Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ АХУАЛ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Жаңа жылдың екінші айы да орталанып қалды. Ұлттық валюта жыл басынан бері нығая түсті. Ұлттық банк экономиканың басым бағыттағы салалары үшін 600 миллиард теңге көлеміндегі сомаға ұзақмерзімді қаржыландыруды бастайды. Бұл ретте сейсенбі күнгі үкімет отырысында қаржы реттеушісінің басшысы баяндағандай, бас банк еркін өзгермелі айырбастау бағамын ұстануды жалғастыратын болады.

Жаңа жылдың басынан бері ұлттық валютамыз – теңгенің АҚШ долларына қатысты нығая түскені байқалды. 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4%-ға ны­ғайып, бір доллар үшін 378,73 теңгені құрады. Теңгенің дол­ларға қатысты нығая түсуінің себеп­терін мұнай нарығында жағым­ды конъюнктураның орын алуымен және Ресей рублінің нығайып отырған жағдайымен байланыстыра түсіндірген Данияр Ақышев Ұлттық банк еркін өзгер­мелі айырбастау бағамы режімін ұстануды жалғасты­ра­тынын атап өтті.
Биыл қаңтар айында инфля­ция деңгейі 0,5% болып, жыл­дық инфляция 5,2%-ға дейін баяу­лады. Ал күйзеліс болмаған кезде базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляцияның 4-6 пайыздық жаңа дәліз ішінде қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Ұлттық банктің валюта нары­ғындағы нетто интервенция­ла­рының көлемі қаңтарда нөлге тең болды. Қаржы реттеушісінің мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері қаңтар айының соңында алдын ала есептеулер бойынша 30,6 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд АҚШ доллары көлемінде болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,8 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық банк басшысы атап өткен­дей, 2014 жылдан бастап алғаш рет күнтізбелік жылдағы ағым­дағы операциялар шоты 0,9 млрд АҚШ доллары көлемінде профи­цитпен қалыптасып отыр. Бұл макроэко­номикалық үрдістердің жақсара түскенін көрсетеді, теңгенің бағ­а­мына оң әсер етеді. Атап айтқанда, бұл сауда теңгерімі 27,4 миллиард доллар сомаға жетіп, 58%-ға өсуіне байланысты. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша таза капиталдың келуі 10%-ға өсіп, 4,1 миллиард доллар болды.
Сонымен қатар, өткен жылы ұлттық валютамен салынған депо­зиттердің 4,5%-ға өсуіне байла­нысты депозиттер көлемі 18,6 трлн теңгеге дейін жетіп, 6%-ға өсті. Доллар баламасындағы шетел валютасымен салынған депозиттер 7%-ға төмендеді. Депозиттерді долларландыру желтоқсанның соңында 48% болды.
Былтырғы жыл қаржы нарығын­дағы жағдайдың біртіндеп жақсара түсуімен сипатталды. Кредиттеу нарығы қалпына келе бастады. Өткен жылы жаңа кредиттер беру 24%-ға немесе 2,6 трлн теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік қоржынын қоспағанда, экономиканы кредит­теудің жылдық өсуі 7%-ға немесе 884 млрд теңгеге бағаланады. Кәсіп­орын­дарға теңгемен берілген кредит­тер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2 пайыздан желтоқ­санда 11,7%-ға дейін төмен­деді.
Қаржы нарығындағы ахуалдың жақсара түсуінің нәтижесінде эко­номиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сома көлемінде ұзақмерзімді ресурстар беру қарас­тырылып отыр. Осы ретте Ұлттық банк Үкіметпен және екінші дең­гейдегі банктермен бірлесіп, жоба­­ларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Осының негізінде экономи­каның басым бағыттағы салаларын аталған сома көлемінде ұзақмерзімді қаржыландыру жобалары іске асырыла бастады. Данияр Ақышев бұл бағыт биыл кредит берудің қосымша өсуін қамтамасыз ететін­дігін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша әрбір отбасыға бас­пана алудың жаңа мүміндіктерін беру мақсатында әзірленген «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне бүгінде сегіз банк қатысуда. Келтірілген деректерге қарағанда, 7 ақпандағы жағдай бойынша банктер 61 млрд теңге сомаға 5 181 өтінімді мақұлдады. Осы ретте Ұлттық банк түсіндіру жұмыста­рын белсенді жүргізіп отыр. Бағ­дар­ламаны іске асыру барысы бұ­қаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жария етіліп келеді, тәулік бойы Сall-орталық жұмыс істейді.
Қаржы реттеушісінің басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін жетіп, 4,5%-ға ұлғайғанын атап өтті. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие қоржынының 7,4 пайызын құрады. Сақтандыру ұйымдарының актив­тері 1 трлн теңгеге дейін, яғни 13 пайызға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 13%-ға ұлғайып, 520 млрд теңге болды.
Сондай-ақ өткен жылы төлем кар­точкаларын пайдалана отырып жасалған қолма-қол емес операция­лардың көлемі 6,4 трлн теңгеге дейін жетіп, 2 есе өскен. Халықтың Интернет және мобильді банкинг арқылы транзакциялары үш есе өсті. Аталған арналар арқылы күн сайын 8,6 млрд теңге сомаға 500 мың операция жүргізіледі. Ұлттық банк қолма-қол емес төлемдерді пайдалану аясын кеңейту үшін 7 ақпанда «Suńqar» мобильді телефон нөмірі бойынша мезеттік төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе бойынша 3 банк қызмет көрсетеді, алдағы уақытта аталған қызмет түріне өзге де екінші деңгейдегі банктер қосылатын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру