Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Әлеуметтік қамқорлық жаңа деңгейге көтеріледі

Жуырда Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік жағдайына тоқталып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілуі тиіс екенін ескерткен болатын. Президент көп балалы обасыларға берілетін жәрдемақы мәселесін қайта қарауды ұсынып, «Көп балалы отбасылардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді тапсырамын» деді. Осы орайда Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамалары елімізді әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көтеруге бағытталып отыр. Құзыретті органдар тарапынан мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты іс-шаралар белгіленуде. Бұл бастамаларды жүзеге асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасының артуына үлкен серпін бермек.

Жалпы, қазіргі қазақстан­дықтардың әлеуметтік құрамы әркелкі екені белгілі. Мем­лекеттің тірегі орта тап десек те олардың үлесі әлі тым төмен. Ал осы халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жататындар мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж. Мұндай әлеуметтік қорғау қызметін пайдалану ел Конституциясының 28-бабында кепілдендірілген. Мемлекет өз азаматтарының еңбекке қабілеттілігін жоғалтуы немесе асыраушысынан айрылуы, қарттық, бала күтімі, уақытша жұмыссыздық жағдайларында арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді. Бұл қазіргі заманғы әлеуметтік бағдарлы кез келген мемлекетке тән үрдіс.
Мемлекет кепілдендірген әлеуметтік жәрдемақыларды кімдер алады дегенге келсек, бірнеше жыл бұрын республикада әлеуметтік жәрдем жаңа форматқа көшкен болатын. Яғни, әлеуметтік салаға екі маңызды өзгеріс енгізілді. Біріншісі – әлеуметтік төлемдерге қолжетімділікті арттыру. Екіншісі – аз қамтылған азаматтарға әлеу­меттік қолдауды күшейту. Яғни, бірінші өзгеріс тиісті санаттағы азаматтардың әлеуметтік көмекке қол жеткізуін жеңілдетіп, құжат жинау үдерісін оңайлатты. Елімізде мүгедек және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұған дейін мүгедектігі жөнінде кепілдендірілген және арнаулы әлеуметтік жәрдемақылар үшін екі бөлек құжаттар өткізуге тиіс болса, енді осы екеуі қосылып, бір ғана жәрдемақы тағайындалады. Бұл мемлекет кепілдендірген бір­тұтас жәрдемақы да айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы күнкөріс шегінің 50 пайызынан төмен болған жағдайда ғана көрсетіледі. Сондай-ақ, көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, аз қамтылған отбасыларға арналған арнаулы балалар жәрдемақыларының, аз қамтылған үй шаруашылығы­на арналған атаулы әлеуметтік көмектің орнына отбасындағы еңбекке қабілетті адамдар жұмысқа қамтудың белсенді шараларына қатысу ұсынылады. Яғни, жер­гілікті жерлердегі әлеуметтік қамту бөлімдеріне сол елді мекендегі жұмыс берушілер өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет беріп отырады. Ал аталған бөлім қызметкерлері осы жұмыс орындарына жәрдемақыға мұқтаж отбасындағы еңбекке қабілетті адамдарды тартуы қажет.
Әлеуметтік саладағы тағы бір өзгеріс бойынша атаулы әлеуметтік көмек ең зәру адамдарға ғана беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекеттен ақшалай нысанда берілетін төлем. Ол шартты және шартсыз ақшалай жәрдем деген екі түрге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшесі жоқ (мысалы, мүгедектер отбасы, қарт зейнеткерлер) отбасыларға және мүшелері нақты себептермен жұмысқа тарту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мектепке дейінгі бала тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана) беріледі.

Мұндай отбасылардан жәрдемақы алу үшін міндетті жұмысқа тарту шараларына қатысу талап етілмейді. Ал шартты ақшалай көмек құра­мында аз дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға, әлеуметтік келісімшартқа отыру және еңбекке қабілетті адамдардың бәрі жұмысқа тарту шараларына қатысқан жағдайда беріледі. Әлеуметтік келісім-шартқа қол қойған кезде екі жақ та өзіне мін­дет­теме алады: әлеуметтік мекеме жұмысқа тарту шараларымен қам­та­масыз етсе, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшесі осындай ша­раларға қатысуы міндетті. Яғни, жұмыссыз жүрген адамға ақ­ша­лай жәрдемді тектен-текке бере салмай, оған жұмысқа тұруға көмек­теседі, неше түрлі қайта даяр­­лау және біліктілікті арттыру курс­­тарынан өтуге жібереді. Прези­денттің әлеуметтік көмек ең зәру адамдарға ғана беріледі деген тап­сыр­масы осылайша жүзеге асырылуда.
Бұл ретте айта кетерлігі, төменгі күнкөріс шегі өмір деңгейін бағалау, кедейлік шегін анықтау үшін тағайын­далады және ең аз зейнетақы, жалақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлем­дерді есептеу кезінде негізге алынады. Ал, тұтыну себетінің құрамына қарап сол елдегі тұрмыс деңгейін, әлеуметтік ахуалды бірден білуге болады. Оның құрамы неғұрлым бай әрі мөлшері жоғары болған сайын сол елдегі өмір сүру деңгейі де жоғары деген сөз. Әлемнің түрлі елдеріндегі тұрмыс деңгейіне сәйкес келетін тұтыну себеті адамға, отбасына ең қажетті тауарлардың, қызметтердің сомалық құны ретінде әрбір айдағы нақты бағаларға сәйкес есептеледі. Мәселен, Қазақстандағы тұтыну себеті 43 түрлі өнімнен тұрады, оның 60%-ы азық-түлік және қалған 40%-ы өзге тауарлар мен қызмет түрлерін қамтиды. 2018 жылдың маусым айында бұл көрсеткіш 27 850 теңге болды. Бір жылдың екі айындағы тұтыну себетінің мөлшері бірдей болуы мүмкін емес, әсіресе, Қазақстан сияқты шикізат бағамына тәуелді мемлекеттерде баға күн сайын өзгермелі болатыны түсінікті. Салыстыратын болсақ, 2018 жылы Ресейде тұтыну себеті – 10 мың рубль (53 мың теңге), Германияда – 1498 евро немесе 614 522 теңге болды.
Еліміздегі тұтыну себеті құра­мындағы азық-түлік: ұн, нан өнімдері, күріш, қарақұмық, жарма, көкөністер, ет, жеміс-жидек түрлері, сүт өнімдері (барлығы – 43 атау), қалғаны өзге төлемдер. Өзге төлемдер демекші, Қазақ Тұтыну одағы сарапшыларының мәліметтері бойынша, комму­налдық қызметтердің орташа құны қыстыкүні ең аз жалақының 47%-ын (10 мың теңге) құрайды және үздіксіз көтеріліп отырады. Ал, жалақының азық-түлікке жұмсалатын бөлігіне келсек, тек ең басты тағам түрлерінің өзі орташа есеппен жыл сайын 13-14%-ға қымбаттайды. Киім-кешекті уақтылы жаңартып отыру қажеттілігі тағы бар. Ал, осы азық-түліктің басым бөлігі шетелден келетінін ескерсек, тұтыну себетінің мөлшері мен құрамы нақты жағдай­ды ескере отырып жасалуы қажет. Өйт­кені, адамдардың сатып алу қабілеті төмен болуы және мұқтаждықтарын барынша шектеуі олардың денсаулық жағдайына, өмір сапасына, бала тәрбиесі мен денсаулығына зардабын тигізері сөзсіз. Мұны еліміздегі ең аз қам­тылған отбасылар мен неғұрлым ауқатты отбасылардың азық-түлікке жұмсайтын шығындары ара­сындағы айырмашылықтың 4-5 есені құрайтыны-ақ көрсетіп тұр (ресми деректер). Сондықтан елдегі экономикалық дағдарыс, инфляция және басқа қиыншылықтарды ескере отырып, ең аз жалақы, күн­көріс шегі, айлық есептік көр­сеткіш сынды минималды стандарттарға өзгеріс енгізіп отыру әлеуметтік саясаттың мақсатты бағыттылығын арттыра түспек. Азаматтардың мәртебесіне, жынысына қарамас­тан барлық саладағы: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт болсын, игіліктерге бірдей, тең дәре­жеде қол жеткізуіне ықпал ететін стан­дат­тарды ретке келтіру әлеуметтік жәр­демақыларды нақты жағдайға сәй­кес­тен­діруге ықпал етеді.

Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге және аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылатынын айту орынды. Мәселен, жуырда Үкіметте Елбасының төрағалығымен өткен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнін­дегі кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақ­сартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған соң, Қазақстан Пре­зиденті әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жа­қын арада сезінуге тиіс екенін айтты. «Үкіметке көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмектің талаптарын күнкөріс деңгейінің 70 пайызына (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге) дейін көтеруді тапсырамын» деді Мемлекет басшысы. Мұндағы көп балалы отбасы дегеніміз кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасылар. Оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі ауысымда оқитын балалары бар отбасы баласы білім беру ұйымын бітірген уа­қытқа дейін (23 жасқа толғанға дейін) осы санатқа кіреді.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аз қамтылған отбасындағы балаларға 20 789 теңгеден беріледі. Егер төрт баласы бар ананың табысы 50 мың теңге болса, жан басына шаққандағы кіріс 10 мың теңгені құрайды. Сонда 1-сәуірден бастап, төрт бала асырап отырған ана 93 945 теңге алатын болады. Осылайша атаулы әлеуметтік көмек 3,9 есеге көбейеді. Атаулы әлеуметтік көмекті қосқанда жалпы табысы 143 945 теңгені құрайды. Бірақ, отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден 10-15 теңге асып кетсе ол отбасы әлеуметтік аз қамтылған деп саналмайды.
Сонымен, жаңа әлеуметтік шаралар барысында оң өзгерістер көп болмақ: атаулы әлеуметтік көмек «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіледі. Жәрдемақы тағайындау кезінде құжат жинау рәсімдері оңайлатылады, яғни 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап отбасы мүшелерінің жеке бас құжаттарын ғана ұсыну жеткілікті. Сондай-ақ көп балалы аналар мен мүгедек баласы бар отбасыларға кәсіпкерлікпен айналысу үшін шағын несиелер беру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және басқа нақты шаралар жоспарланып отыр.
Осы орайда Үкімет азаматтар­дың жекелеген санаттарын әлеу­меттік қолдауды күшейту үшін 224,3 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған, табысы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 40 мыңнан аса жалдамалы пәтер салынады. Сондай-ақ, Қазақ­стан­да «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жүйесі арқылы 2-3 пайызбен баспана қарызын беру қарастырылып отыр. Осылайша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қол­дауларды күшейту шаралары кешенді түрде кезең-кезеңмен енгізілмек. Әлбетте, аз қамтылған және көп балалы отбасыларын қолдау олардың әл-ауқатын көтерудегі айтулы қадам болмақ. Ха­лықтың өмір қалпын, тұрмысын жолға қою – ел ішінің бүтіндігі мен амандығының кепілі, уақыттың өзі осы өзгерісті керек қылып отыр.

Дина Имамбаева


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру