Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Өнеркәсіп қалай өркендемек?

Әдетте, су жаңа үкіметтегі тың өзгерістер, басшылыққа тағайындалған жаңа министрлер тың пікірлер білдіріп жатса, қуана қабылдаймыз. Әсіресе, экономиканың өзекті салаларындағы жағдай көпшілікті ерекше толғандырады. Сондықтан да осы сейсенбідегі Үкімет мәжілісінде индустрия және инфрақұрылым министрі Роман Скляр ортаға салған нақты жайттар көп мағлұмат берді. Соны ретімен баяндасақ.

Исатай ҚАМБАРОВ

Президент Н.Назарбаев жуыр­да ғана қарапайым заттар экономикасын дамыту міндетін алға қойды, соған сәйкес үкімет бизнесті қолдауға бөлінетін 600 млрд теңгенің 400 миллиардын қайта өңдеу экономикасы мен қызмет көрсетуге бағыттауға шешім қабылдаған болатын. Болжамдар бойынша, бұл қазақ­стандықтардың күнделікті қол­да­натын шамамен 250 өнер­кәсіптік тауарлары өндірісін іске қосып, оларды импорттау үлесін айтарлықтай – 82%-дан 59%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді екен.
– «Қарапайым заттар эко­номи­касын» дамыту аясын­да­ғы бизнес жобасын қар­жы­ландыру 2025 жылға қарай 16 мыңдай тұрақ­ты жұмыс орнын құрып, бюджетке 1,1 трлн теңге салық түсімін, «қарапайым заттар эко­номикасы» өнімдері үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмен­детуді қамтамасыз етеді. Осы бағдар­ламаның еліміз эко­но­микасын 2025 жылға дейін іске асырудағы үлесі 2,4%-ды құрайды, – деп хабарлады үкі­м­еттің отырысында сөлеген сө­зінде Роман Скляр.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру 2019 жылдың ақпанында басталды. Бүгінгі күнге оған екінші деңгейдегі 5 банк қаты­суда, бизнес тарапынан жалпы сомасы 35 млрд теңге бола­тын 30-дан астам өтініш түскен. Айта кету керек, Қазақ­стан қаржыгерлер қауымдас­тығы­ның (ҚҚҚ) мәлі­мет­тері бойынша, ұсынылған жоба­лардың басым көпшілігі – қайта өңдеу секторынан, тым азырағы – агроөнеркәсіптік кешеннің өндіріс және қайта өңдеу сала­сынан.
Индустрия министрлігі, бағадрламаны зерттеп-зерделей келе, бизнес тарапынан ұсы­ныстарды белсендіру мақ­сатымен оған бірқатар өз­герістер енгізуді ұсынған. Бірін­шіден, жобаларды субси­дия­лаумен (қаржы­ландырумен) қатар кредиттерді кепілдендіру құралы да қарасты­рылған. «Даму» қо­ры­ның ақпаратына сілтеме жасап, министр «Бизнес жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырудың бүкіл кезеңінде, жобалардың 80%-ы мемлекет тарапынан кепілдендірілгеніне түсініктеме берді.
– Мұның себебі бизнестің қайта кредиттенуі және тиісті кепілзаттық базаның жоқтығы болып табылады, – деп нақты­лайды ол.
Екіншіден, қайта өңдеу өнер­­кәсібі саласында 1,8 млрд теңгеге дейінгі жобалар бой­ынша «БЖК-2020» аясында қол­даныстағы кепілдендіру шегін 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Оның үстіне бизнестің өзінің жеке қатыстылығы жобаның құнынан 50%-дан кем болмауы сол күйінде сақталады.

Үшінші ұсыныс – кредит кө­лемінің 50%-ға дейінгі айналым капиталын қаржыландыру мүмкіндігін беру.

– «Атамекен» ҰКП мәліметтері бойынша, қайта өңдеу кәсіпорны мекемелерінің негізгі проблемалары – айналым қаржысының жетіспеушілігі. Соның салда­ры­нан қайта өңдеу өнеркәсібі кә­сіпорындарының орташа жұ­мыс­бастылығы 50%-дан аспайтындай ғана жүктемені құрайды. Қаржыландыру көлемін арттыру өндірістік қуаттарды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаржылардың басқа мақсатқа бұр­малануын болдырмау үшін бөлі­нетін айналым қаржысын – салық және де басқа міндетті төлемдер бойынша есептеулер жүргізуге, негізгі өндірістік іс-қимыл жүргізуге қатысы жоқ кредиттерді, заемдарды немесе келісім-шарттарға қызмет көрсету бойынша ағымдағы төлемдердің ақысын – өтеуге тыйым салу ұсы­нылады, – деп түсіндіреді Р.Скляр.
Министрлік сондай-ақ «тақырып­тық» – жеңіл, жиһаз және құрылыс материалдары өнеркәсіптерін дамыту жол карталарын жасады. Министр осы салалардағы, қаржыландыруға қол жетпестіктен өзге, шикізат және тауарды өткізу нарығы жетіспеушілігі, нарықта «көлеңкелі» айналым жү­ріп жатқаны, білікті кадрлардың жетіспеушілігі – тежеуші факторлар болып отырғанын атап көр­сетті. Жол карталарында жүйелік тос­қауылдарды шешу және «қосымша құнның толыққанды тізбегін және өндірістің көлемін өсіруді» орындау қарастырылған.
– Біз мынаны – аталған салаларды қосымша құнның бүкіл технологиялық тізбесі бойынша – шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін дамытуды көздеп отырмыз. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру үшін жүн, мақта және тері сияқты базалық шикізат өндірістерін дамыту қажет. Жүн бойынша айтсақ, бүгінде Қазақстанда киіз, жылытқыштар мен басқа да өнімдерді өндіруге болатын – қышықты жүн өндірісі жолға қойылған. Костюмдер, пәлте мен басқа да киімдер өндірісі үшін, аз мөлшерде өндірілетін, биязы жүн қажет. Қысқа мерзімді кезеңде бұл шикізат аз көлемде өндіріледі, ұзақ мерзімді келешекте оны жаппай өндіру жолға қойылмақшы, – деп түсіндіреді министр.
Былғары өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету үшін тері жинау және оны өткізу жүйесін ұйымдастыру, ішкі нарықта қажетті бұйымдарды қайта өңдеу және дайындап шығару жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде киім тігуге қажет мақтаны импорттау жоспарланған, ал ұзақ мерзімді келешекте «шикізаттың бұл түрін қайта өңдеуді мемлекет қолдайтын болады».
Көлеңкелі экономикамен күресу және ішкі нарықты қорғау мақсатында Р.Скляр сапасыз өнімдерге бақылауды күшейтіп, қауіпті өнімдерді алып қою және жойып жіберу бойынша ережелерді жетілдіруге уәде берді.
– Сонымен бірге тауарлар сапасын арттыруға және қызметтерді жақсартуға бағытталған ұлттық стандарттар жүзеге асырылады. Оларды кеңінен қолдану (мемлекеттік мекемелерден бастап тұрғындардың өзіне дейін) нарықта айналымда болатын өнімнің қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп растайды ол.
Жаңа салалардың өнімін өткізу көлемін арттыру мақсатында жыл сайын реттемелі сатып алулар көлеміндегі жергілікті қамту үлесін 20%-ға арттыру жоспарланған.
– Жалған өндірушілерді жол бермеу мақсатында тауар жеткізуші өзінің өндірістік қуатын индустриалдық сертификатымен дәлелдеуі қажет, – деп атап көрсетті министр.
Жалпы алғанда, деп атап айтты ол, жол карталарымен 150-ден астам шараларды жүзеге асыру көзделген, қорытындысында орта мерзімдік кезеңде өндірілетін тауарлар бойынша реттемелі сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 50%-дан артығырақ болады, өндірілетін өнім сапасы артып, контрафактілік өнім көлемі азаяды.
Банк секторы ұсынылған жос­парларды қолдайды. ҚҚҚ басшысы Елена Бахмутова ұсынылған жа­ңашылдықтардың оған қатысушы-кәсіпкерлердің саны артуына мүм­кіндік береді деп түсіндіреді. Ұзаққа созылмаған талқылаулардан кейін Үкімет ұсыныстарды қолдады. Сонымен бұл атқарушы билік тарапынан ішкі нарықта шағын және орта бизнесті жандандырып, кәсіп­керлікті қолдауға, сайып келгенде, экономикаға тың серпін беруге, ең бастысы – өнеркәсіпті өркендетуге нақты қадамдар жасап отырғанын аңғартады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру