Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Мұнай саласындағы төлемдер артқан

Ақпан айында Ұлттық қор шығыстарының едәуір өскеніне және доллардың теңгеге қарағанда әлсірегеніне де қарамастан қорда жинақталған қаржының мөлшері ұлттық валютадағы есептеулерде әжептәуір артқан.

Қаржы министрлігінің мәлі­меттеріне сәйкес, ақпанда қордың ақшасы 1,2%-ға 25 трлн 539,8 млрд теңгеге дейін, абсолюттік түрде – 298,2 млрд теңгеге артқан. 2019 жылдың басымен салыстырғанда өсім азырақ – 153,4 млрд теңге. Бұл Ұлттық қордағы қаржының қаңтарда 0,6%-ға немесе 144,8 млрд теңгеге азайғанын аңғартады. Жылдық көрінісінде, яғни, 2018 жыл­дың 1 наурызындағы мәлімет­терге сәйкес, едәуір өсім – 11%-ға жуық – ұлғайған.

Жағымсыз  жайттар қандай?

Ұлттық қордың активтерінің негізгі бөлігі шетелдік валю­та­лардың активтеріне инвестиция­ланады. Бұл оның қаржыларының теңге­лік баламасының серпініне, нәти­жесінде бағамдық айырма­шылық қалыптасатын, айырбас бағамының ауытқуы әсер етеді деген сөз.
Өткен айда доллар KASE-де 1 ақпандағы таңертеңгі сессияның қорытындысы бойынша 381,35 теңгелік орташа сараланған дең­гей­ден 28 ақпанда 375,56 теңге­ге дейін немесе 1,5%-ға арзан­дап кеткен. Қордың шығын­дары ақпанда 1,6 есе 430,6 млрд теңгеге дейін өскен, әйтсе де жыл­дық есеп­теуде 8,5%-ға төмендеу орын алған.
Бұл ретте Ұлттық қордан рес­пуб­ликалық бюджетке кепілдік берілген трансферттер шешуші рөл атқарған. Оларды аудару мөлшері 1,6 есеге 430,0 млрд теңгеге дейін артқан. Қор қаражатын басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті өткізуге байланысты шығындар да айтарлықтай – 2,3 есе 0,6 млрд теңгеге дейін өскен.
Дегенмен де, мұндай жағымсыз факторларды қорға түсімдердің күрт артуы жауып отыр. Ақпанда олардың көлемі 5,1 есе 584 млрд теңгеге жуық ұлғайып, абсолюттік шегінде 468,6 млрд теңгеге ша­рықтап шыққан! Жылдық есеп­теуде де едәуір көлемді өсім – 53,5% қалыптасқан.

Өсім неден құралады?

Осыншама қомақты статисти­калық жағымды жайттардың негізгі көзі – мұнай саласындағы (жергілікті бюджеттерге аудары­латындарын шегеріп тастағанда) ұйымдардан аударылған – тікелей салықтардың түсімдері болып отыр. Олардың мөлшері қыстың соңғы айында 5,2 есе 569,2 млрд теңгеге дейін өскен.
Сонымен қатар корпоративтік табыс салығының түсімдері 2,1 есе 222,8 млрд теңгеге дейін, пайда­лы қазбалар өндіруге салық 28,7 есе 63,2 млрд теңгеге дейін, экспортқа рента салығы – 32,7 есе 71,9 млрд теңгеге дейін, келісім жасалған шарттар бойынша өнімдерді бөлу жөніндегі Қазақ­стан­ның үлесі – тіпті 1 212 есе 186,6 млрд теңгеге дейін артқан!

Мұнай секторындағы ұйымдардан өнімді бөлу туралы келісім бойынша қызмет атқаратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері бойынша да айтарлықтай үстеме құралып отыр. Бұл бап бойынша түсімдер 2 471,3 есе 24,7 млрд теңгеге дейін артқан. Осыншама таңқаларлықтай статистикадан ерекшелік тек мыналарда ғана байқалады:
• қаңтардағы 0,03 млрд теңге деңгейінде қалған үстеме пайдаға салынатын салық;
• өткен айдағы 0,05 млрд теңге жағымды көрсеткішті 1 наурызға минус 0,07 млрд теңге жағымсызға ауысқан бонустар.
• Әжептәуір жағымды серпін мұнай секторында (жергілікті бюджеттерге аударылатындарын шегеріп тастағанда) қызмет жасайтын ұйымдардың операцияларынан түсетін басқа да түсімдер бойынша қалыптасты – бұлар 4,6 есе 6,9 млрд теңгеге дейін артқан. Ақпанда республикалық меншікті жекешелендіруден де түсімдер айтарлықтай – 1,7 есе 7,7 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жер телімдерін сатудан – 2,2 есе 0,07 млрд теңгеге дейін өскен.

Қор ақшалары қайда жұмсалмақ?

Нақтырақ айтар болсақ, «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен съезінде Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық қордан 2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға 1 трлн 350 млрд теңге бөлуді тапсырды. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл ауқым тіпті бір ғана ақпанда қорға аударылған түсімдердің өсімінен де аз! Сол себепті де одан алуға жоспарланып отырған ауқымды қаржының орнын отандық «мұнай­лы» салықтардан түсетін ақшалай тасқындар артығымен жауып кетері хақ, әрине, «қара алтынға» қазір қалыптасып отырған жайлы бағалар сақталар болса.
Дегенмен, бұл жерде мына жайттарды да ескерген абзал сияқты. Осы сейсенбіде ғана 2018 жылмен салыстырғанда биыл мұнай өндірісі 1,4 млн тоннаға азаймақ деп үкіметтің отырысында ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Отырыста министр 2019 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің болжамын ұсынды. Оның айтуынша, өткен жылы жалпы ішкі өнім көлемі 58,8 трлн теңгені құраған.
«2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісі 1,4 млн тоннаға не­месе 1,5 пайызға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынын төмендетпек. Алайда қызмет көрсету секторы бойынша жоғары өсім күтіліп отыр. Оның өсіміне ішкі сұраныстың ұлғаюы себеп болмақ», – деді Руслан Дәленов үкімет отырысында. Министр сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған деңгейде сақталатынын да айтты. Яғни, биыл мұнай бағасы 1 барреліне 55 АҚШ доллары, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 370 теңге, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз деңгейінде сақталмақ.
Министр мына бір маңызды мә­селеге де тоқталды. «Тікелей инвес­тициялар қорын құру үшін Ұлттық қордан 370 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт қарастырылған. Бұл ретте, түсімдер мен пайдалануды ескергенде Ұлттық қордың таза түсімдері оң нәтижеде болады», – деді ұлттық экономика министрі.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру