Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Екі айда 53,5% өcкен

2019 жылдың бастапқы екі айында Ұлттық қорға түсімдер өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 53,5%-ға артқан. 2018 жылғы қазан айының соңында байқалған мұнайға бағалардың жоғары болуы 2019 жылдың ақпанында Ұлттық қорға салықтық аударымдардың өсуіне ықпалын тигізді, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) Талдау орталығынан.

Айта кету керек, жер қойнауын пайдаланушылардың 2018 жыл­дың төртінші тоқсанындағы негізгі салықтары ақпанның соңында төленген (1-диаграмма). Аталған айдағы Ұлттық қорға жалпы салық түсімдері 453,3 млрд теңгені құраған, бұл 2018 жылғы ақпандағы түсімдерден 62,6%-ға жоғары және ағымдағы жылдың қаңтарындағы түсімдерден төрт есе асып түсіпті. 2019 жылдың бастапқы екі айында Ұлттық қор 584,0 млрд теңгеге толыққан, бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі түсімдерден 53,5%-ға асып түскен. Сонымен қатар ағымдағы жылдың салық түсімдерінің негізгі үлесі (76,3%) КТС (корпоративтік табыс салығы) еншісінде және мұнай секторында жасалған келісім-шарттарға сәйкес өнімдерді бөлісу жөніндегі ҚР үлесіне тиесілі.


Осындай қарқын сақталатын болса, 2019 жылғы салықтар бойынша Ұлттық қорға қоры­тынды түсімдер өткен жылғы көрсеткіштерден асып түсіп, 3 400 млрд теңгені құрауы мүмкін (1-таблица). Түсімдердің өсуіне сондай-ақ мұнайға бағаның жоғары болуы және шикізат экспортының артуы да мүмкіндік беруі жоққа шығарылмайды. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпанында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 10,5 млн тонна мұнай экспорттаған, бұл 2018 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 11,3%-ға (немесе 9,4 млн тонна) артық деген сөз. Еске сала кетсек, 2018 жылы КҚК-ның мұнайды экспорттау көлемі 61,1 млн тоннаны құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға өсіпті.
Сонымен бірге 2019 жылға ҚР бюджетінде АҚШ долларының бағамы бір долларға 370 теңге болады деп қарастырылған, ал мұнайдың құны бір барреліне 55 долларға дейін төмендетіліп болжанған. Көрсетілген баға жағдаятында Ұлттық қорға салық түсімдері үкімет тарапынан 2 274,5 млрд теңге деңгейінде болады деп болжанған.
Дегенмен, екі айда Ұлттық қор­дың 430,6 млрд теңге қаражаты – 430,0 млрд теңгесі кепілден­дірілген трансферт түрінде және 0,6 млрд теңгесі қорды басқаруға қатысты шығындарды жабуға жұмсалған. Түсімдердің өсуі арқасында Ұлттық қор екі айда 153,4 млрд теңгеге (+0,6%) 25 539,8 млрд теңгеге дейін артқан.
Атап айтқан жөн, бюджеттің Ұлттық қордан трансферттерге тәуелділігін қысқарту мақса­тында, 2021 жылдан бастап кепіл­дендірілген трансферттің көлемі екі трлн теңге деңгейінде белгіле­нетін болады.
Тағы мынаны да айта кету қа­жет, Ұлттық қордан республи­ка­лық бюджетке кепілдік берілген транс­ферт көлемі кезең-кезеңмен азай­тылады. Мысалы, 2018 жылы кепілдік берілген трансферт көлемі 2,6 трлн теңгеге тең болса, 2019 жылы кепілдендірілген трансферт көлемі 2,45 трлн теңге құрамақ, 2020 жылы – 2,3 трлн теңге, ал 2021 жылы – 2,0 трлн теңге құрайды.


Ағымдағы жылы республи­калық бюджетке сондай-ақ был­тырғы жылы болмаған мақсатты трансферттер түсуі күтілуде. Мәселен, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» пар­тиясының съезінде айтқан әлеу­меттік ұсыныстарына Ұлттық қордан үш жыл бойына 1 350 млрд теңге аударылмақ.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы жылы аталған мақсатқа 447 млрд теңге аударылады. Сондай-ақ «Қазақстан инвестициялық даму қорын» құруға Ұлттық қордан 370 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферт бөлінетін болады.
Айта кету керек, ҚР Парламент Мәжілісі Қазақстан Республи­касының «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдік бе­рілген трансферттер туралы» заңы­на өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарауда. Осы заң жобасында 2019 жылға кепілдік берілген трансферттің мөлшерін 2,70 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр, дейді ҚҚҚ Талдау орталығының сарапшылары.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру