Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Бизнес отандық ғылымға бет бұрды

Адамзат қоғамы дамуының қай кезеңінде де ғылымның рөлі өлшеусіз екені даусыз. Ғылым-білім бар елдер қашанда алға озып, жаһандық дамудың көш басынан көрінбек. Жарқын болашақты бетке алған біздің еліміз де өркенді өзгерістердің негізі – ғылымның дамуын басты назарда ұстап келеді. Күні кеше Астанада Парламент Сенаты депутаттары, «Ғылым қоры» АҚ өкілдері, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру жобаларын іске асыратын ғалымдар мен кәсіпкерлер бас қосқан алқалы жиында ғылыми зерттеулерді қолдау, ғылым мен бизнестің серіктестігі әңгіме арқауы болды.

Сенат депутаттарымен кездесу барысында «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин ғылым дамуын ілгері­лету стратегиясына тоқталды. Оның аясында көзделген мақсат-міндеттің бірі – ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында ғалымдарды кешенді түрде қолдау болса, екінші – ғалымдарға бизнеспен серіктестік орнатуда қолдау көрсету. «Мұны, әрине, алдағы уақытта конкурстар арқылы іске асырамыз. Бүгінгі күні біз нарықта гранттарымызбен, конкурстарымызбен қызығушылыққа ие болып отырмыз», – деді Әнуарбек Сұлтанғазин.
Соңғы уақытта «Ғылым қоры» АҚ жүргізетін конкурс жұмыс­тарына қатысушылар саны артып отыр. Бар-жоғы 337 жоба келіп түскен алғашқы конкурстың нәтижесі бойынша 32 жоба қар­жы­ландыру тұрғысынан қолдау тапқан. Ал 2017 жылы өткізген конкурсқа 502 жоба түсіп, оның 72-сі қолдауға ие болды. Үшінші конкурсқа 431 жоба қабылданып, оның ішінен 78-і іріктеліп алынған. Осылайша, іске асырылғандарын есептеп қарағанда, «Ғылым қоры» АҚ осы уақытқа дейін өткізген үш конкурстың нәтижесі бойынша мақұлданған жобаларға отандық бизнес өкілдері бұрынғыдан көбірек қаражат (40,3 пайызы) бөле бастаған. «Демек, бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді. Біз әрдайым бизнес өкілдеріне «егер өнімдеріңіз нарықта бәсекеге қабілетті әрі сапалы болсын десеңіздер, біздің ғалымдарымыз сіздерге көмектесе алады» деп айтып жүрміз», – деді Ғылым қорының басшысы.
Аймақтар арасында жоба­лардың үлесі жөнінен Астана мен Алматы қалалары көш бастап келеді. Сонымен қатар Қарағанды және Түркістан облыстарынан жобалар көбірек түсетіндігі атап өтілді. Жалпы алғанда, жобалар бойынша барлық өңірлерден қызығушылық жоғары. «Ең бастысы, біз қазіргі уақытта шағын қалаларда да қанат жая бастадық. Мәселен, бір апта бұрын ғана Курчатов қаласында бір жобаны іске қостық. Яғни ядролық физика бағытында эталонды үш өнімді өз елімізде өндіре бастадық», – деп атап өтті Әнуарбек Сұлтанғазин.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы атап өткендей, ғылыми жобаларға грант беру шарттары толығымен заңды негізде жүзеге асырылады. Грант беру тәртібі айтарлықтай қарапайым. «Конкурсқа қатысушылар мен ғалымдарымыздың бәрі бұл сөзімізді растай алады. Шартқа сәйкес, жоба жетекшісі міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек. Сол секілді жоба Қазақстан аумағында жүзеге асырылуы тиіс. Гранттың сомасы – 300 миллион теңгеден аспайды. Ғылыми жобаны ұсынатын команда жеті адамнан аспауы тиіс. Оның құрамында коммерцияландыру жөніндегі маманның болуы міндетті. Әл­бетте, жоба үш жылға дейін іске асуы тиіс», – деді ол.
«Ғылым қоры» АҚ белгілі бір ғалымның жобасына қаражат бөлуді қарастырумен қатар, ол жобаның нарықта өз орнын табуына да көмектеседі. Әрбір жобаның өзіндік күнтізбелік жоспары мен сметасы бар. Ғылым қоры сол жоспар бойынша былтырғы жылдың 31 желтоқсанына дейін алты жобаны аяқтап шығуы тиіс болса, бұл жұмыс мерзімді уақытында толық атқарылған. Биыл күнтізбелік жоспар бойынша 31 жоба қолға алынады.
Үш жылдық қолдаудан кейін жобалық қуатын еңсерген кезеңде, отандық ғалымдардың екі конкурс бойынша жеңіп шыққан жобаларының арқасында елімізде 253 жаңа өнім түрі шығарылатын болады. «Мен бұл ретте өткізілген үшінші конкурс туралы айтып отырған жоқпын. Ол өнімдердегі қазақстандық құрамның үлесі – 85 пайыз», – деді Әнуарбек Сұлтанғазин.
Басқарма төрағасының айтуынша, осы жобалардың арқасында еліміз өңірлерінде 951 жұмыс орны ашылады. Жаңа өнімдердің коммерциялық сатылымынан 30 миллиард теңге түседі деп күті­луде. Яғни өткізілген екі кон­курс нәтижесінде іріктеліп алынған 95 жоба бойынша іске асы­ры­лған жұмыс еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып, нақты көрсет­кіш­термен көрініс табатын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру