Валюта бағамы: $ 378.87 422.4 5.87 ¥ 54.85

Әлеуметтік төлемақы басқаша тағайындалады

Сейсенбідегі Парламент Мәжілісінде «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.

Мәжілістің отырысы осы пала­таның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың қатысуымен өтті. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасының жаңа редакциясы Мемлекет басшысының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшейту, сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін 2020 жылдан бастап орта есеппен 30%-ға арттыру бойынша тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді.
Айта кету керек, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақ­тандыру мәселелері бойынша өзге­рістер енгізу туралы» заңының жобасы ҚР Қылмыстық-атқару ко­дексіне және «Сақтандыру қызметі туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңдарына редакциялық сипаттағы тиісті түзетулерді енгізу­ді көздейді. заң жобасына енген түзе­тулермен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова таныстырып, заң жо­басының ең маңызды нормаларына тоқталды.
– Заң жобасы үш әлеуметтік қатер: еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік тө­лемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарауды көздеп отыр, – деді Жақыпова жобаны таныстыру барысында.
Бұл ретте еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айы­рылуы жағдайларына байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындау па­раметрлері 2005 жылдан бері қарал­мағанын да айта кеткен жөн. Мұндай төлемақылардың артуы жыл сайын – инфляциядан төмен емес деңгейдегі индексацияға сәйкес заң түрінде бекі­тілген.
Енді министрлік жүйеде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшей­ту мақсатында еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылар үшін жүйеге қатысу өтілі коэффициентін қайта қарауды ұсынып отыр. Әлеуметтік төлемдердің: еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу бойынша 3 түрін айқындау барысында нақ осы коэффициент қолданылатын болады.
– Бүгінгі күнге қатысу өтілі 5 жыл және одан да жоғары азаматтарға аталмыш коэффициенттің мөлшері 1,0 дәрежені құрап отыр. Сөйтіп, басқа да талаптар теңдей жағдайларда, әлеуметтік төлем алушылардың 60 айлық өтілі барлар да, 120 айлық өтілі барлары да, бірдей мөлшерде төлем­дер алады. Осыған байланысты қатысу өтілі 71 ай (қоса санағанда) қатысу өтілінің қолданыстағы коэф­фициентін сақтап, оның үстіне, 60 айдан жоғары, әрбір келесі толық жылға коэффициентті 2%-ға арттыру ұсынылады, – деп түсіндіреді Жақыпова.
Еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер кө­лемін жалпы еңбекке қабілеттілігі (30%-дан 100%-ға дейін) дәрежесіне айқындау ұсынылып отыр. Бүгінде орташаландырылған коэффициенттер қолданылса, енді коэффициенттер дәрежесін жүргізілген медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгі­леу ұсынылады.
Бұл жайында Парламент Мәжілі­сінің баспасөз қызметі мына төмен­дегідей түсініктеме береді.
Мысалы, орташа айлық табысы 100 мың теңгені, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 65%-ды және қатысу өтілі 85 айды құ­рай­тын жүйеге қатысушы үшін жаңа па­раметрлерді ескергендегі төлем мөлшері 31 080 теңгені құрайды, бұл қазіргі параметрді қолдану кезіндегі төлем мөлшерінен (22 988 теңге) 32,5%-ға артық.
Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін асырауындағылар санының коэффициентін өзгерту ар­қылы әлеуметтік төлемнің мөлшерін арттыру ұсынылады.
Мәселен, жүйеге қатысушы – асы­рау­шысынан айырылған жағдайда асырауындағылар санының коэффи­циентін:
1) асырауында бір адам болса 40%-дан 50%-ға;
2) екі адам болса 50%-дан 65%-ға;
3) үш адам болса 60%-дан до 80%-ға;
4) төрт және одан көп адам болса 80%-дан 100%-ға арттыру ұсынылады.
Жалпы алғанда, әрбір коэффи­циенттің өсімі бұрынғы мөлшердің 25%-ын құрайды.
Жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлерін қайта қарау ұсынылады. Осы орайда, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығын 4-тен 6 айға дейін ұзарту көзделіп отыр. Мысалға, қазіргі заңға сәйкес 6 айға дейінгі әлеуметтік төлем тек жұмысынан айырылудың жеке себептері – штаттың қысқартылуы, заңды тұлғаның таратылуы бойынша жүргізіліп келеді.
Бұдан басқа, жүргізіліп отырған ана мен баланы әлеуметтік қорғау саясатын ескере отырып, жұмыспен қамтылу мәртебесіне, бала бір жас­қа толғанға дейін ең төменгі ке­піл­­дендірілген мөлшердегі, яғни рес­публикалық бюджеттен төленетін деңгейдегі төлемді алуға құқығына байланыссыз жаңа туылған балаларды және олардың ата-аналарын қамсыздандыру мақсатында алушы еңбек (кәсіпкерлік) қызметін қайта қалпына келтірген жағдайда әлеуметтік төлемді жалғастыру ұсынылады, бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейіне дейін төмендетілетін болады.
Заң жобасын қабылдау нәти­жесінде үш әлеуметтік тәуекел: еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің өсуі 200 мың төлем алушы үшін 30%-ды құрайтын болады.
Бұл азаматтардың формалды жұ­мыспен қамтылуына қызығушы­лығын арттырады, жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтеді және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандыратын болады.
Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шы­ғын­дарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтыр­майды.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру