Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

БЖЗҚ: Қызмет сапасын халық қалай бағалауда?

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына қатысты жүргізілген зерттеу бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру қызметі көрсетілетін 60 мемлекеттік қызметтің ішінде үздіктердің бірі болып танылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысы бойынша «Сандж» зерттеу компаниясының мем­лекеттік қызметтерді көрсету сапасына жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесінде «Бір­ыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры салымшысының (алушы­сының) зейнетақы жинақ­­та­рының (инвести­циялық кіріс­­терін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметі үздік бестіктің қатарына кірді.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз ор­талы­ғының жариялауынша, өткен жылдың тамыз-қазан айлары арасында өткізілген бақылау барысында еліміздің барлық өңірлері бойынша 10 000 қызмет алушы арасында сауалнамалық сұрау жүргізілді. Олардан тиянақты сұқбаттар алынып, «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша бақылау, бірқатар фокус-топтық талқылаулар ұйымдастырылды. Осы ар­қылы қызмет алушылардың көрсетілетін қызметтер сапа­сына қаншалықты көңілі толатынын анықтау мақсат етілді. Бұл ретте ақпараттың қолжетімділігі, қызмет көр­сету мерзімінің сақталуы, қызмет көрсету деңгейі, яғни, қызметкерлердің біліктілігі, сыпайылығы, шапшаңдығы, құжаттардың дұрыс рәсімделуі, шарттардың ыңғайлылығы ны­санаға алынды.

Сөйтіп, зерттеу қоры­тындысы бойынша БЖЗҚ салымшысы­ның (алу­шысының) зейнетақы жи­нақ­­тарының жай-күйі туралы ақпарат беру қызметіне баға беру барысы ақпараттың сапасы мен қолжетімділігі, жеделдігі мен құзыреттілігі бойынша жоғары нәтижелер көрсетті. Сауална­маға жауап берушілердің 80,4%-і қыз­меттер бойынша ақпа­раттың ашық­тығына және қолжетім­ділігіне риза. Бұл ретте жауап беруші­лердің 82,9%-і ақпараттар ашық әрі шы­найы деп бағалаған. Жауап беру­шілердің 88,3%-інің қызмет­тердің көрсетілу мерзіміне және 92,1%-інің құ­жаттардың жиналу, әзірлеу мер­зі­міне көңіл­дері толады екен.
Сауалнамаға қатысушы­лар­дың 79,8%-і қызмет көр­сетуші ма­­ман­дардың білік­тілігін жоға­­ры бағаласа, 80,7%-і үшін қызмет­кер­­лер­­дің сыпайылығы, әдептілігі қана­ғат­та­нарлық дең­гейде болды. Сонымен қатар қыз­меткерлердің шапшаң­ды­ғын сауал­намаға жауап беру­шілердің 81,3%-і растаса, 80,4%-і қызмет көрсетушіге сене­тінін білдірген.
Көрсетілетін қызметтер­ді барынша әділ бағалау үшін «Құпия сатып алушы» әдісі де қолданылғандығы жоғарыда айтылды. Ол БЖЗҚ филиалында және Астана қаласында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде жүзеге асырылды. Құпия сатып алушы көр­сетілетін қыз­меттердің сапа­сын үш өлшем: ақпаратты сайттан іздеу, ақпа­ратты стендтен іздеу және бай­ла­ныс орталығына қоңырау шалу бойынша бағалауы қажет болды. Құпия сатып алушы БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтын жоғары бағалады. Ол сайттың интерфейсін, онда байланыс орталығының телефон нөмірінің болуын, бір бөлімнен екінші бөлімге тез ауысу мүмкіндігін және ақпараттардың қазақ, орыс тілдерінде қолжетімділігін атап өтті. Қордың байла­ныс орталығы жұмысының сапасына да жоғары балл берілді. Өйткені, Қор маманы жылдам байланысқа шығып, қойылған сұрақтардың барлығына нақты және то­лыққанды жауап берген. Құпия сатып алушы БЖЗҚ-ның Астана қаласындағы филиалының қызметін де жоға­ры бағалаған. Қызмет алушы опе­рация бөлімінің қызметкерінің толыққанды жауабына риза екендігін жеткізіп, БЖЗҚ ұялы қо­сымшасы мен БЖЗҚ сай­тындағы Жеке кабинеттің ың­ғайлы екендігін, зейнетақы жар­на­ларының түсуін үнемі қада­ғалап отыруға мүмкіндік бар екендігін атап өткен.
Зерттеудің негізгі нә­тижелері тұрғындардың «БЖЗҚ» АҚ қыз­мет көр­сету сапасына көңіл­дері толатындығын көрсетті. Қор­да­ғылардың айтуынша, мұндай бағалау қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге ынталандыра түспек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру