Валюта бағамы: $ 377.65 427.31 5.87 ¥ 56.25

Туризм туы тұғырға қонады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жиырма бірінші ғасырға аршындай аяқ басқан ақпарат дәуірінің басты белгілерінің бірі білімнің салтанат құруы десек, артық айтпайтын шығармыз. Білімге, біліктілікке сүйенген экономика есіктен төрге озды. Жұмыскердің қайла мен күрегінің орнына студенттің дәптері, ғалымның қаламсабы келді, ғылыми ізденістер қоғамның негізгі қозғаушы күшіне айналды. Қазақтың «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мәтелі ғұмыр кешіп отырған заманымыздың мән-мағынасын тайға таңба басқандай айқындайды десек, ақиқаттан қашық қонбаспыз.
Бұл ретте кез келген білімнің өзегін айналадағы ортаны түйсініп-түсінуге, өзгеден үйренуге тырысу, білмекке құмарлық құрайтынын данышпан Абай атамыз айтып кеткен-ді. Тілімізге тиек болып отырған осынау білмекке құмарлық Торғай сахарасында туып өскен бозбала Әліби Жангелдинді өткен ғасырдың басында кинокамерамен дүние жүзін жаяу кезіп шығуға итермеледі. Осыған орай біз тарихи құжаттарда хатталған қазақтың тұңғыш саяхатшы-турисі Әлиби Тоғжанұлы болды деп, нық сеніммен айта аламыз. Бүгінде ғаламдық экономиканың басты салаларының біріне айналған туризм жекелеген жиһанкездердің алыс сапарға тәуекел етіп, ұзақ жолға шығуынан бастау алды, деуімізге болады. Қазіргі таңда Мысыр, Түркия, Италия, Франция сияқты елдердің экономикасына осы туризм қомақты қаржы түсіріп тұр. Бұл үдерістен ақбасты Алтай мен айдынды Атырау арасындағы кең байтақ кеңістікте көсіліп жатқан біздің еліміз де тысқары қалмақ емес. Өйткені, туризм бюджетке түсетін салық есебінен ел шаруашылығын өркендетуге, жұмыс орындарын көбейтуге септігін тигізеді, сондай-ақ мәдени және табиғи мұраны сақтап, ұтымды пайдалануға себепші болады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, туристік инфрақұрылымды дамыту, тиісті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, жеке инвесторларды тарту, туризм индустриясы нысандарына жағымды экономикалық жағдай жасау міндеттері көлік жүйесін жаңғыртуды, қоғамдық тамақтану жүйесін дамыту, ел имиджін жақсартуды, ақпараттық инфрақұрылымды өркендетуді талап етеді. Туристік саланы 2023 жылға дейін дамытудың бекітілген тұжырымдамасына сәйкес елімізде ұлттық жобалар ретінде «Астана–Еуразия жүрегі», «Алматы–Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы» атты алты мәдени-туристік кластер құрылуға тиіс. Туризмді дамыту басымдықтарын қарастыру барысында бес негізгі экономикалық және әлеуметтік мүдделер көзделді. Атап айтқанда, салада 250 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, оның ішінде дәстүрлі өмір салтынан қол үзбей, ауылдық және шалғайдағы аудандар халқы мен жастарды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнеске мүмкіндік беріп, қаймана халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, алыстағы ауылдарда инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту, ұлттық және мемлекетаралық өзара түсіністікті жақсарту, мәдениетаралық қатынастар құру көзделіп отыр.
Ұлттық жобалардан басқа да қолға алынғалы отырған шаралар тобы бар. Мұның біріншісіне құрамында қомақты туристік өнімі бар ірі жобалар жатады, индустрияландыру картасы ауқымында қаралатын олардың құны 100 млн АҚШ долларынан асып түседі. Мұндай жобаларға Алматы облысындағы Жауынгер шатқалын дамытуды, Алматы қаласында халықаралық ипподром салуды және басқа шараларды жатқызуға болады. Екінші топқа өңірлік маңызы бар ірі курорттық аймақтар кіреді. Шипажайларды дамытуды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қолдауымен облыс әкімдіктері жүзеге асырады. Бұларға Көкжайлау курорттық аймағын, Баянауыл, Қарқаралы, Балқаш маңындағы нысандарды жатқызуға болады. Үшінші топты қонақ үйлер, ірі және орта туристік нысандар жөніндегі жеке жобалар құрайды. Төртінші топқа сырттан келетін және ішкі туризм, жекелеген туристік өнімдер бойынша шағын және орта бизнес жобалары кіреді.
Ел халқының әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейін арттыру мақсатында туризмнің ішкі және халықаралық нарықтарында тартымды өнімдер ұсына алатын кәсіби мамандар даярлау күн тәртібінде тұр. Бұл орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультеті атқарып отырған тірлік ұланғайыр. Туризм саласындағы мамандарды даярлау заманауи ғылыми, жобалау-іздестіру, ұйымдастыру-басқару және педагогикалық бағыттарда жүзеге асырылуда. Факультет Қазақстаның Ұлттық атласының «Туризм» тарауын жазуға, Қатон-Қарағай ұлттық табиғи паркінде туризмді басқару жобасын құрастыруға қатысуда. Сондай-ақ агротуризмді дамыту мен ауылдық аумақтарды ұйымдастырудың географиялық негіздерін қалыптастыру, елдің су нысандарында туризмнің экстремалды түрлерін дамыту, өзен бассейндерінің туристік-рекреациялық мүмкіндігін бағалау арқылы туризмнің тұрақты дамуын негіздеу бағытында да ізденістер жалғасын табуда. Оқу ордасының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, олар мемлекеттік және өзін-өзі басқару, білім беру, бизнес салаларында елімізде, сондай-ақ АҚШ, Германия, Австралия, Австрия, Польша және басқа шет елдерде жемісті еңбек етуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру