Валюта бағамы: $ 378.9 422.74 5.87 ¥ 54.8

Ақпарат ғасырына аяқ бастық…

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ілгері озған заман әбжілдік пен көз ілеспес шап­шаңдыққа негізделетін ғылыми-техникалық төңкерістің кезекті кезеңі – ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар дәуіріне тұяқ іліктірді. Бұл технологиялар адамзат өмірінің тұрмыс салты мен дәстүрін өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жоғары қоғамға көшу үшін материалдық іргетас қалауда. Әлемде осынау соны үде­рістер ықпалымен барлық қоғамдық институттар мен адамның қызмет ету салалары өзгеріп, қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу, өндіру мен енгізу үрдісі ілгерілеуде.
Дамыған елдердің көпшілігінде ақпараттық даму стратегиялары, кешенді бағдарламалары әзір­леніп, іске асырылуда. Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған мемлекеттер де осы қатарда. Мысалы, Ресей Федерациясының мемлекеттік ақпарат саясаты мен Беларусь Республикасының ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатының ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты дамудың жаңа кезеңіне – ақпаратты қоғам құруға және әлемдік ақпаратты қоғамдастыққа кіруге көшу болып табылады. Біздің елімізде ақпаратты қоғамның құрамдас бөліктерінің біреуі – «электрондық үкіметті» қалыптастыру мен дамыту іске асырылды. Алайда ақпаратты қоғамды қалыптастыру міндеті тек «электрондық үкімет» пен телекоммуникация саласын дамытуға қарағанда ауқымды екені сөзсіз. Сондықтан, барлық қажетті жағ­дайларды жасау мақсатымен «Қазақстанды әлеу­меттік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты Елбасы тапсырмаларын орындау үшін «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бағдарламада мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін, ақпа­раттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қол­жетімділігін қамтамасыз ету, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту сынды төрт түйінді бағыт айқындалған. Осы бағыттар ауқымында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жаппай енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, ашық және «ұтқыр үкімет» құру, ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін дамыту жөніндегі міндеттер шешіледі.
Ақпаратты қоғамға көшу саясатының тиімділігі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану және электрондық қызметтер көрсету бойынша бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін шоғырландыруға байланысты. Бүгінде ел алдында тұрған өзекті міндет цифрлық технологияларға көшу жолымен телерадио хабарларын таратудың барлық ұлттық желілерін жаңғырту болып табылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі бағдарламаны орындау үшін қазіргі уақытта цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу мен дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жиілік-аумақтық жоспар бекітілді, хабар таратудың DVB Т2 стандарты қабылданды, Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен қалаларында телехабар таратудың цифрлық эфирлік желісі тестілік тәртіпте пайдалануға енгізілді. Сондай-ақ интернеттің қазақстандық сегментін дамытатын телекоммуникация желілерін дайындау, дата-орталықтар құру, «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін электрондық мемлекеттік қызметтер санын ұлғайту, мемлекеттік органдар порталдарын дамыту, әлеуметтік маңызы бар интернет-ресурстар құру және электрондық коммерция бойынша жобалардың санын артыру жөнінде бірқатар іс тындырылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қажетті нормативтік құқықтық база құрылды, халыққа және бизнеске қызмет көрсету рәсімдері оңайлатылды. «Электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ақпарат пен қызметтер ұсыну міндеттері ойдағыдай шешілді.
Уақыт талабына жауап беру үшін қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жылы ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. Оқу ордасы «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру үшін ақпараттық технологияны меңгерген және жасанды интеллектпен, сонымен қатар «үлкен мәліметтермен» жұмыс істей алатын жастарды тәрбиелеу мақсатын көздеп отыр. Осы саладағы мамандарды дайындау мақсатында «Жасанды интеллект және BigData» кафедрасы ашылды. Факультет ғалымдары ел руханияты мен экономикасы үшін маңызы зор бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, нейрондық желілердің стандартты ақпаратпен тану мәселелерін шешу үшін интеллектуалды жүйелерді құруға арналған қосымшаларды зерттеу солардың сапынан табылады. Мұның негізінде қазақ тілінің нейронды машиналық аударма жүйесі әзірленеді. Жерді қашықтықтан бақылауға арналған серіктер топтамасының қозғалысын басқару жүйесін жобалаудың ғылым үшін маңызы жоғары. Сондай-ақ өзендер мен каналдардың күрделі жүйесінде бөгет жарылу кезіндегі су басу аймақтарын, гидротехникалық апаттардың, толқындардың салдарын модельдеу, көшелерді жарықтандыруды сымсыз байланыс арқылы басқаратын автономды интелектуалды жүйе дайындау экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру