Валюта бағамы: $ 378.9 422.74 5.87 ¥ 54.8

Зияткерлік көлік жүйесі құрылады

Дамыған көлік жүйесінсіз заманауи қаланы елестету қиын. Озық көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, оның ішінде жоғары техникалық жабдықтау мен қызмет көрсету шаһардың ғана емес, жалпы ел дамуының көрсеткіші болып табылады.

Тиімді және қауіпсіз қыз­мет­­терді ұйымдастыру арқылы бір­ыңғай бақыланатын, талданып, реттелетін көлік жүйесін құру кез келген елдің немесе ай­мақтың экономикалық өсуіне тікелей пропорционалды болады. Экономикалық өсу жаңа жолдар мен автомобиль жолдарын салу және қозғалысты басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу мін­деттерінің жүзеге асырылуына байланысты. Осы ретте қозғалысты басқарудың интеллектуалды көліктік жүйесі (ITS) – ұтқырлық пен жол қозғалысы қауіпсіздігінің индикаторын ұлғайту арқылы тасымалдауды жақсартуға арналған техникалық әзірлемелердің кең ауқымын қамтиды. Жүйенің мақсаты – қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталған көлік инфрақұрылымын, көлік құрылғыларын және пайдаланушыларды заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жүйелік ықпалдастыру. Қалалық инфрақұрылымға ITS жүйесін терең енгізу ар­қылы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін тиімді де қауіпсіз орта құрылады.
Бүгінде интеллектуалды көлік жүйесі кез-келген заманауи қа­ланың логистикасын басқару құры­лымының міндетті элементі саналады. Ол көлік құралдарының есебін автоматты режимде жүр­гізуге мүмкіндік беріп, алынған деректер негізінде жүктемесі көп учаскеде басым бағытты өткізу шешімін қабылдайды. ITS инфрақұрылымнан, көлік құралдарынан, жүйеге қаты­сушылардан, сондай-ақ жол-көліктік реттеуден тұрады.
Күн санап өсіп-өркендеп келе жатқан Астана бүгінде халқы тығыз орналасқан, жол қозғалысы көп қалаға айналуда. Ұтқырлық пен қауіпсіздік көрсеткіштерінің үнемі өсуі елордада интеллектуалды көлік жүйесін енгізуге себеп болды. Сонымен бірге жүйені қолдану тәжірибесі маңызды қоғамдық және экономикалық көрсеткіштерге жетуге ықпалын тигізеді. Осылайша, ITS-тің ар­қасында жол кептелісінде уақыт жоғалтуды екі есе қысқартуға, жол жүру уақытын 20%, қоршаған ортаға шығатын зиянды заттар мен энергия шығынын 10%-ке төмендетуге мүмкіндік туды. Соңғы 3 жылда бас қалада ITS жүйе­сімен 443 бағдаршам объек­тілерінің 107 данасы қамтылып, ол өзінің оң нәтижесін тез көрсетті. Мысалы, жергілікті учаскелерде ITS қолдана отырып, көлік ағымы жылдамдығы 18%-ке, өткізу қабілеті 40%-ке ұлғайды. Көше-жол желісінде бағдаршам реттеуді жетілдіруді әлемдік озық тәжірибені қолдана отырып, қалада қызыл түсті қосу белгісі «+» бар бағдаршамның қосымша секциясы орнатылды. Олар қа­рама-қарсы қозғалысқа тыйым салын­ғанын хабарлауға арналған. Бұл кедергісіз солға бұрылуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, көлік құралдарының өткізу қабілетіндегі қозғалыс тиімділігі артады. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан белгілі болғандай, ағымдағы жылдың соңына дейін ITS жүйесіне 31 бағдаршам қосылады. Сондай-ақ 48 ақпараттандыру таблосы, 130 радиолокациялық детектор орнатылады. Бұдан бөлек, 9 жол қиылысында 87 бейнедетектор, 27 бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл жалпы көлік ағынына әсер ететін негізгі көлік тораптарын қамтуға, қолданыстағы көше-жол желісінің жүктемесін біркелкі бөлуге және оның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру