Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Өндірісті өлкедегі өркенді істер

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің мүмкіндіктері сараланып, жаңа міндеттер айқындалды. Еліміздің орнықты дамуы, халқымыздың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру мақсатында қойнауы қазынаға толы Маңғыстау өңірінде атқарылып жатқан істер ауқымды, алда тұрған міндеттер зор. Бұл туралы осынау табиғи жағдайы қатал өлкені адам тіршілігіне қолайлы сәулетті ортаға айналдыру жолындағы үлкен шаруаның тізгінін ұстап, мұнайлы мекеннің тыныс-тіршілігін басқарып отырған облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жақында өңір халқы алдында есеп беру жиынында кеңінен айтылды.

2018 жыл еліміз үшін ауқымды реформалар мен халықаралық аренада елеулі табыстар биігіне көтеріліп, дамудың жаңа белесінен көрінген жыл болды.
Былтыр Тәуелсіздігіміздің тірегі, елордамыз – Астананың 20 жылдық мерейтойы өтті.
Елбасының әлемдік қауымдас­тықтағы мәртебесі мен беделінің арқасында V Каспий саммиті елімізде, киелі Маңғыстау өңірінде өткізілді. Саммит жұмысының қорытындысы бойынша бес мемлекеттің президенттері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілейтін конвенция қабылдады.
Елбасының ұлттық ұстаным мен санаға тың серпін берген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланып, «5 әлеуметтік баста­масы» қабылданды.
Есепті кездесуде жасаған баян­да­масында облыс әкімі Ералы Тоғжанов былтырғы жыл­дың қо­рытындысы бойын­ша өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы­ның бар­лық көрсет­кіште­рінің оң динами­касына қол жет­кізілгенін атап өтті. Облыста 2,9 триллион теңгенің өнер­кәсіп өнімі өндіріліп, оның нақ­ты көлем индексі 100,4%-ті құрады. Тау-кен өндірісінде 2,6 трил­лион теңгенің өнімі өндірілді (саланың жалпы өнеркәсіптік өнді­ріс­тегі үлесі – 87%). Қазыналы өңір­де 18 миллион тонна мұнай өнді­ріліп, нақты көлем индексі 100,4%-ті құрады. 3 миллиард текше метрден астам табиғи газ өндірілді.

Өңір экономикасына 500 миллиард теңге инвестиция тартылып, 106,5% өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 101,5%-ке жетіп, 213 млрд. теңгені құрады.
Президенттің бес әлеуметтік бас­та­масының бірінші бағыты бойынша «7-20-25» тұрғын үй бағдар­ламасы жүзеге асырылуда. Бағдар­лама іске қосылғаннан бері өңір тұрғындарынан 401 өтініш түскен болса, бүгінде екінші деңгейлі банк­тер оның 288-ін мақұлдады (2,4 млрд. теңге) 2017 жылмен салыстырғанда 140,8% өсіммен алғаш рет 1,2 мил­лион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Бұл республика бойынша 3-ші көрсеткіш.
Ауыл шаруашылығында 17 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, саланың нақты көлем индексі 104,4%-ті құрады.
Еңбек нарығының барлық көрсет­кіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 51 мыңға жетті, өсім – 108,7%.
Өткен жылы облыста 35 328 жұ­мыс орны құрылып, нәтижесінде жұ­­мыс­сыздық деңгейі 4,8%-ке дейін төмен­деді.
Агроөнеркәсіп саласында төрт түлік мал басының саны 540 мыңға жетіп, өсім 4,5%-ті құрады. Есепті жыл­дың ішінде жаңа 15 жылыжай іске қосылып, жалпы саны 42-ге жетті. Шаруашылықтың барлық саласы бойынша 2017 жылмен салыстырғанда өсім көрсеткіші жоғары болғанын атап өткен жөн.
Маңғыстау өңірі ауыл шаруашы­лығын дамытуға қолайсыз дегенмен, саланы дамытуға мемлекет тарапынан қарастырылып отырған мүмкіндіктер аз емес. Осы ретте былтыр 789 млн теңге субсидия берілсе, 2019 жылы оның көлемі 1,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды (өсім – 44%). Сатып алған асыл тұқымды малдың басына субсидия тағайындалған: ірі қараға – 150 мың теңге, жылқы мен түйе аталығына – 100 мың теңге, қойдың аталығына – 8 мың теңге, ешкінің аналығына – 40 мың теңге; құдық қазуға кеткен шығынның 80%-і, тыңайтқыштар сатып алуға кеткен шығынның 50%-і, жылыжай салуға кеткен шығынның 25%-і шаруашылық иесіне қайтарылып беріледі. Осы жеңілдіктерді пайдаланып, өз кәсібін жолға қойған азаматтар қатары бүгінде көбейе түсуде.
Биыл ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық құны 2 миллиард теңге болатын 4 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Түпқараған ауданында жылына 5 000 тонна құс етін өндіретін фабрика («Ақтау-Агро» ЖШС), 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт («Жамалбек» ШҚ), Ақтау қаласында 1 гектарға жылына 400 тонна қияр, қызанақ өндіретін жылыжай кешені («Астық» ШҚ жалпы алаңы 9 га, жалпы қуаттылығы 3 600 тонна), Қарақия ауданында жылыжай кешені («Сенек» ЖШС) құрылысы салынатын болады. Бұл жобалардың іске асуы өңірді көкөніспен 25%-ке (қазір – 20%), құс етімен 50%-ке (бұған дейін құс еті өндірілмеген) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңір экономикасының әлеуетті бағытының бірі – тұралап қалған балық шаруашылығын дамыту. Бұл тұрғыда мүмкіндіктер аз емес. Қазіргі таңда балық шаруашылығымен айналысатын бригадалар саны 127-ден 148-ге жетті. Өткен жылы облыста 1 668 тонна балық ауланды, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 46,4%. Балық шаруашылығын жандандыру бағытында Түпқараған және Қарақия аудандарында балық қабылдау пункт­тері, өңдеу және консерві цехтары іске қосылатын болады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласында өткен жылы негізгі көрсеткіштер оң динамикада қалып­тасты. Кәсіпкерлерге барлығы 4,9 млрд. теңге несие берілді. Оның ішін­де микрокредит – 2,2 млрд. теңге (2017 жылға қарағанда өсім – 1,7 есе) және өңірлік «Нұр Капитал» бағдарламасы – 2,7 млрд. теңге (екінші деңгейлі банктерде 3,6 млрд. теңге сомасына 200 жоба қаралып, құны 1,2 млрд. теңге болатын 60 жобаға несие берілді).
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы аясында 1,5 млрд. теңге сомаға 210 жоба субсидияланды (505 млн. теңгеге 101 мемлекеттік кепілдік берілді). Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 792 млрд. теңге көлемінде өнім шығарылды, өсім – 144,1%. Осы салада жұмыс жасайтындар саны 126 мың адамнан асты, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім – 15%.
Тоғыз жолдың торабында жатқан Маңғыстау өңірі – орталық көліктік-логистикалық хаб ретінде қалыптасып келеді. Қазіргі таңда «Шетпе – Бейнеу», «Қияқты – Тұщықұдық» автомобиль жолдарында қайта құрылымдау жұмыстары аяқталды. Биыл 445 ша­қы­рымды қамтитын 9 автомобиль жолының құрылысы және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 50 шақырымды қамтитын 2 жаңа: «Ата жолы» (2-ші кезең, 46 км, 4,5 млрд.теңге), «Басқұдық» елді мекенінен халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі (4,3 км,1,1 млрд. теңге) автомобиль жолдары жобасы қолға алынады. Сондай-ақ респуб­ликалық маңыздағы «Жаңаөзен – Кендірлі – Түркменстан шекарасы» (164 км) және «Құрық – Жетібай» (64 км) жолдарының құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Елді мекендер ішіндегі жолдың жағдайын жақсарту да басты назарда. Биылғы жылы бұл мақсатқа 2,5 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді.
Құрық портының бірінші кезеңі іске қосылып, тасымал көлемі артты. Былтыр жалпы 1,8 млн. тонна жүк тасымалданып, жоспарлы меже артығымен орындалды.
Облыс дамуындағы әлеуеті үлкен саланың бірі – туризм. Өңірге өткен жылы шетелдер мен еліміз аймақтарынан 191 мыңнан астам турист келді. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылға қарағанда 11,6% артық. Былтыр тамызда өткен Каспий саммиті барысында барлық мемлекет басшылары қазақстандық жағалаудың мөлдір тазалығын және туризмді дамыту үшін өңірдің әлеуеті жоғары екенін атап өткен болатын. Жағажай туризмін дамытуға негіз болатын «Туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 27 миллиард теңгенің ірі инфрақұрылымдық жобалары іске асырылмақ. Теңіз жағалауы электр қуатымен, су және газ желісімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, МАЭК каналы арқылы жаңа көпір мен Ақтау қаласынан Құрық паром кешеніне дейін тіке автокөлік жолы салынады. Бұл өз кезегінде су жылытатын көше бассейндері бар заманауи қонақ үйлер кешендерін салуға мүмкіндік береді.
Елбасының қатысуымен былтыр облыс орталығы – Ақтау қала­сында ұзындығы 1,7 шақырым қа­лалық жағалау ашылды. Биыл туризм бағытында 4 жаңа нысанды, атап айтқанда, «Нұр» шипажайы, «Толқын» қонақ үй кешені, «Самал» және «Достар» қонақ үй ке­шендерінің аква­парктерін іске қосу жоспарланған. Алды­мыздағы мамыр айында «Жартас­ты соқпақтың» құрылысы толығымен аяқталады (ұзындығы 1,5 км, құны 1,9 млрд. теңге).


Қазіргі күні елді мекендер электр жүйелерімен 100%-ке, газбен 99,8%-ке қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамтылу көрсеткіші де – 100%. Алайда орталықтандырылған ауыз сумен қамту – 69%. Биыл бұл көрсеткішті 75%-ке жеткізу көзделіп, осы жыл­дың бюджетінде 8 млрд. теңге қарасты­рылған. Бұл қаржыға Бейнеу, Есет, Төлеп, Сарға, Басқұдық, Айрақты (Маңғыстау 3), Сенек, Кұланды, Жетыбай, Ақшұқыр, Сайын, Таушық ауылдарында 12 ауылішілік су құбыры құрылысы жүргізіледі. Дегенмен, су тапшылығы әлі де болса сезіліп отырған өңірде «Каспий» су тұщыту зауыты қуаттылығын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезең жұмыстары қолға алынды (10,6 млрд. теңге). Қазіргі күні Құрық ауылында инвестор қаржысы есебінен қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 37 млрд. теңге, бүгінде 160 млн. теңге қаражат салынды. Сонымен қатар, Кендірлі аумағында да қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын дәл осындай зауыт салу бойынша Қытай компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылы облыс бойын­ша жеке қаржы есебінен 3 241 орын­дық 36 балабақша пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 3 пен 6 жас аралы­ғын­дағы балаларды балабақ­шамен қамту көрсеткіші 93%-тен 97,2%-ке жетті. Биылғы меже – осы көрсеткішті 100%-ға жеткізу. Осы ретте 2 862 орынды құрайтын 30 балабақша ашылады.
Орта білім беруде үш ауысымды оқытуға жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Былтыр жалпы сыйымдылығы 6 300 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді. Биыл Мұнайлы, Түпқараған аудандарында 2 200 орындық тағы 4 мектептің құ­рылысы басталады. Алдағы уақытта облыс бойынша мектеп жасындағы балалар саны 54%-ке дейін көбейеді деп күтілуде. Осыған байланысты 14 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр.
Елбасы «5 әлеуметтік бастамасында» студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсартуды және қосым­ша жатақханалар салуды тапсырды. Бүгінде облыста 1 864 студент жатақханаға мұқтаж. Биыл 670 орын­­дық 3 жатақхана пайдалануға беріледі (ақпан айында 210 орындық жатақ­хана іске қосылды).
Денсаулық сақтау саласында «Бір қа­дамдық» қолжетімділікті қамта­масыз ету және мемлекеттік емха­налардың жүктемесін төмендету мақ­сатында 7 жеке медициналық орталық мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді (оның 4-і жаңадан ашылған). Биыл тағы 4 бастапқы ме­дициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтары жұмысын бас­тайды. Бұл 1 дәрігерге жүктемені 1 700 адамға дейін төмендетуге және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар, былтыр 250 керуеттік «Ана мен бала» облыс­тық перинаталдық орталық пен мемле­кеттік жекеменшік серіктестік аясында Жаңаөзен қаласында гемодиализ орталығы пайдалануға берілді. Осы жылы жалпы құны 20 млрд. теңгеден асатын 11 жобаны іске асыру жоспарланған.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бірқа­тар маңызды шаралар өткізілді. Дәстүрлі «Амал» мерекесі респуб­ли­калық деңгейде тойланды, Тү­рік­­менстанның Балқан уәлая­тында және Өзбекстанның Хорезм облысында Маңғыстау өңірінің мәдени күндері өтті. «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» тақырыбында облыстық кешенді экспедиция жұмыс жасады. Республикаға танымал ғалымдар мен Ресей, Әзірбайжан, Түркия елдерінің білікті мамандарынан жсақталған экспедиция жұмысының барысын­да 5 жерасты мешіті, 20 құдық-шы­ңы­раулар, антикалық және ерте ор­тағасырлық көшпенділердің 19 қабірлері анықталды. Қысқа мерзім ішінде елімізде теңдесі жоқ сахна-амфитеатр тұрғызылды. Тәуелсіздік күніне орай жаңа теңіз жағалауында «Аңыз алаңы» ашылды.
«Рухани жаңғыру» аясында ат­қа­рылған үлкен жұмыстың бірі – қазақтың біртуар алыбы Абай Құ­нанбаевқа және Қазақ КСР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге ескеркіштер орнатылуы болды. Бұл тұрғыда биыл да маңызды мәдени шаралар мол болмақ. Бірінші кезекте бұл – жерлесіміз, қазақтың біртуар тұлғасы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы. Қазір құрылысы жүріп жатқан облыстық мәдени орталық жанынан Ә.Кекілбаев атындағы мұражай пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы есепті кездесуде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын әлеуметтік қолдау мәсе­лелеріне қатысты облыстық жұмыс тобы бірқатар ұсыныстар дайындап, жеті бағытта қолдау шаралары қабылданғандығын атап өтті.
Елбасы әрқашан елдің болашағын жастарға сенім артумен байланыстырады. «Жастар жылы» деп жарияланған биылғы жылы жастарды әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған 100 нақ­ты шара іске асырылатын болады. Еңбек нарығына қажет мамандықтар картасы әзірленіп, оқу орындарына таратылады. «Жас кәсіпкерлер қауымдастығы» құрылып, «Бастау бизнес» жобасы арқылы 800 жас оқытылады. Мақсатты іс-шаралардың барысында түйткілді мәселелер шеші­мін тауып, жастық жігер мен ой-сана өркенді даму өрісінде өзіндік орын алары даусыз.
Жыл ішінде атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттерді саралай келіп, облыс басшысы Ералы Тоғ­жанов: «Басталған істің жұмысы – біреу, ырысы – ортақ» деген дана халқымыз. Сондықтан сіз бен біздің ойымыз да, ісіміз де бір жерден шығуы тиіс. Ниетіміз бір, мүддеміз ортақ қашанда. Бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жауапкершілік – біздің ең басты құралымыз. Біз бірге қолға алған тың жобалардың бәрі нәтижелі іске асады деп сенемін. Бұл біздің қолымыздан келетін іс», – деп түйіндеді сөзін.
Иә, бірлік пен келісім бар жерде тұрақтылық бар. Бұл – орнықты дамуымыздың, ертеңгі жарқын бола­шаққа сеніммен қарауымыздың негізі.
Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққандар, есепті жиынға қатысу­шылар арасынан сұрақ қойып, өзекті мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірген азаматтар әкімнің жыл ішінде атқарған жұмысын оң бағалады. Жалпы, есепті кездесуге жиналған жұртшылықтың көңіл-қошы мен ой-пікір түйіндеуінен байқап-бағамдағанымыздай, өңір халқының әкімге берер бағасы жоғары.

Материалды дайындаған
Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру