Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫНА ЕЛ РИЗА

Маңғыстау

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты былтыр қазанда жарияланған Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еліміздің орнықты дамуы, өмір сүру деңгейін арттырудың жаңа мүмкіндіктері сараланып, нақты міндеттер айқындалды. Осы ретте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып отырған қазыналы Маңғыстау өңірінде халық игілігі жолындағы өркенді өзгерістер, ауқымды жобалар өмірге жолдама алып, сәулетті де дәулетті тұрмыс-тіршіліктің негізі қалануда. Жаңа мыңжылдықпен қатар өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан Каспий жағалауындағы ақшаңқан әсем шаһар, облыс орталығы – еліміздің теңізге шығар қақпасы саналатын Ақтау қаласы халықаралық ірі логистика кешені мен туризм және іскерлік байланыс орталығына айналмақ.

Маңғыстау түбегінде мұнай, газ, уран және басқа да қазба байлықтар қорының ашылуына байланысты іргетасы 1959 жылы қаланған, бүгінде еліміздегі болашағы зор қалалардың бірі – Ақтау агломерациясының даму бағыттары осы мақсатта тоқайласады. Өткен жылдың басында қала әкімдігі 4 страте­гиялық бағыттан тұратын «Ақтау серпіні» әлеуметтік жобасын қабылдады. Бірінші бағыт – бұл адам капиталын дамыту. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, дене шынық­тыру және спорт салаларын жақсарту. Екін­ші – қалада қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, яғни көлік және тұрғын үй мәселе­лерін шешу, аумақтар мен инфра­құрылымды дамыту. Үшінші – қаланың бәсекелестік мүмкін­діктерін пайдалану, инно­ва­­ция­лық технологияларды, жаңа өндірістерді іске қосу. Төртінші – «Ақыл­­ды қала» элементтерін енгізу арқы­лы басқару тиімділігін арт­тыру, қайырымдылықты қолдау, мем­ле­кеттік қызметтердің сапасын жақсарту.
Аталған жоба аясында қаланы дамытуға бағытталған ауқым­ды іс-шаралар қолға алынған болатын. Жал­ғасын тауып, жүйелі жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижелері де айтарлықтай. Мұны күнделікті тірлік барысында көріп-біліп, сезініп жүрген шаһар тұрғын­дарының Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғаннан бергі бір жарым жылдың ішінде атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берген Ғалымжан Ниязовтың атына айтқан жылы лебіздері мен алғыс-ризашылықтарынан да анық байқауға болады.
Есеп беру жиынына қатысқан көпшілік алдында баяндама жасаған Ғалымжан Мұқырұлы Мемлекет бас­шысының «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан хал­қына Жолдауынан, Үкімет мен Маңғыстау облысы әкімінің тап­сыр­маларынан туындайтын қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаланың әлеу­мет­тік-экономикалық даму міндет­терін жүзеге асыру бағытында атқа­рылған жұмыстарға тоқталып, «Ақтау серпіні» әлеуметтік жобасы аясындағы мәселелер төңірегінде ой қозғады.
Экономикасының негізін өнер­кәсіп салалары құрайтын, мұнай-газ өндірілетін қазыналы өңірдің орталығы ретінде Ақтау қаласында облыстың басты кәсіпорындары шоғырланған. Химия өндірісі, газ өңдеу, пласт­масса зауыттары, металлургия комбинаты бар, сондай-ақ тамақ, жеңіл өнеркә­сіп дамыған өндірісті қалада үдеме­лі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасы аясында іске асы­рылған жобалар аз емес. Серпінді даму үстіндегі өнеркәсіп орындары былтырғы жылы 222,5 миллиард теңге соманың өнімін өндіріп, қала бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100,3% құрады. ҮИИД бағдарламасы негізінде «Болат құю орталығы» ЖШС зауыты іске қосылды. Өткен жылы қала бойынша 11 575 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл 2017 жылға қарағанда 102% көп. Мемлекеттік бюджетке салық және басқа да міндетті төлемдерден 341,3 млрд теңге түсті, алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда (280,8 млрд теңге) өсім айтарлықтай. Биыл алғашқы жартыжылдықта жалпы сомасы 9,7 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылады. Осының арқасында үш жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашыл­мақ.
Теңіз жағалауында орналасқан қала халықтың демалуына, туризмді және су спортын дамытуға қолай­лы. Осы ретте көше бойлары әсем бұталармен көмкерілген, гүлзарлар жасалып, көгалдандырылған, қоғамдық тамақтану, мәдени қызмет көрсету орындары жақсы жабдықталған демалыс аймағы бар қала әсемдігі жағынан Қара теңіз жағалауындағы курортты орындардан кем түспейді. Қа­лада шамамен 92 000 дана түрлі ағаш отырғызылған. Жыл сайын жасыл желектерді күтіп ұстап, суаруға, жаңа аумақтарды көгалдандыруға қаражат бөлінеді. Сол қаржының тиісті мақсатта, тиімді жұмсалуының нәтижесінде Ақтау бүгінде қала халқы мақтанса мақтанатындай – гүлзар-шаһарға айналып отыр.
Қала басшысы өз есебінде атап өткендей, қатал табиғат жағдайында адамдар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар белгіленген жоспарға сай жүзеге асырыла бермек. Өткен жылы жалпы көлемі 126 гектарды құрайтын игерілмеген 27 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, өңірде туризмді дамыту бойынша абаттандырылуға бағытталды. Атап айтқанда, «Самал» тұрғын үй алабы мен «Достар» жағажайы аралығы сот шешімімен қала меншігіне қайтарылып, сол аймақта халық демалысы үшін пайдаланылатын аквапарк салу жоспарланып отыр.
Сонынмен қатар, теңіз жаға­лауынан «Ля-море» және «Алые пару­са» кафелері аралығында жаяу жүр­гіншілерге арналған біржарым шақырымдық жолды абаттандыру жұмыс­тарының жобасы жасақталған. Ол жұмыстарды сол жерде орналасқан жер иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделген.
Еліміздің батысындағы ғылыми және мәдени орталықтардың бірі болып табылатын Ақтау қаласында Ұлттық ғылым академиясына қарасты Ботаника бағы, мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты, жоғары және арнаулы орта оқу орындары, театрлар мен мәдениет сарайлары халыққа қызмет етеді.

Жас жеткіншектердің музыкалық, спорт, нақты және гуманитарлық пәндер бойынша тереңдетіп оқытатын және жалпы білім беретін мектептерде оқып, білім алуына бар жағ­дай жасалған. Осы ретте Ғалымжан Ниязов әлеуметтік сала бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Былтыр қала бойынша 11 575 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 1 624 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды. 26 338 азаматқа ақшалай көмек көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі 1 236 адам 586 500 дана арнайы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.
Былтыр шаһарда барлығы 1 495 орындық 9 балабақша пайда­лануға берілді. Осылайша 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақ­шамен қамтылуы 98,1 пайызға жетті. Осы жас аралығындағы балаларды балабақшамен толық қамтамасыз ету үшін салынып жат­қан көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан 555 орындық және 14-шағын ауданындағы бұрынғы бала­лар интернаты ғимара­тында 280 орын­дық балабақша ашу жоспарланып отыр.
Өткен 2017-2018 оқу жылында Ақтау қаласы бойынша Ұлттық бір­ыңғай тестілеудің орташа көрсет­кіші 71,6 балл болды. Мектеп біті­ру­ші­лер қатарында 47 оқушы «Алтын бел­гі», 50 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Қазіргі таңда халықты тол­ғанды­ратын басты мәселенің бірі – баспана. Бұл тұрғыда жалпы Маңғыстау облысы – тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп отырған өңірлердің бірі. Облыс орталығында халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғары, тұрғын үй көптеп салынуда. Былтыр жалпы ауданы 661 500 шаршы метрді құрайтын 51 тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар (418,4 мың метр2) асыра орындалды. Қала бойынша бүгінгі таңда 9 164 адам баспана кезегінде тұр.
Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасының бірінші – «Әрбір отба­сына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» бағыты бойын­ша қабылданған «7-20-25» бағдар­ламасы аясында қалада жиырма тоғыз жекеменшік құ­рылыс мекемесі тұрғын ұй құ­рылысымен айналысуда. Банктер мақұлдаған 254 өтініш бойынша қарастырылып отырған жалпы сома – 2 млрд 079 млн 004 мың 377 теңге.
Сонымен қатар былтыр «Қазақ­стан­ның ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 32 «а» шағын ауданында 478 пәтер пайдалануға берілді. Сондай-ақ 33-шағын ауданында 655 пәтерлі «Аққу – 1» тұрғын үй кешені салынып, тұрғындар қоныстанды. 34-шағын ауданында «Ана мен бала» орталығы ашылып, іске қосылды. Биыл «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры 32 «а» шағын ауданында 812 пәтерлі үйді пайдалануға береді.
Қазіргі таңда 33-шағын ауданында 670 пәтерлі «Аққу – 3» көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса биыл «КОС-2» нысаны іске қосылатын болады.
Қала тұрғындарының демалысы мен мерекелік шараларды кең деңгейде өткізу үшін 4 «а» шағын ауданында «Жартас соқпағы» және 15«а» шағын ауданында теңіз жағалауы аймағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы қала құрылысында Ақтау өңіріндегі қиыршық құм қос­палары, құ­рылыс құмы, ұлутас пен керамзит шикізаты кен орындарының өнімдері, яғни жергілікті материалдар пайдаланылады.
Қаланың шағын аудандарында жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыс­та­рына 46,3 млн теңге бөлініп, 15 мың шаршы метр ауданда жөндеу жұ­мыс­тары толық аяқталды. Қаладағы жо­лаушы тасымалдау қызметі уақыт талабына сай ұйымдастырылып, жылдан жылға қызмет көрсету сапасы жақсара түсуде. Былтыр тұрғындардың өтінішіне қарай бірқатар қоғамдық көлік бағыттары өзгертілді. Сондай-ақ жолаушылар тасымалдау паркі жаңартылуда. Тұрғындардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тын­да қоғамдық көліктерге бейнекамера­лар орнатылып, «ИнфоБас» мобильді қосымшасы халыққа ұсынылды. Қазіргі таңда шамамен 25 000 мыңға жуық адам осы қосымшаны пайдаланады.
Есепті кездесу барысында залдан сұрақ қоюшы азаматтарға да кезек берілді. Әрбір сұрақты мұқият тыңдап, жауап берген Ғ.Ниязов тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен шағымдардың назарға алынатынын баса айтты. Жалпы тұрғын үй құрылысы, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, жол салу және жөндеу, көгалдандыру, суландыру жұмыстары секілді қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету бағытындағы қат-қабат шаруа­ның басы-қасында Ғалымжан Мұқыр­ұлының өзі жүретінін айтып, ерекше геосаяси маңызы бар шаһардағы тірліктің жайлы бола түскенін атап өткен қала тұрғындары әкім есебін оң бағалады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру