Валюта бағамы: $ 376.73 427.36 5.75 ¥ 56.07

Несиеге өмір сүріп жатырмыз

Қазақстандықтарда 11 миллион кредит бар екен. Егер сіздің өзіңізде болмаса, яғни, басқаларда екі немесе үш несиеден бар. Бірінші кредиттік бюро өткен жылдың қорытындысына арналған сараптамалық дайджест жариялапты. Енді соған назар аударып көрсек.

Қазақстандық несие алушы, кредитінің сомасы 519 мың теңге болғанда, орташа есеппен банктерге 904 мың теңге қарыз екен. Адамдар ынталы түрде несие алады, әсіресе тұтыну тауарларын немесе автомобиль алуға әуес, ал енді уақытында қайтаруға келгенде асыға қоймайды.
Қазақстандықтардың шоттары бойынша қалай төлейтіндері туралы Бірінші бюро өзінің ақпарат­тық-сараптамалық дайджесінде кеңінен тоқталған. Бұл құжатта Қазақстанның жиынтық кредиттік қоржыны өткен жылы 23 триллион теңгеден де көптеу соманы құраған. Жеке тұлғалардың кредиттері бойынша жиынтық несие берешектері 6 трлн теңге белгісінде тұрақтады, ал бизнес-несиелер бойынша – 17,2 трлн теңге. Сонымен қатар кредиттер саны желтоқсанда 1,8%-ға және қорытындысында 11,6 теңге құрап, жыл басынан бері 24,8%-ға өскен (1-диаграмма).

Борыш құрылымы

Несие қарызының сомасы көбінесе тұтынушылар кредиттері есебінен өскен. Бұлардың қоржындағы үлесі 54,1% (бір жыл бұрынғы 49,7%-ға қарағанда) құрапты. Алайда, салыстырмалы түрде мейлінше жоғары өсім кредиттік карталар (+33,6%), автокредиттер (+23,2%) және ипотекалық несиелер бойынша байқалған, ал бұл сараланымдардың үлесі, тиісінше, 1,1%, 6,7% және 24,9% құраған. Кепілдікпен алынған тұтынушылар кредиті зардап шеккен жалғыз сараланым болды, мәселен, осылар бойынша несиелік берешек бір жылда 16,9%-ға азайған, ал қоржындағы үлесі 18,3%-дан 13,3%-ға шейін қысқарыпты (инфографика).


Өткен жылы қазақстандықтар сомасы 3 трлн теңгеге жуық 7,2 млн теңгеге бөлшек сауда креди­тін алыпты. Бұл 2017 жылғы мәлі­меттерден саны жағынан 1,3 есеге және берілген жиынтық сомасы бойынша 30%-дай асып түскен.
Бизнеске (ЖК-лар және заң­дық тұлғаларға) кредиттер бойынша жиынтық несиелік берешектер 17,2 трлн теңгені құрапты. Олардың ішінде қоржынның (49,9%) жартысын құрайтын шағын кәсіпорындар төлемейді екен. Ірі кәсіпорындардың үлесі 22,6%-ды, орта кәсіпорындар – 8,8% құраған. Қоржындағы анықталмаған заңдық тұлғалар, бір жыл бұрынғы 5,9%-ға қарағанда, көбірек, яғни, 13,2%-ды құрапты.
Мінез-құлықтық скоринг негізінде есептелетін – кредиттік салауаттылық индексі (КСИ) желтоқсан қорытындысы бойынша 66 пункт деңгейінде қалды. Яғни, «жақсы» қарыз алушылар үлесі 66,3%-ды құрапты. Сонымен бірге дефолтқа (мерзімі 90 күннен асып кеткен) ұшырағандардың үлесі 19,5%-ды құрап, ал нарықтық жағдаят­тарға аса тәуелділер 13,9%-дан 14,3%-ға дейін өскен. Бизнес-кре­дит­тер сараланымында мерзімі өтіп кеткен кредиттер үлесі 18% құрапты.
Халыққа берілген бизнес-кре­диттердің көлемі қомақты өсімді көрсетіп отыр: 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша, бұдан бір жыл бұрынғыдан, үштен біріне жуық несие беріліпті. Кредиттеуші ұйымдардың түрлері бойынша берілгендердің құрылымында ЕДБ-тер үлесі 92,2% (2017 жылғы 89,3%-ға қарағанда), ШҚҰ-дары – 1% (бір жыл бұрын 1,2% болған), өзге ұйымдар (мемлекеттің қатысы бар ұйымдарды қосқанда) үлесі 9,6%-дан 8,8%-ға дейін құлдыраған.

Бөлшек саудада кредиттеудің бағыттары

Қазақстандықтар тұтыну кредит­терін алып келген және әлі де ала беруге аса ынталы. Қоржындағы олардың үлесі бір жыл бұрынғы 49,7%-ға қарағанда өсіп, 54,1% құрапты. 2018 жылы 1,9 трлн теңге сомаға барлығы 6,6 млн тұтыну несиелері берілген. Орташа чек 2017 жылғы 305 мың теңгеге қарағанда 286 мың теңгеге дейін төмендеген (2-диаграмма).


Сарапшылық құжатта орташа чек, кредит көлемі 7,4 млн-нан 7,9 млн теңгеге дейін өскен ипотекадан өзге, бөлшек сауда кредиттеуінің барлық секторларында құны төмендеп кеткені атап көрсетілген. Ипотекалық кредиттеу секторы бөлшек сауда қоржынының жалпы көлемінің 25%-ын алып отыр. 2018 жылы 600 млрд теңгеге жуық сомаға 75 мыңнан жоғары осындай кредиттер беріліпті.
Автокредиттеу де нарық драй­вер­лерінің бірі болып отыр. 2017 жылы қазақстандықтар 32,4 мың автокредит алса, ал 2018 жылы 175,8 млрд теңге сомасында 53,9 мың кредит автомобильдер алуға беріліпті.
Кредиттік карталар нарығы да, ең азғантай болғанымен, белсенді өсу үстінде екен. Бұл сектордағы қоржын көлемі барлығы 68,9 млрд теңгені құрапты, ал берілгені 93,2 млрд теңгеге дейін артқан. Жалпы алғанда Қазақстанда 658 600 іс жүзінде пайдаланылатын карталар бар екен, ал орташа кредит лимиті 100 мың теңге құрайды екен.
Шындығында, бар-жоғы он сегіз миллионның әр жақ-бер жағынан әлі аса алмай жүргенімізде, 11 миллион отандасымыздың кредитке байланғаны аянышты-ақ. Сонда еңбекке жарамды халқымыздың басым бөлігі несиеге өмір сүріп отырғанымыздың айғағы емес пе бұл? Ең өкініштісі, алған несиені қайтара алмай, кіріптар күй кешкен қамкөңіл қандастарымызға жан ашиды. Экономикалық дағдарыстың қазіргі күйі айтарлықтай ауыр, алдағы кезеңде әлеуметтік ахуалымыз да қаншалықты шыдас бере аларын қай сарапшы да дөп басып айта алмас, ащы шындық – уақыт еншісінде.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру