Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Кәсіподақ қозғаушы күшке айналды

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысында 2018 жылдың жұмыс қорытындысы қаралды.

Алдымен елордалық «Татуласу орталығының» ашылуы болды. Бұл орталық еңбек және басқа да дауларды сот жүйесіне жеткізбей-ақ татуласу жолымен шешетін тиімді алаң.Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен Жоғарғы сот арасында өзара ынтымақтастыққа байланысты 2018 жылы жасалған Меморандум шеңберінде барлық аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінде 17 «Татуласу орталығы» құрылған. Олар 2018 жылдың наурыз айынан бері 2140 медиациялық рәсім өткізді. Оның ішінде 980 еңбек дауының 872-сі медиациялық келісім арқылы, 108-і әңгімелесу түрінде шешілді.
Сонымен бірге Қазақстан Рес­публикасы Кәсіподақтары феде­ра­циясының бастамасымен жарық көрген «Кәсіподақтар: теория және практика» атты ғылыми моно­графияның тұсаукесері болды.

Бұл тәуелсіз Қазақстандағы кәсіп­одақтардың қызметі мен мәртебесіне монографиялық зерттеу жүргізіп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қоз­ғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасаған тұңғыш кі­тап. Басылым авторларының Қазақ­стандағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ институтын дамыту жөнінде ұтымды ұсыныстары бар.ҚРКФ төрағасы Бақытжан Әбді­райым­ның басшылығымен өткен мәжілісте еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ролін көтеру, еңбек заңдылығын сақтауға байланысты қоғамдық бақылауды күшейту, әлеуметтік-еңбек қарым-қатынас­тарын реттеу, сондай-ақ еңбек даулары мен кикілжіңдерін шешу және оның алдын алу іс-шаралары қаралды.
«Қазір кәсіподақ мүшелерінің қатары екі миллионға жетіп, еліміз­дегі ең ірі қоғамдық ұйымға айнал­ды. 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақ­­тық кәсіподақтар бірлестігі, 18 000-нан астам бастауыш ұйым бар. Өт­кен жылдың өзінде 470 бас­тауыш кәсіп­одақ ұйымы құрылып, 35 мың­­нан астам адам кәсіподақ қатарына қо­сылды», – деді ҚРКФ жетекшісі.
Әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда былтыр өндірістік жарақат 1678-ден 1568-ге немесе 6,6 пайызға, жұмыс жағдайында қайтыс болғандар 244-тен 216-ға немесе 11,5 пайызға азайған. Бірақ бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін сақтамаудың салдарынан осындай оқыс, қайғылы жағдайлар жалғасып келеді. Кәсіподақтар федерациясы осының алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жоспарларын жасап, соған сәйкес іс-әрекет жасай бастады.
Әлеуметтік қамсыздандыру жөнін­дегі Халықаралық қауымдастық 2017 жылы VisionZero бағдарламасын енгізген болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты – «нөлдік жарақат». Қазақ­стандағы кәсіподақ ұйымдары да осы бағытта жұмыс жүргізіп отыр.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұрт­­шылықты көбірек тарту мақса­тында «Еңбек қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көте­реміз!» республикалық акциясы өткізілген. Осы акция аясында жұмыс берушілердің қауіпсіз және жақсы еңбек жағдайын жасауға ынтасын арттыру және қоғамдық бақылау институтын дамыту үшін нақты іс-шаралар жасалды. Соның бірі – Еңбек кодексінің ережелеріне сәйкес республика кәсіпорындарында еңбекті қорғау және қауіпсіздігі жөнінде 13 мың өндірістік кеңес құрылды. Оның 94 пайызына кәсіподақ ұйымдары тікелей бастамашы болды. Ал өндірістік жазатайым оқиғалар мен жарақаттар көбірек орын алатын ірі және орта кәсіпорындардың көбінде өндірістік кеңестер жоқ. «Жұмысшылардың өмірін аман сақ­тап, олардың денсаулығына қан­дай да бір зиян тимеуін қаласақ, өн­дірістік кеңестердің қатарын арттырып, қоғамдық бақылауды жұмыс берушілермен бірлесе жүйелі түрде жүргізу қажет» – деп санайды ҚРКФ төрағасы.
Жұмысшылардың еңбек құқын тиімді қорғау үшін жасалатын ұжым­дық келісім-шарт 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 77 750-ден 92 645-ге немесе 16,1 пайызға артқан. Дегенмен шағын бизнес саласында ұжымдық келісім-шартпен қамту төмен – 37,2 пайыз.
ҚРКФ 2018 жылдың 1 наурызынан бастап «Еңбек шартын жаса!» рес­публикалық акциясын бастаған. Осы акция аясында еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұ­мыс­шымен еңбек шартын жасаған.
Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясы табысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін респуб­ликалық және аумақтық штабтар­дың жұмысына белсене қатысады. Қазіргі уақытта ұжымдық келісім-шартта қарастырылған раз­ря­даралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгеріс­тер енгізу жөнінде жұмыс жүргізі­ліп отырғаны айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылған. Сондай-ақ ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың ең­бекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерген.
Кәсіподақтардың белсенді іс-қимылы арқасында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күн­көріс деңгейінің азық-түлік және азық-түлік емес бөлімінің ара­қаты­насына байланысты өзгеріс­тер ен­гізілді. Арақатынас 60 пайыз бен 40 пайыз еді, енді 55 пайыз бен 45 пайыз болды. Ақшалай есептегенде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 15 пайызға, 24 459 теңгеден 28 284 теңгеге көбейді. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17,7 пайызға көбейіп, 29 698 теңгеге жетті.
Еңбекақы қарыздарын төлеу кәсіподақтың ең басты айналысып отырған мәселелерінің бірі. Бұған алаңдаушылық білдіруінің себебі – еңбекақы қарыздарының 70 пайыздан астамы банкрот кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі. Кәсіподақтар федерациясы «Банкроттық және реабилитация туралы» заңға өзгерістер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отыр.
Кәсіподақтар федерациясы Рес­­пуб­лика Үкіметі жанындағы ве­домс­­­­твоаралық комииссияның, Пар­ламент Мәжілісіндегі және мем­лекеттік органдардағы әлеуметтік-экономикалық және жұмысшылардың еңбек құқы мәселелерімен айналысатын жұмыс топтары мен комиссия­лардың жұмысына белсене қатысып келеді. Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңды жетілдіру және Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын жүзеге асыру жөнінде Кәсіподақ федерациясы тиісті орын­дарға ұсыныс-тілектерін берген.
Сондай-ақ ҚР Үкіметіне өндірісте зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі жөнінде ұсыныс жасаған.
2019 жыл Қазақстанда жастар жылы болып жариялануына байла­нысты Кәсіподақтар федерациясы еңбек жастарының әлеуметтік және басқа да көкейкесті мәселелерін шешу мақсатына бағытталған бірнеше рес­публикалық іс-шара өткізуді жос­пар­лап отыр.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру