Валюта бағамы: $ 378.9 422.74 5.87 ¥ 54.8

Желден қуат алынады

Бүгінде дүние жүзінің жаһандық экономика дамуында ерекше орын алатын табиғи ресурстарға деген қажеттілігі жалғасуда. Бұл ретте Астанада өткен EXPO-2017 көрмесі әлем бойынша баламалы энергетикадағы прогрестің қаншалықты жылдам дамитындығын көрсетіп берді.

Елбасы тапсырмалары аясында Ақмола облысының орталығын­да жасыл технологияға көшу үде­рісінен оң қарқын аңғарылады. Бұл бағытта қолға алынып жатқан желкенді жобалардың қатарында Красный Яр ауылында жүргізіліп жатқан «Ветроинвест Кокшетау» ЖШС-тің жел электр станциясы құрылысын атап өтуге болады. Жаңа жел станциясының арқасында Көкшетау мен Красный Яр ауылы электр энергиясымен қамтамасыз етілмек. Әрі қарай даму үшін алға нақты жоспарлар құрып отырған серіктестіктің бұл жобасы толығымен жеке инвестиция есебінен қаржыландырылған. Жел электр станциясының құны – 1,7 млрд теңге, қуаттылығы – сағатына 3,75 мВт. Жел паркінің алғашқы сынағы ағымдағы жылдың мамырында жүзеге асыралады деп күтілуде.
Желден қуат өндіретін жаңа станцияның жұмысы үшін Дания­ның реновацияланған «Neg Micon» жел генераторлары қолданылады. Бұл қондырғылар EXPO-2017 халықаралық көрмесінде ұсы­ныл­ған болатын. Серіктестік өкіл­дері­нің хабарлауынша, қазіргі сәтте ЖЭС құрылысының 1- кезеңі жүзеге асырылуда. Ағымдағы бел­гіленген қуаттылық – 3,5 мВт, сондай-ақ қазір 5 жел генераторы орналастырылған.
Әлбетте, желдің табиғи есуі тұрақты емес. Дегенмен, баламалы қуат көздерінен алынатын энергияның басты артық­шылықтары – қоршаған ортаны ластамауы, отынды қажет етпеуі және белгілі бір жағдайларда дәстүрлі энергия көздерімен бәсе­келесе алуы екендігі сөзсіз. Соны­мен қатар жаңа станция өндір­ген электр энергиясы өңірге тарайтын болады.
Жалпы, ағымдағы жылдың аяғына дейін Көкшетауда Индустрияландыру картасынан тыс құны 5 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосу көзделуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру