Валюта бағамы: $ 383.98 430.63 6.11 ¥ 55.83

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ТЫҢ БАСТАМАЛАР

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсартуға бағытталады

Биыл «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы атап өтілуде. Осы уақыт ішінде ол заман талабына сай қалыптасып, еліміздегі жетекші саяси күшке айналды. 27 ақпанда елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі осынау мерейтойға орай ұйымдастырылды.

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына арналған съезге өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парла­мент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың жә­не жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, ди­пломатиялық корпустың, бас­тауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты.
Мемлекет басшысы съезд мінберінен сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Нұр Отан» партиясының рөлін ерекше атап өтті. «Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақ­станды әлеуметтік бағыттағы мем­лекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігі туралы айтты. «Биыл республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеу­меттік салаға бағытталады. Әлеу­меттік бөлімде бірқатар түйткілді мәселелердің бар екені анықталды. Осыған байланысты, азамат­тары­мыздың әл-ауқаты мен өмір сапа­сын жақсарту үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы шешім қабыл­дадым. Үкімет бұл шығындарды дұрыс әкімшіліктендіруі керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға партияның белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті.
Биылғы 1 шілдеден бастап бюд­жет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыру тапсырылды. Сонымен қатар, аудандық және облыстық деңгейлерде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдар қызметкерлерінің еңбек­ақысын орташа есеппен 25 пайызға көтеру жүктелді. Осы мақсатта 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиаррд теңге бөлінетін болады. Үкімет әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейту бағытында жұмыс істейді. «Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Үкіметке мүгедек балаларды асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысын 30 пайызға көбейту тапсырылды. Осы мақсатта 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау жүктелді. Ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлінеді.
Елбасы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтіп, оның аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салуды тапсырды. Жыл сайын бұл бағытқа 50 миллиард теңге бөлінетін болады. Көпбалалы және толық емес отба­сы­ларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетіктері әзірленеді.
Қоғамдық денсаулық пен алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жалпы денсаулық сақтау саласына қарастырылған қаржының 40 пайызынан 60 пайызға дейін арттырылуы тиіс. Осы ретте саланы дамытуға қосымша 120 мил­лиард теңге бөлінеді.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары республикалық авто­көлік желілерінің құрылысы бойынша тарихи маңызды жұ­мыстардың жүргізілгендігін атап өтті. Нақты айтқанда, 12,5 мың шақырым автокөлік және 2,5 мың шақырым темір жол салынып, қайта жаңғыртылды. «Автобан салу маңызды. Дегенмен, үйге дейін жеткізілген жол одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту – бұл Үкіметтің басты міндеті, оның орындалуын партия бақылауы қажет. Бұл мақсатқа қосымша 350 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – деді Н.Назарбаев.
Аталған шаралардың арқа­сында 2025 жылға қарай облыс­тық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызының жағдайы айтарлықтай жақсаратын болады. Сонымен қатар Елбасы өңірлік көлік инфрақұрылымының барлық нысандары, оның ішінде әуежайлар, авто және теміржол вокзалдары жаңғыртылуы тиістігін баса айтты.
Партия тұрғындардың күнде­лікті мәселелерін шешу ісіне белсенді атсалысуға тиіс. «Халыққа көмек» жобасы осы жұмыстарды күшейтуге бағытталған. Бүгін­гі таңда қоғамның өзекті сұра­ныстарына жедел жауап беру және соларға мемлекеттік органдардың назарын аударту маңызды мәселе саналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еліміздегі ірі қалалар, яғни Астана, Алматы және Шымкент қалалары төңірегіндегі проблемаларды шешуге 2019-2021 жылдары қосымша 90 миллиард теңге, сондай-ақ кіші және моноқалаларды дамыту үшін де жылына 10 миллиардтан үш жыл бойы қосымша қаражат бөлінетін болады. Халықты таза ауыз сумен қамту және жаппай газдандыру – басым міндет болып қала береді. «Елді мекендерге су тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қосымша 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Облыстар бұл қаражатты алып, жұмысқа кірісуі керек. Бұл шешім осы саладағы 2,2 млн азаматтың мәселесін шешеді», – деп нақтылады Президент.
Үкіметке газдандыру және электр қуатымен қамту үшін 190 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бұл шаралар 1,1 млн адамды газбен қамтуға мүмкіндік береді және өңірлердің энергиямен қамту әлеуетін арттырады.
Мемлекет басшысы партияға еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» жобасын іске қосуды тапсырды. Нәтижесінде 7,5 млн ауыл тұрғынының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады.
Елбасы ауылды жерлерде табыс жасаудың әлеуеті бар екенін айта келіп, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Жобаны қаржыландыруға 2019-2021 жылдарға 90 миллиард бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде жастардың ауылдық жерлерде тұрақтауына ықпал етеді.
«Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлімшелерін барынша күшейту керек. Бұл құрылымдар халыққа көмек берудің «бірыңғай терезесіне» айналуы шарт. «Бұл жерде бюрократияға жол жоқ. «Нұр Отан» партиясының барлық филиалдары соған күш салуы қажет. Партия халықтың барлық санаттарын қорғай білуі керек. Сөйтіп, мемлекет пен халық арасындағы көпір іспеттес болуы тиіс», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Съезд барысында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін ерекше бақылауға алу керектігі атап өтілді. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы мен Президент Әкімшілігіне мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалайтын орталық құру тапсырылды.
Съезд барысында партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы, партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясы жұмыстарының қорытындылары жөніндегі есептері қабылданды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру