Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

ОРТАҚ КЕҢІСТІКТІҢ КЕЛЕШЕГІ БІР

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қойылғанына 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Айтулы жылдың басталуымен бірге елдеріміз әріптестіктің кезекті жаңа сатысына қадам басты. Үкімет басшылары деңгейіндегі Еуразия үкіметаралық кеңесінің биылғы бірінші отырысы Алматыда өтіп, онда ЕАЭО мемлекеттері ортақ нарықтағы өзара іс-қимылдың және бірлестікті әрі қарай дамытудың маңызды мәселелерін талқылады.

Дәстүрлі шағын және кеңей­тілген форматта жүргізілген оты­рыстың күн тәртібінде сауда-эко­номикалық ынтымақтастық және Одаққа мүше мемлекеттер арасында өзара сауда-саттықты кеңейтуге, экономиканың жеке­леген салаларында интегра­ция­лық әлеуетті дамытуға қатысты жалпы 16 мәселе қаралды.
Қазақстан Премьер-министрі Б.Сағынтаев, Ресей Премьер-министрі Д.Медведев, Беларусь Премьер-министрі С.Румас, Қырғызстан Премьер-министрі М.Абылғазиев, Армения вице-Премьер-министрі М.Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т.Саркисян алдымен шағын құрамда экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жайында кеңесті. Мұның қата­рында: Одаққа мүше мемле­кеттер арасында тауар айналымын одан әрі ұлғайту, сауда-саттық, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, салық және кеден саясаты салаларындағы заңнамалық нормаларды біре­гейлендіру арқылы қол жеткізу құралдары, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі аясында жобаларды іске асыру тетіктері туралы пікір алысылды, сонымен бірге білім беру саласында бірқатар құжатты өзара мойындау жүйесін жетілдіру келешегі сөз болды.
Кеңейтілген құрамда өткен жылы ЕАЭО кеңістігінде сауда-саттықты дамытудың қорытындылары шыға­рылып, тұрақты экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз ету жө­нін­дегі ұсыныстарға ден қойылды.
– 2018 жылы ортақ күш-жігермен активтер қоржыны жинақталды. Енді оны алдағы уақытта да дамыту қажет. Цифрлық бастамаларды басқару офисіне перспективалы ұсыныстар түсіп, олардың бірқатары бүгінде қаралып жатыр. Тұрақты негізде кедергілердің келісілген тізімі өзектендірілуде, өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 кедергі жойылды, – деп атап өтті Қазақ­стан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеу барысында.
Сонымен қатар алдыңғы отырыс­тарда газ, мұнай, мұнай өнімдері бойынша ортақ нарықтарды қалып­тас­тыру бағдарламасы бекітіліп, интеграция процестерін одан әрі дамыту декларациясы қабылданған болатын. Ортақ нарық қалыптастыру тұрғысынан 9 жыл бойы соған қатысты жұмыстар жүргізілген ал­коголь өнімдерінің қауіпсіздігі тура­лы бірыңғай регламент әзірленді. Алкоголь мен темекіге салынатын акциздер саласындағы салық сая­сатының қағидалары туралы келісімдер жобаларының жұмыстары аяқталуға таяу. Қазақстан Үкіметінің басшысы кедергілерді жою үшін алдағы уақытқа жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол Сингапурмен және Сербиямен еркін сауда аймағын қалыптастыру бойынша келіссөздер процесін одан әрі жүргізу, Израильмен және Мысырмен сауда келіссөздерін жандандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл нарықтарға қолайлы ашық жағдайлар жасау ЕАЭО елдерінің экспорттық әлеуетін іске асыруға елеулі ықпал етеді. Ағымдағы жылы ортақ қаржы нарығын дамыту тұрғысынан да айтарлықтай ілгерілеу орын алмақ. Ұлттық банк тиісті тұжырымдаманы белсенді талдауда. Атап айқанда, Жоғарғы Кеңестің өткен отырысында Қазақстан Президенті ЕАЭО ел­дерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімді әзірлеуді аяқтау қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте әлеуметтік қам­тамасыз ету мәселелері барлық елдер үшін басымдыққа ие. Қазақстан тарапы Одақ елдерінің өзара және сыртқы саудасында статистикалық деректердің әртүрлілігі проблемасын көтеріп, бұл мәселеде түбегейлі өзгерістерге ұмтылу қажеттігін алға тартты.
ЕАЭО кеңістігінде Қазақстанның цифрлық саладағы бастамалары іс жүзіне белсенді енгізілуде. Еу­разиялық экономикалық комис­сия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қазақстандық әріптестерден цифрлық платформа базасында еңбек нарығын қалыптастыруға қатысты ұсыныс түскенін мәлімдеді. Онда жұмыс берушілерден өтінімдер тір­келіп, смарт-келісімшарттар бекі­тіледі. Мұндай механизм заңдық ке­піл­діктерді қамтамасыз етіп, еңбек ағынын рационализациялауға әкеледі. Ол цифрлық күн тәртібі Одаққа қа­тысушы елдер үшін айрықша ма­ңызды екенін атап өтті.

– Цифрлық күн тәртібі мем­лекет­тер басшыларымен бекітіліп, соңғы екі жылда ауқымды жұ­мыстар атқарылды. Құрамына ЕАЭО елдерінің мамандары кіретін цифрлық офис белсенді жұмыс істеуде. Онда жеке сектордан және мемлекеттік құрылымдардан еуразиялық кеңістікті цифрландыруға бағытталған және интеграциялық құрамдағы жобалар бойынша бастамалар қабылдануда, – деді ЕЭК Алқа төрағасы.
Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев өз сөзінде былтыр Ресей Еуразиялық Одақ кеңесіне төрағалық еткеніне тоқталып өтті.
– Өткен жылы интеграциялық құрылыстың көптеген бағыттары бойынша алға жылжып, айтарлықтай экономикалық жетістіктерге қол жеткіздік. 2018 жылдың 10 айында Одақ ішіндегі сауда шамамен 12%-ке өсті, бұл негізінен тауар­лық көлемнің ұлғаюы есебінен болды. Сыртқы серіктермен сауда көлемі 21%-ке артты. Әлбетте, бұл цифрларды са­лыс­тыру үнемі дұрыс бола бермейді. Өйткені, бұл проценттер қозғалыстағы тауар­лардың көлеміндегі өзгерістерді шынайы көрсете бермейді, тауар айналымының құрылымын бейне­лемейді. Біз бүгінде тек жаңа техно­логияларды, бұл саладағы ұлттық бағдарламаларды енгізіп қана емес, сонымен қатар цифрландыру арқылы барлық өзара іс-әрекеттерді біркелкі ету үстіндеміз, – деді Д.Медведев.
Маңыздысы, бизнес интегра­ция­ның артықшылығын сезінуде. Енді әрі қарай да сауданың артық­шылығын пайдалану, тұтынушылық нарықта Еуразиялық одақта шыға­рылған тауарлардың неғұрлым көп бо­луына назар аудару қажет. Адам­дар­дың сапалы және қолжетімді өнім­ді сатып алуға мүмкіндігі болуы керек.
Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас ауқымды цифрлық форумды өткізу идеясын Қазақстан Президенті ұсынғанын атап өтті.
– Бұл ЕАЭО цифрлық күн тәр­ті­бін жүзеге асырудағы, біздің экономикаларымыздың техноло­гиялық түр-сипатын арттырудағы маңызды қадам. ЕАЭО елдері өз­дерінің IT саласындағы алғашқы бірлескен жобасын іске асыратын күн алыс емес деген сенімдемін. Электронды құжат айналымын, бір электронды терезе қағидасын енгізу, тауарларды қадағалау мүмкіндігі, басқа да ақпараттық технологияларды пайдалану – мұның бәрі біздің жа­һандық бәсекеге қабілеттілігімізді нығайтуға бастайтын өзекті шаралар. ЕАЭО-ға бес жыл толуда, Одақ қа­лыптасып, даму үстінде. Ендігі жерде кейін шегінуге жол бермей, жұмылып, еуразиялық интеграцияны нығайту қажет, – деп атап өтті ол.
Қырғызстан Премьер-министрі Мұхаммедқалый Абылғазиев цифр­лық даму бойынша негіз қалаушы құжат дер кезінде қабылданғанын, келешекте ол ЕАЭО дамуының бар­лық жүйесін ауыстыруы тиістігін айтты.
Отырыс қорытындысы бойын­ша кедендік әкелім бажын бөлу нормативтері, қазақстандық көмір экспорттаушылардың Ресей Федера­циясының теңіз порттарының қыз­меттеріне қолжетімділігі мәселе­лері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жобаларды іске асыру тетіктері бекітілді және Алкоголь өнімдерін реттеу туралы келісім жобасы мақұлданды. Бұдан өзге, ЕАЭО-ға мүше елдердегі өзара сауда жағдайы, макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар туралы, сондай-ақ Одаққа қатысушы елдер арасында жүйелі консультациялар өткізу туралы өкім­дер қабылданды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәсе­ле­лердің бірі – Одаққа мүше мем­­лекеттердің кемелері үшін тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуге және ЕАЭО елдерінің ішкі су жолдарында ке­мелердің жүзуі кезінде туындайтын қатынастарды реттеудің бірыңғай құқықтық базасын құруға арналған кеме қатынасы туралы келісімге қол қою болды. Өз кезегінде Қазақстан үшін Келісімге қол қою стратегиялық маңызға ие және отандық флотқа қысқа мерзім ішінде Ресейдің ішкі су жолдарымен Қара және Балтық теңізіне өтуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық үкіметаралық ке­ңестің келесі отырысы биылғы сәуір айының соңында – мамыр айының басында Ереванда өтеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Moto Guzzi
    25.02.2019 at 8:36 am

    She came to understand a lot of things, not to mention how it is like to have a very effective teaching character to make folks clearly know chosen advanced topics.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру