Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Сандық алқаптарда өнімділік артуда

Климаттың күрт ауытқуы, дақылдардың төмен шығымдылығы жағдайында ауылшаруашылық өндірісінің жай-күйін болжау, дәл бағалау және бақылау туралы нақты, уақтылы ақпарат алудың маңызы үлкен. Осы мақсатта дәлме-дәл егіншілік элементтерін қолданумен жүзеге асырылған жобаға Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы «Атамекен-Агро Корнеевка» серіктестігі қатысуда.

Аграрлық өндірістегі еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл­шаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайту міндеті кешенді шаралардың көмегімен жүзеге асары белгілі. Бұлардың қатарында – салада шығынды азайтып, тиімділікті арттыруға ықпал ететін жаһандық тренд – нақты егіншілік тәсілдерін енгізуге баса назар аударылып отыр.

Қазірде еліміздегі шаруа­шы­лықтар шартты түрде: негізгі, озық және цифрлық ферма болып жік­теледі. Негізгі деңгей АӨК бағдарламасы аясында барлық егістіктерді цифрлау арқылы қам­та­масыз етілген. Ендігі мақсат базалықтан – озықтар қатарына қосылып, одан әрі цифрлық ферма деңгейіне жету. Шаруа осындай сандық эволюцияның бүкіл тізбегін пайдалана алады. Ал әкімдіктер мемлекеттік қолдау шаралары арқылы цифрлық дамуға көмектесіп, 2022 жылға қарай әрбір өңірде кемінде бір цифрлық ферма құрулары керек.
Дәлме-дәл егіншілік элемент­терін енгізу фермерлерге өнді­рістің тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, ғарыштық мониторинг, сенсорлар мен датчиктер, басқа да шешімдер жатады. Өнімділікті арттыруға агрохимияны, тұқым шаруашылығын, аграрлық ғылымды жақсарту, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуы мен олардың сапасы, датчиктерді пайдалану, табиғи факторларды есепке алу есебінен қол жеткізуге болады, бұл шығынды кемінде 25%-ке төмендетуге мүмкіндік береді. «Ақылды» фермаларды енгізумен жануарлар басына мониторинг жүргізуге, табындарды, жылыжайларды басқаруға, онлайн-режимде шығыстарды есепке алуға және талдауға болады. «Ақылды» фермалар адам еңбегін барынша азайтады. Дәлме-дәл егін егудің арқасында егін егу мен жинауға оңтайлы уақытты, «ақылды» суаруды және тыңайтқыштарды пайдалануды, зиянкестер мен арам­шөптерді бақылауды болжау үшін технологияларды қолданумен өнімділікті арттыруды қамтамасыз етуге болады.
Саланы цифрландыру аясында А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы тәжірибелі егістіктерде нақты егіншіліктің озық иннова­циялық технологияларын енгізіп жатқаны мәлім. Өткен жылы орталық базасында 3 мың гектар жерге дәлме-дәл егіншілік тәжірибесі енгізілді. Германия тәжірибесімен жасалған жоба аясында жаздық бидай негізінде дәлме-дәл егіншіліктің ресурс үнемдеу технологиялары дәстүрлі егіншілікпен салыстырмалы түрде қарастырылған. Дәлме-дәл егіншілік полигонындағы өнімділік гектарынан 25,4 центнерді құрап, оған қажетті ресурс орташа есеппен 5-15% үнемделген. Дәлме-дәл егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік гектарына 25,4 центнер болса, дәстүрлі егіншілік технологиясымен егілген егіннің өнімділігі гектарына 18,7 центнер құрады. Ал Ақмола облысы мен Шортанды ауданында дәстүрлі егіншілікті қоса алғандағы орташа өнімділік сәйкесінше 12,2 және 12,7 ц/га құрады.
Ғылыми-өндірістік орта­лықтың бас директоры Кенже Абдуллаевтың айтуынша, орталықта селекциялық зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, дәнді, бұршақты, жарма дақылдары сұрпының экологиялық тұрақтылығы қам­тамасыз етілуде. Қазіргі кезде орталықта 17 дақыл бойынша селекциялық жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге тары, қарақұмық, сұлы, асбұршақ, жасымық, бидайық сияқты дақыл­дардың селекциясын зерт­теу бойынша бұл орталық – еліміздегі жалғыз мекеме. Жыл сайын мұнда ауыл шаруашылығы дақылдарының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациясы іске асады. Қазір орта­лық дайындаған жобаларды негізінен солтүстік және орталық аймақтардағы шаруашылықтар пайдалануда. Мысалы, орталық әзірлеген жаздық бидай сорттары ел ау­мағында себілетін отандық се­лек­цияның 63%-ін құрап отыр.


Ғылыми өндірістік орталық қызметкерлерінің зерттеу нәти­желерінің бірі –«Дамса-2017» қатты бидай сорты. Жаңа бидай сұрпының басты ерекшелігі – төзімділігінің жоғарылығы. Аталған бидай сортына Солтүстік Қазақстан облысында сынақ жүргізіліп, гектарынан 46,3 центнер өнім алынды. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін біршама уақыт жұмсалды. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 4,6 млн гектар егістік цифрландырылған. Негізгі санаттағы дәлме-дәл егіншілікке 1,9 млн гектар аумақпен 107 шаруашылық енгізілді. Озық санатқа аумағы 326 мың гектарды құрайтын 7 шаруашылық кірді. Цифрландыру элементтері 10 аймақтағы 10 мал шаруашылығы қожалығында қолданылуда.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру