Валюта бағамы: $ 384.87 432.52 6.11 ¥ 55.95

Бастамалар бұлжытпай орындалуы тиіс

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019-2023 жылдарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамы нақтыланды.

Негізгі макрокөрсеткіштер мен бюд­жеттік параметрлердің болжамдары туралы Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов және ұлттық эконо­мика министрі Р.Дәленов баян­­дады.
Ұлттық экономика министр­лігінің деректері бойынша, 2019 жылға арналған макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылаудың негізгі факторлары – 2018 жылға ішкі жалпы өнім дерегінің жариялануы, тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқынының өзгерісі. «2018 жылы ІЖӨ көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болып саналады. Өткен жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5%-ке төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің төменірек өсу қарқынын қалыптастырады. Десе де қызмет көрсету секторы бойынша неғұрлым жоғары өсім күтіліп отыр. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі – ішкі сұраныстың ұлғаюы», деп мәлімдеді Р. Дәленов.
Сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, болжам аясында 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған: мұнай бағасы – 1 барреліне $55, теңге бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 370 теңге, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі – 4-6% деңгейінде сақталды.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыруды, сонымен қатар Қазақстан халқына арналған Жолдауды және «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындауды қаржылық қамсыздандыру үшін 2019 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов нақтыланған респуб­ликалық бюджеттің жобасы әзір­ленгенін айтты. Ендігі міндет – біріншіден, осы нақтыланған рес­пуб­ликалық бюджет жобасын Парла­ментке енгізу және оның қабыл­дануын қамтамасыз ету. Екіншіден, нақтыланған бюджетте көзделген төлемдердің алушыларға уақытында жетуін қамтамасыз ету үшін барлық бюджеттік процедураларды тез арада өткізу. Үшіншіден, бюджет кірістерінің толық орындалуын қадағалау және бюджет қаражатының атқарылуына онлайн-мониторингті жалғастыру.
Нақтыланған бюджет жобасы қаражаттардың 3 бағыт бойынша бөлінуін қарастырады. Біріншісі, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде атаған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жалпы сомасы 444,3 млрд теңгеге іске асыру. Аталған қаражаттар аясында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейту көзделген, оның ішінде төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбек ақысын, мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды ұлғайту, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау параметрлерін өзгерту, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй салу және ҚТҚЖБ арқылы жеңілдікті несиелендіруді енгізу, сондай-ақ өңірлік инфрақұрылым мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын дамыту. Екіншісі, Жастар жылы аясындағы шараларды іске асыруға – 24,6 млрд теңге бөлінеді. Үшіншісі, Президент жолдауларында берілген тапсырмаларды орындау – 286 млрд теңге. Қаржы министрі аталған қаражаттар аясында Түркістан облысын және Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарларын іске асыру, Астанада ғылыми-онкологиялық орталық, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ еліміз­дің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды іске асыру көзделгенін атап өтті.
Үкімет басшысы тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында оң өсім қарқыны байқалатынын атап өтті. Жалпы ІЖӨ екі айда 3,5%-ке өсіп отыр. Бұдан өзге, биылғы ақпан айының қорытындысы бойынша қаңтар айымен салыстырғанда құрылыс, негізгі капиталға инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібі, металлургия салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Дегенмен, кейбір өңірлер негізгі капиталға салынған инвестициялар және өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр. Осыған орай, Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдерімен бірге көрсеткіштердің игерілмеу себептерін зерделеп, І тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу көрсеткішіне шығу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды. «Экономиканың тұрақты өсуі – біздің негізгі міндетіміз. Биыл ІЖӨ-нің кемінде 5% көлемінде өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», деді А.Мамин.
Сонымен бірге бюджет қаражатта­рын игеруге қатысты өткен жылдағы проблемаларды ескере отырып, бөлінген қаражаттарды жоспарлы түрде ай сайын игеруді қамтамасыз ету жұмысын күшейту тапсырылды. Премьер-министр ұсынылып отырған өзгерістерді енгізу халық­тың тұрмыс сапасын арттыруға ба­ғытталған Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік бастамаларын іске асырумен байланысты екенін атап өтті. «Президенттің барлық бастамалары толық көлемде қаржы бөлумен жүзеге асырылатын болады», дей келе, Үкімет басшысы алға қойылған міндеттер уақытылы, сапалы және нәтижелі орындалуы қажеттігін баса айтты.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша, тиісті мемлекеттік орган­дарға белгіленген тәртіпте заң жобаларын Парламент қарауына енгізу тапсырылды.
Отырыста сондай-ақ Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды. Бұл бойынша мәдениет және спорт министрінің, бірқатар облыс әкімдерінің баяндамалары мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлері тыңдалды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру