Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Байланыс берік болса…

Жаңа Үкімет жасақталды. Олар бел шеше араласатын мәселелерді Мемлекет басшысы осыған дейін де талай мәрте айтқан еді. Осы жолы тағы да қадап-қадап айтты. Оның ішіндегі ең маңыздысы – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті дамытып, еңбекақыны өсіріп, күнкөріс деңгейін көтеру қажет. Жаңа Үкімет осы мәселелердің түйінін тарқату тетіктерін тауып, ел-жұртпен қоян-қолтық араласа жүріп тірлік жасауы тиіс.

Бұл ретте тек министрліктер ғана емес, сонымен бірге басқа да мем­лекеттік, қоғамдық құрылым­дардың, жекедара емес, бір-бірімен берік байланыста болып, жұмыла жұмыс істеуі қажет екені айқын бай­қалып отыр. Өйткені, бағыт – бір, мақсат – айқын. Соған жету жолында күш-жігер біріктіру қажет. Өңірлердегі әкім­қаралар бар, «Нұр Отан» партиясы мен кәсіп­одақ ұйымдары бар, еліміздің эконо­микалық әлеуетін арттыруға сеп болатын кәсіпорындардың басшылары бар, тізе қосып, бөле-жармай жұмыс істесе, алынбайтын асу жоқ екені айтпаса да түсінікті шығар.
Рас, әлемдік экономикалық дағда­рыстың салқыны Қазақстанға да тиді. Қара алтын бағасының құлдырауы, азуы алты қарыс кәсіпорындардың да тығырыққа тірелуі және басқа да экономикалық қиындықтардың тұсау болуы салдарынан еліміздің өндіріс орындарында да іркіліс байқалды. Мәселен, Қызылорда облысында «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорыны бар. Онда 570 адам еңбек етеді. Соңғы жылдары мұнай өндіру көлемінің азаюына байланысты қаржы дағдарысы орын алған. Қазіргі таңда компанияның ахуалы орташа деңгейде. Соған қарамастан 2018 жылы жұмысшылардың жала­қысын өсірген. Атап айтқанда, «Қо­ныс» және «Бектас» кенішіндегі мұ­най­шылардың жалақысы 15 пай­ызға және Қызылорда, Алматы, Астана қаласы кеңселеріндегі қыз­мет­керлердің еңбекақысы 7 пай­ызға көтерілген. Одан басқа, отбасында қиын жағдайларға душар болған жұмысшыларға, жаңа туған балаға, тағы басқа жағдайларда әлеуметтік көмектер беріледі. Бұл құптарлық жағдай, әрине.
Бір жыл бұрын ғана құрылған «ҚуатАмлонМұнай» бірлескен кәсіп­орны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің жергі­лікті кәсіподағы» мен компания басшылығы арасында әзірге әлеуметтік серіктестік жағдайында жұмыс жасау өз деңгейіне жете қоймаған. Кәсіподақ ұйымының төрағасы А. Сарбалақовтың айтуына қарағанда, алғашында 380 адам кәсіподақ ұйымының мүшесі болған.. Бір айдан соң олардың тең жартысы ұйымнан шығып кеткен. Неге? Мұнайшы жұ­мысшылар бұл сырт жақтан қысым көрсеткен факторлардың ықпалы деп санайды. Олар кәсіподақ пен компания басшылығының етене араласуына кедергі жасайтын көрінеді. Осының салдарынан компания жұмысшыларының әлеуметтік мәселелерін күш-жігер біріктіре отырып шешуге толық мүмкіндік болмай отыр. Тығыз байланыс жоқ.
Қазақстан Кәсіподақтары федера­циясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым: «Компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арасындағы жұмысты жүйелендіру қажет. Сонымен бірге кәсіподақтың жұмысын жандандырған жөн. Бұл ұйымның әлеуметтік мәселелерді шешуге әл-дәрмені жететініне жұмысшылардың сенімі қалыптасуы тиіс. Компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арасында берік байланыс болуы керек» дейді.
Бұл тек «ҚуатАмлонМұнай» компаниясына ғана емес, республикадағы басқа да іргелі кәсіпорындарға тән жағдай. Қазақстанда ірі кәсіпорындар көп. Олардың қол жеткізіп отырған табыстары да жоғары. Бірақ сол кәсіп­орындардағы кәсіподақ ұйымдарының қимыл-әрекеті мен белсенділігі қандай? Деген сауал қойылатын болса, тосылып қалары анық. Өйткені, жасырып қайтеміз, көп жағдайда кәсіподақ жұмыс берушілердің ығына жығылады. Басқасын айтпағанның өзінде, ұжымдық және жеке еңбек шарттарын жасауда кәсіподақтың сындарлы көзқарасы айқын көрініп тұруы тиіс. Сонда ғана бұл ұйымның беделі жоғарылап, олармен санасатын болады.
Жұмыла жұмыс істегенде ғана жүк жеңіл болатынын ұмытпаған абзал. Өйткені, Елбасы жүктеген әлеуметтік мәселелерді күш-жігер біріктірмейінше, орындау қиынға соғады.

Ғалым ОМАРХАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру