Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Қазақстанда агротуризмді дамытуға мүмкіндік мол

Елімізде ауыл шаруашылығы –экономиканың басым саласының бірі. Халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда шоғырланған. Бірақ, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы айтарлықтай емес, ауыл экономикасына табыс мол түседі деп айта алмаймыз. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту – өзекті міндеттің бірі. Бұл міндетті шешудің дүние жүзіндегі тәжірибесіне зер салатын болсақ, агротуризм бірден ауызға ілігеді. Ауыл туризмі қазіргі кезде Еуропа елдеріндегі ең танымал демалыс түріне айналған. Шынымен де, қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт тыныстап, таза ауада демалғанға, қолыңа күрек алып, тал-терек отырғызғанға, маң далада мал баққанға, қора тазалап, отын жарғанға, жеміс-жидек теріп, көкөніс баптағанға не жетсін!

Жуырда Қазақ ұлттық аграр­лық университетінде өткен «Ха­лықаралық қысқы оқулар» ке­зінде Познань университетінің оқытушысы, PhD докторы Януш Маевский мырзамен сұхбат­тасқан едік. Әңгіме Польша елін­дегі агротуризм жөнінде өрбіді.
– Польшада ауыл шаруашылығы туризмі жақсы дамып келеді. Бұл қалай және неден басталып еді?
– Польшада кәсіби ауыл туризмі алғаш 1990 жылдары қолға алынды. Жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық жүйеге көшу кезеңінде басқа салалар сияқты ауыл шаруашылығының да жағдайы қиындап кетті. Өнім өндіру, өнім­ділік төмендеді. Сон­дықтан жеміс-көкөніс, ауыл шар­уашылығы дақыл­дарын, мал өсіретін шаруаларға қо­сымша көмек көрсету аса қажет болды. Міне, агротуризмді қолға алу сондай шешімнің бірі болатын. Бұл сол кезде шаруа қожалықтары үшін қосымша табыс табудың көзі болды. Әрине, бастапқыда оңай болған жоқ, алдымызда күрделі міндеттер тұрды. Дегенмен, бізде аздаған тәжірибе бұған дейін бар болатын. Социалистік жүйе кезеңінде де жердің 85%-ы жеке меншікте, қалғаны колхоз-совхоздардың үлесінде еді. Айта ке­терлігі, Польшада жекеменшік жер иеліктері аса үлкен емес, негізінен 3-5 гектардан 20 гектарға дейін жері бар шағын қожалықтар. Бұл жағынан Қазақстанмен таласа алмаймыз.
1991-92 жылдары осылай алғашқы қадамдар жасалды. Ол кезде туризмнің өзі қазіргідей деңгейде танымал емес еді. Алдымен ауыл кәсіпкерлеріне ақыл-кеңес беретін орталықтар ашылды, олар агромәдениетпен айналысқысы келетіндерге қо­сымша табыс табудың жолдарын үйретті. Жергілікті жерлерде туристерге қызмет көрсететін орындар ашу, қонақтарды жайғастыру, т.с.с. қарекеттер қолға алынды. Көптеген село тұрғындары қосалқы шаруашылықтарын туристер қабылдайтын демалыс үйіне айналдырды.
Жалпы агротуризмнің бір ерек­шелігі, мұнда аса үлкен инвестиция салудың керегі жоқ. Туристер үшін бес жұлдызды қонақүй салу міндетті емес. Ауылшаруашылық туризмі дегеніміз – ауылдағы белсенді демалыс. Сондықтан, бас­тапқыда қонақтарға арналған 2-3 бөлмелі үй, ас-сумен қамту, мал ұстайтын қора-қопсы, жеміс-көкөніске арналған қойма және қожайынның өзі тұратын пәтер жеткілікті. Қала тұрғындары сенбі-жексенбіде немесе еңбек демалысында ауылға келіп, егістікте жұмыс істейді, жеміс-жидекті, көкөністі өз қолымен жинап, дәмін татады, ауыл өмірін танып-біледі. Балаларымен бірге мал жайғайды, атқа мініп сейілдейді, велосипедпен серуендейді. Қазір Еуропа елдерінде туризмнің осы түрі өте танымал.
– Агротуризммен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле ме?
– Польшада мемлекет село кәсіп­керлеріне жақсы қолдау көрсетеді. Арнайы субсидиялар бөлінеді. Тренингтер, оқулар өткізіледі, ақыл-кеңес беретін орталықтар бар. Олар нені, қалай істеу керектігін үйретеді. Шаруа қожалықтарына салық жеңілдіктері жасалған.

Мәселен, бір бөлмеден бастап бес бөлмеге дейін кәсіпкер мемлекетке салық төлемейді (жер салығынан басқа). Бұндай шаруа қожалықтарында туриске қажетті барлық жағдай (тамақ­тану, жатын жайлары және демалу, тазалық) талапқа сай болуы тиіс.

Кезінде біз агротуризмді немістер мен ағылшындардан үйрендік. Ал қазір біздің елімізде агротуристік инфрақұрылым жақсы дамып келеді, нарық қалыптасты. Агротуризм – шаруалар үшін табыс табудың көзі болса, қалалықтар үшін демалыстың танымал түрі. Ресми статистика бойынша, Польшада бүгінгі күні агротуризммен айналысатын 18 мыңнан астам агроусадьба бар. Олардың кейбірі маусым кезінде жұмыс істесе, енді біреулері туристерді жыл бойы қабылдайды. Мектеп оқушылары сабақ кезінде практикаға келсе, каникул кезінде демалуға келеді. Польшадағы агро­туристік шаруашылықтар отбасымен демалушылар үшін түрлі қызметтер ұсынады және лайықты жағдай жасайды.
– Польшадағы агротуризмнің басты ерекшелігі неде?
– Польша ауыл шаруа­шылығының басты ерекшелігі – экологиялық таза өнімдер. Жеміс-көкөніс, мал өнімдері, тағам түрлері, барлығы тек табиғи, экологиялық таза, сапалы. Олардың өзіндік құны да төмен. Польша Еуро­па­ның орталығында орналасқан. Ормандар, өзендер көп. Климаты жайлы. Ауылдық аумақтарды дамытуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ, Польшада өнім өндірмейтін, ағартушылық, білім беру бағытындағы 250 усадьба бар. Олар аңдар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға маманданған.
Осындай ерекшелігіне байланысты Польшада агротуризм ауыл шаруашылығы қыз­меттерінің ең табысты түріне айналды. Елімізге шетелдерден жылына миллиондаған туристер келеді. Сол себепті мемлекеттің экономикалық өсімінде туризмнің үлесі жоғары.
– Поляк шаруалары не өсіреді?
– Бізде бидай, арпа, тары, картоп, же­містер мен көкөністердің көптеген түрі өсіріледі. Жан-жануардан сиыр, шошқа, қой өсірумен айналысады. Дегенмен, қой сіздердің елге қарағанда аз. Тарихқа зер салсақ, Польша жерінде жүзімнің түр-түрі өскендігін, бұл жағынан Франциядан кем болмағанын білеміз. Алайда, қазіргі кезде климат өзгерген, жүзімнің бұрынғы сұрыптарының барлығы бірдей өспейді. Бұны ғаламдық жылымықтың әсері деп санаймыз. Бірақ, қазір өсетін жүзім сұрыптары өте сапалы және өнімі де керемет.
– Агротуризм арқылы жергілікті халықтың тарихын, салт-дәстүрі мен өнерін де насихаттауға болады. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Жалпы агротуризм деге­німіз сая­хат пен демалысты ұйым­дастырудың керемет үлгісі. Туристерге қызмет көрсететін ұйымдар фольклорлық мейрамдар, ауыл шаруашылығы мерекелерін өткізеді. Мұнда мәдениет те, салт-дәстүр де, жергілікті асхана да, барлығы бар. Мысалы, атақты поляк ірімшігін өз қолыңмен жасап көруге болады. Кейбір агроусадьбаларда этнографиялық музей ашылған. Кәде­сыйлар жасайтындар бар. Бұл жер­гілікті өндірісті дамытудың да кере­мет мүмкіндігі. Тұрақты туризм деген осы.
Польшаның әр аймағының табиғи-тарихи ерекшелігі бар. Оларда түрлі тарихи кезеңдер мен мәдениеттер керемет үйлесім тапқан. Мәселен, оңтүстікте таулы ландшафт басым, солтүстікте неміс стиліндегі архитектура кең таралған. Шығыс аудандарда тарихи ғимараттар көп. Айтпақшы, поляктар да қазақтар сияқты мереке кезінде болмаса, күнделікті өмірде ұлттық киім кимейді.
– Батыс елдерінде қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударылатыны белгілі. Агротуризм саласында бұл мәселе қалай шешімін тапқан?
– Польшада ауыл шаруашы­лығын­да да, туризм саласында да қоршаған ортаны қорғау мәселесі басты орында. Егер экология нашар болса ол жерге бір де бір турист келмейді, өніміңді сатып алмайды. Бұл туризмнің басты шарты. Сондықтан агроусадьбалар табиғатты сақтауға, қорғауға міндетті. Олардың барлығында Еуропалық экология және туризм орталығының (ECEAT) сертификаты болуы тиіс. Онсыз жұмыс істей алмайды. Бұл сертификат 2 жылға беріледі, содан кейін қайтадан алу керек. ECEAT – бұл бүкіл Еуропа бойынша шағын қонақүйлер мен туристік қызметтер желісі. Ол туристік қызметтер сапасының тұрақ­тылығын және жергілікті қауым­дас­тықтардың қоршаған ортаны қорғауын қадағалайды. Сонымен бірге осы ұйымға мүше елдерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ол шараларды жүз мыңдаған турист тамашалайды.
Польшада «Экополанд» деген ұйым бар. Мысалы, мен өз үйімде қоқысты тастар алдында сұрыптаймын, яғни қағаз бөлек, пластик бөлек дегендей. Әйтпесе осы қызмет үшін 3-4 есе артық төлеуге тура келеді.
Қоршаған ортаны қорғау мақса­­тында Польшада егіс­тік­терде хи­миялық тыңайтқыш қолдануға болмайды. Тек табиғи препараттарға ғана рұқсат берілген. Мал шаруашы­лығымен айналысатын усадьбаларда санитарлық режим қатаң сақталады. Мұның барлығы өнім сапасына тіке­лей әсер етеді.
– Қазақстанда агротуризмді дамыту тәжірибесі жөнінде не айтар едіңіз. Жалпы алған әсеріңіз қандай?
– Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қазақ ұлттық аграрлық универ­си­тетінің басшылығына алғыс айтқым келеді. «Халықаралық қысқы мектеп» жоғары деңгейде ұйымдасты­рылды. Дәрістерден бос кезімізде Алматы мен қала төңірегін араладық. Медеу мұз айдынында, Үлкен Алматы көлінде, Шымбұлақта, дендропаркте болдық. Аз көрсем де саз көрдім деуге болады. Қазақтар қонақжай халық екен, өте ризамыз.
Жалпы Қазақстанда туризмді дамытудың потенциалы өте зор. Меніңше, бастапқыда үлкен инвестиция керек етпейтін туризм түрле­рін қолға алу керек. Соның бірі ретінде ауыл туризмін дамытуға мүмкін­діктеріңіз мол. Табиғи туризм, этнотуризм басымдыққа алынуға тиіс. Рекреациялық аймақтар құру негізінде ұлттық бренд қалыптастыруға болады.
Жалпы агротуризм – келешегі бар сала әрі табысты бизнес.
– Маевский мырза, сіз қысқы мектеп аясында студенттер мен магис­транттарға дәріс бердіңіз. Біздің елі­міз­дегі білім беру ісімен біршама та­ныстыңыз. Жалпы жоғары оқу орында­ры арасындағы байланыс несімен пайдалы?
– Білім саласында халықаралық ынтымақтастық міндетті түрде керек. Өзара тәжірибе, пікір алмасу болмаса даму қиын. Қазақстанда өте білімді мамандар көп екен, олардың деңгейі кейбір сала бойынша шетелдік ғалымдардан жоғары. Қысқы мектеп кезінде мен көптеген қазақ ғалым­дарымен, әріптестеріммен таныстым. Алдағы уақытта бұл байланыс жалғаса береді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру