Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жас ғалымдар халықаралық форумда бас қосты

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» аясында «Жас ғалымдардың отандық агроөнеркәсіптік кешенінің индустриалды-инновациялық дамуына үлесі» атты I Халықаралық форум өтті. Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасының аграрлық ғылымы мен агроөнеркәсіптік кешенінің маңызды міндеттерін шешуде жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту және зияткерлік әлеуетін біріктіру.

Форум жұмысына ҚР Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, «Даму» қорының, отандық ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, аграрлық жоғары оқу орындарындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, Түркия, Польша, Сербия, Ресей, Украина, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдердің білікті мамандары мен жас ғалымдары қатысты.
– Биылғы жылды Ел Пре­зиденті Жастар жылы деп жариялады. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан олар заманауи инновацияларды игеріп, спортпен, өнермен айналысып, отандық және әлемдік әдебиет мұраларын терең біліп, ең бастысы өз салаларында озат маман болуы тиіс. Қазақ ұлттық аграрлық университеті – еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жетекші жоғары оқу орны. Университет барлық уақытта жастардың лайықты білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай жасап, оларды кішіпейілдікке, ұстамдылыққа және төзімділікке тәрбиелеу саясатын жүргізіп келеді. Мамандар даярлау негізінен ғылым арқылы жүзеге асып отыр. Университетте 10 мыңға жуық білім алушы бар. Профессор-оқытушылар құрамының 35%-ы жас ғалымдар мен зерт­теушілер. Университеттің жас ғалымдары республикалық және халықаралық деңгейде өткізілетін «start-up» жобалар байқауларына тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл үшін оқу орнында қажетті жағдай жасалған. Университет жанындағы Халықаралық агроинновациялық Агрохаб орталығының негізгі миссиясы да сол: агробизнеске жаңа инновациялық идеяны, озық технологияны, жаңа білім әдістерін тарту. Бұл бағыттағы жұмыстар университетте жүйелі жолға қойылған, – деді Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов форумның ашылуында сөйлеген сөзінде.
Шарада агротуризм, өсімдік шаруашылығындағы агроинновация, табиғи ресурстарды басқару, жаңа технологиялар және агротехника­лық құралдар, мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру технологиясы, ветеринария, жасыл экономика, су ресурстарын басқару бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері мен жастардың «start-up» жобалары таныстырылды. Сондай-ақ жас ғалымдардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін шеберлік сабақтары ұйым­дастырылды. Форум форматы білікті мамандар мен жас ғалым­дардың бір-бірімен пікір алмасып, ғылыми-шығармашылық байла­ныстарын дамытуға бағытталды.
Еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келген жас ғалым­дар уни­вер­ситеттегі Агро­техно­логиялық хаб қызметі­мен, Қазақ-Жапон иннова­ция­лық орталығының, Қазақ­стан-Беларусь агроинженерлік ор­та­­лы­ғының, Су орталығының, Қазақ-Корей инновациялық орта­лығының, Тұрақты егін шаруа­шы­лығы орталығының, ғылыми зерт­ханалар­дың, Ситуациялық орта­лық­тың, «Аграрлық ғылым, білім және өндіріс интеграция» көрмесі жұ­мыс­­тарымен танысып, «Назарбаев білім-ғылым орталығында» болды.
Айта кетерлігі, форумның алдында университетте «Халық­аралық қысқы мектеп-2019» шарасы өз жұ­мысын бастады. Қысқы мектеп сабақтары 11-23 ақпан аралығында 12 бағыт бойынша өтеді. Қысқы мектеп жұмысына әлемнің 10 мемлекеті мен Қазақстанның 14 аймақтық жоғары оқу орындарынан 300 тыңдаушы қатысуда. Қысқы мектепке қатысушы жас ғалымдар «start-up» жобалар байқауына қатыса алады. Білікті мамандардың таңдауынан өткен үздік жоба иелері қаржылай сыйақыға ие болады.

Дина Имамбаева


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру