Валюта бағамы: $ 379.86 422.97 5.85 ¥ 56.33

Жабдықтар өндірісіне жақындадық па?

Озық шетелдік технологиялар сынақтан өтуде

Бүгінде елімізде ТКШ секторына неғұрлым тиімді технологияларды тартуға баса назар аударылуда. Өйткені, инженерлік желілердің тозуына қатысты мәселені қымбат құбырларды үнемі жаңартумен емес, құбырлардың пайдалану мерзімін ұзарту бойынша заманауи технологияларды қолданумен шешу қажет.
Бұл жұмыстарды Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру шеңберінде саланың энергия тиімділігін арттыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ұлттық инновациялық жүйені дамыту саласында жүргізуде.

ТКШ орталығы қазір Қа­зақ­станның коммуналдық кәсіпорындарына инновациялық технологияларды ұсынатын компанияларды тартумен және іздестірумен белсенді түрде айналысып жатыр.
Орталықтың басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, қазірде еліміздің бірнеше қаласында пилоттық апробациядан өтіп жатқан оңтайлы заманауи технологияларды іріктеу жұмыстары жүзеге асуда. Жаңа технологиялар құбырлардың пайдалану уақытын ұзартуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы жабдықтар түрінде болады.


Мысалы, Астана мен Қызыл­ордада жылумен қамтамасыз ету құбырларының қызмет мерзі­мін ұзартуға және нығайтуға ар­налған немістің Merus тотығуға қарсы қондырғыларын орнату және сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба басталды. Қазіргі уақытта жүргізілген зерттеулер жақсы нәтиже көрсетуде – судағы темір деңгейі 80%-ке төмендеді. Шамалап айтқанда, егер жаңа құбырдың пайдалануға жарамды уақыты 30 жылды құраса, олар агрессивті ортаға байланысты 10 жылдың ішінде жарамсыз болып қалып жатыр. Осылайша, судағы темір мөлшерін төмендететін жабдықты пайдалана отырып, құбырлардың пайдалану мерзімін 30 жылға, тіпті 50 жылға ұзартуға болады. Сонымен бірге табиғи монополиялар субъектілерінің инженерлік желілерді жаңғырту мен реконструкциялау жобаларын іске асыруға инвестициялық қажеттіліктерін төмендету тұр­ғысынан айтарлықтай үнемді. Осыған орай, аталған субъек­тілердің қызметтеріне тарифтердің ықтимал төмендетуі туралы айтуға болады.
Орталықта Merus неміс компа­ниясының технологияларымен қатар, канадалық, жапондық және басқа да компаниялардың аспаптары да сынақтан өткізіліп жатыр. Олар пилоттық жобалар түрінде Астана, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Лисаковск қалаларында енгізілуде. Келешекте сәтті шыққан тәжірибе еліміздің барлық өңірінде таратылуы, тіпті еліміз аумағында жоғары технологиялық жабдық өндірісі жергіліктендірілуі мүмкін.
Жуырда Орталық пен кана­далық Black Powder Solutions Inc. компаниясы Қазақстанның ком­муналдық шаруашылығын дамыту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар озық технологиялар мен әзірлемелердің трансферін жүзеге асырып, оларды еліміз аумағында тәжірибелік пайдалануды жүргізеді әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнату мүмкіндігін қарайтын болады.
Black Powder Solutions жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің құбырларында орнатылған маг­нитті сепараторлардың көме­гімен суды тазарту технологиясын ұсынады. Сепараторлардағы арнайы сүзгілер судан қара ұнтақ бөлшектерін – тотты, темір ок­сидін алып тастайды. Бұл тотығу үдерісінің баяулауына әкеліп, құбырлардың қызмет ету мерзімін 1,5-2 есе ұзартуға мүмкіндік береді, олардың пайдалану тиімділігін жақсартады. Осындай технологиялар көмірсутек шикізаты мен технологиялық сұйықтықтарды тазарту үшін тау-кен және мұнай-газ салаларында қолданылады.
Black Powder Solutions пре­зиденті Роджер Симонсонның айтуынша, бұл технология 18 жыл бұрын ойлап шығарылған және қазір 40 елде қолданылады.
– Біз өз әзірлемелерімізді үнемі жақсартып отырамыз. Оларды Солтүстік және Оңтүстік Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Африка, Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде көптеген кәсіпорындар пайдаланады. Магнитті сүзу технологиясы экологиялық таза болып табылады және қоршаған ортаға ешқандай теріс әсер етпейді. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз, болашақта осында өз ұстанымымызды бекітіп, бизнесімізді кеңейтіп, көрші елдердің нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін база құрамыз деп үміттенеміз, – деді ол.
Қазақстан ТКШ орталығы директоры – басқарма мүшесі Әділхан Өмірбаевтың айтуынша, бірінші кезеңде жабдықты тәжірибелік пайдалану жүзеге асырылады. Жақын арада Black Powder Solutions магниттік сепараторлары Орал және Ақтау қалаларында ыстық және суық сумен жабдықтаудың технологиялық магистральдарында орнатылып, бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіледі. Пилоттық жоба оң нәтижелер берген жағдайда, жобаны басқа өңірлерде іске асыру мәселесі және Қазақстан аумағында осындай жабдықтар өндірісін оқшаулау мүмкіндігі қаралатын болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру