Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Жамбыл мұрасы – мәңгі өшпес өнеге

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 173 жылдық мерейтойына арналған дәстүрлі «Жамбыл күні» өтті.

Дәстүрлі шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты сөз мәйегін кие тұтқан Жамбыл бабамыздың шығармаларымен сусындату, мол мұрасын насихаттау болып табылады. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, жамбылтанушы ғалымдар және аудан жұртшылығы қатысты. Жиылған жұрт зират басына барып, Жамбыл рухына тағзым етті.
Жамбыл ақынның туған күні жылда атаусыз қалған емес. Кештің шымылдығы сахналық көрініспен түрілді. Білім орда­сы­ның оқушылары суырып сал­ма ақынның жазушылармен кезде­суінен үзінді оқып берді. Сон­дай-ақ, жыр алыбының 173 жыл­­дығына арналған байқау­дың же­ңім­паздары марапатталды.
Бұдан кейін шара Ұзынағаш­тағы Мәдениет үйінде жыр алыбына арналған кеш өтті. Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев жыр алыбының өлеңіне кеңінен тоқталды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер инсти­тутының директоры Уәлихан Қалижан, жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы мен Қа­зақстан Жазушылар одағы Бас­қарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ақын­ның шығармашылығы мен адам­гер­шілік қасиеттері жайлы өз ойын ортаға салды.
Жыр алыбы Жамбылдың өнер мен мәдениетке қосқан өзіндік үлесі бар. Ол артына өшпес із, мол мұра қалдырды. Ақынын ардақтаған мектеп оқушылары кеш ұйымдастырып, шараның берекесін арттырды.
Салтанатты жиын соңы «Сүйінбай сазы» этно-фоль­клор­лық ансамблінің орындауында мерекелік концертке ұлас­ты. Соңынан Жамбыл ата­мыздың құрметіне арнайы ас беріліп, рухына құран бағыш­талды.

Айнұр Бақдәулетқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру