шағалы болды, төңірегіне жолдас-жоралары мен ағайын-туысын жинады. Тараздың аппақ аруы Әспетпен көңілі жарасып, болашаққа жа­саған қадамдары бақытты болды. Жарасымды, тату-тәтті тірлік кешті. Әспет С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірді, осы оқу орнында ұзақ жыл жұмыс істеді. Аналарын қолына алып, мәпелеп бағып-қақты, арулап аттандырды. Ораздың туған апасы, қазақ тілінің маманы Күләнда да Алматыда тұратын, өмір көрген ол ақыл-кеңесін жас отаудан аямайтын. Әспет өзінің іні-сіңлілерінің жоғары оқу орнына түсуіне, қалаға үйренісіп, үлкен өмірге қадам басуына көп көмек көрсетті. Үйелмелі-сүйелмелі қос құлыны Нұрлан мен Ерлан өмірге келіп, оңды-солдарын тани бастағанда, Әспет өзі мұрындық болып, енесі мен Орекеңді, балаларын ертіп, Торғайға барды, аруақтарғы құран бағыштап, тірілерге сәлем жасады.
Ол кезде жаспыз, ара-тұра тиген демалыс кездері Алматыға жол түскенде бет бұратынымыз Орекең мен Әспеттің үйі болатын. Олар заманында екінің бірінің қолы жете бермеген зәулім кірпіш үйде тұрды. Осы үйде талай-талай қызықты сәттеріміз өтті, көшелі кісілермен кездесіп, ғибратты әңгімелер естідік. Осы шаңырақтан Ораз бен Әспеттің бауырлары түлеп ұшты. Елімізге белгілі азаматтар, ағайын-туыстарымыз Әнуар Байжұманов, Сабырбек Самыратов, Жұмақан Оразбеков жұбайларымен бірге осы шаңырақтың төрінен табылатын. Әспеттің опера әншілерімен таласатындай әсем дауысы күні бүгінге дейін құлағымда.
Ғылымға талабы, таланты бар Әспет өзінің саналы ғұмырын Оре­кеңнің күтіміне, балаларының тәр­биесіне арнады. Орекеңнің айналасына ағайын-туыс жинады, достарымен жарты құртты бөліп жесті. Мәдениетті жұрттардың үлгісіне орай Әспет қос құлынының терең білім алуына, адал, саналы азамат болып өсулеріне көп көңіл бөлді. Қолдарынан жетелеп спорт мектебіне, үйірмелерге апарды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Мектепте, жоғары оқу орнында оқып жүргенде Ерлан су добынан еліміздің құрама командасында өнер көрсетті. Нұрлан болса спортпен қоса көркем сурет өнерімен әуестенді. Тоқсаныншы жылдардың басында екеуі Америка Құрама Штаттарына спорт жарысына қатысып келгендері бар. Олар, жаңылыспасам, қазақтың жасөспірім балаларының ішінде атышулы Америкаға алғаш аяқ іліктіргендірдің қатарынан орын алатын болар.
Қанаттыға қақтырмай, тұм­сық­тыға шоқтырмай өсірген пер­зенттері ата-ана сенімін ақтай білді. Нұрлан бүгінде білдей бір сәулетші, дизайн маманы, үйлі-баранды. Ал, Ерлан болса, жастығына қарамай, қаржы саласында талай-талай мәртебелі қызметтің тізгінін ұстады, қалалық, облыстық басқармаларды басқарып келеді. Мың жылдық құда-құдағилары Толыбай мен Ұлжан имандылық жолындағы абзал жандар. Өнегелі, текті отбасылардан шыққан ке­ліндері Люда мен Алмагүл ата-ененің өсиетіне сай тірлік кешуде. Немерелері Дана, Дастан мен Жасұлан, Әмірлан оқу озаттары, әулет мақтаныштары.
Орекең мен Әспеттің өнегелі өміріне көз жібергенімде, ойыма ұлы Абайдың «Өлді деуге бола, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған» деген өлең жолдары оралады. Иә, мәнді де мағыналы ғұмырында соңынан жарқын із қалдырып, салиқалы, сәнді тірлік кешкен аяулы азаматтың мәңгілік, екінші ғұмыры басталды. Сара жолы тірлікте жалғасын тауып жатқан бауырымның мүбарак бейнесі, өнегелі істері жадымда жаңғырып тұр.
Рухани жаңғырумен астасып жатқан ел тарихына, ер өміріне қатысты осынау үзік сырымды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз алдында өзіңмен бөлісіп отырмын, құрметті оқырман.

Кәрімжан БЕКБОЛАТҰЛЫ,
еңбек ардагері


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру