Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Кәсіпкерліктің әлеуметтік пайдасы

Халықтың өмір сапасы, тұрмыс деңгейі елде әлеуметтік саланың қаншалықты дамығандығын көрсетеді. Сондықтан толыққанды жұмыс істейтін әлеуметтік нысандар қатарын арттыруға, ол үшін қосымша қаржы көздерін табуға мүдделілік қашан да басым. Павлодар облысында мемлекеттік-жекеменшік қағидасын қолданумен бұл саладағы тың жоба тиімді жүзеге асуда.

2017 жылы өңірдегі «Черноярская жемчужина» демалыс базасында зейнеткерлер үшін әртүрлі әлеуметтік және медициналық қызметтерді көрсету орталығы ұйымдастырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру аясында «Черноярская жемчужина» ЖШС атынан жеке әріптес бес жылдың ішінде азаматтардың денсаулығын жақсарту мен сауықтыруға бағытталған мамандан­дырылған әлеуметтік-меди­циналық қызметтер көрсетеді. Жобаның экономикалық тиімділігі мемлекеттік бюджет шығынын 44%-ке қысқартуда болып отыр. Мәселен, аталмыш жоба мемлекеттік мекемемен жүзеге асырылғанда, бес жылда ғимаратты ұстап тұру, қажет­ті жабдықтарды сатып алу, қызметкерлерге еңбекақы төлеу, салық төлемін жүргізу секілді көптеген шығыс­тар үшін 696,2 млн теңге қажет болса, МЖӘ аясында бұл мерзімде қаражат екі жарым есе аз жұмсалады екен, бұл – 347,2 млн теңге.
Қарттарға арналған орталықты ашу үшін үй-жайларды қайта құру және емдеу-сауықтыру қызметінің түрлеріне медициналық лицензия алу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Әлеуметтік және психологиялық қызметтерді көрсету үшін психо­логиялық тренингтер өткізу, психо­логиялық шиеленісті анықтау, өмірлік белсенділіктің әлеуметтік фор­маларын дұрыс жеңіп алу, жаңа өмір жағдайына бейімделудің жеке алғышарттарын қалыптастыру үшін кәсіби психолог енгізілді. Орта­лықта қарттар бір-бірімен араласып, әңгімелесіп, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Үстел ойындарын ойнап, қолөнер бұйымдарын жасайды. Егде жастағы азаматтар тұратын қажетті бөлмелер санитарлық және өртке қарсы талаптарға сәйкес келетін жиһаздар мен шкафтармен жабдықталған. Бөлмелерде тәртіп пен тазалық сақтауға, бес реттік тамақтануға, диеталық үстелдерге үлкен мән беріледі.
Сонымен қатар жекеменшік серіктес қалпына келтіру үшін жат­тығу залын, аппаратты массаж, лазер­лік-вакуумдық массаж, емдеу бөлмесін, физиотерапия, галогендік камера, пантолық ванналар, фито-бар, скандинавтық серуендеу, оттегі коктейльдері, хамам, орыс моншасы және сауна ашты. Сауықтыру шаралары дәрігердің нұсқауымен және бақылауымен жасалады. Сондай-ақ қолданыстағы қызметтерге қосымша Moйылды шипажайы, йод-бром ван­наларының балшық қосымшалары қосылды. Йод-бром ванналарының артықшылықтары – олардың седатив­ті, яғни тыныштандырғыш әсерінде. Бром ванналары қысым мен стресті жеңілдетіп, нервтерді тыныштандырады.
Сауықтыру орнында әлеуметтік және мәдени қызметтердің кең тізбесі: концерттер, би, тақырыптық кештер, экскурсия, мұражайлар мен театрларға бару, жаяу жүріп, бой жазу секілді көптеген шаралар қарастырылған. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап оңалту курсы зейнеткерлік жасқа жеткен 2000-нан астам адамды қамтыды. Биыл да демалушылар санын арттыру үшін қажетті материалдық базаны ұлғайту көзделіп отыр.
«Черноярская Жемчужина» ЖШС-не аймаққа танымал кәсіпкер, Павлодар облысындағы Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының төрағасы, сауда-өнеркәсіп палатасының мүшесі Зинаида Пархоменко жетекшілік етеді. Бүгінде білікті басшының бастамасымен кәсіпорындар қала мен облыстың қоғамдық өміріне тығыз араласуда. Ұжым «Жастар есірткіге қарсы» акциясына, мерекелік шараларға ұдайы қатысады. Сондай-ақ Ертіс футбол командасына, сұлулық жарыстарына, балалар спорттық биі бойынша жарыстар өткізуге, республикалық шахмат турнирлеріне демеушілік көмек көрсетілді.
Бұдан бөлек, компанияда қыз­мет­керлердің барлық қауіпсіздік стандарттарына сай еңбек етуіне жағдай жасалып, сақтандыру компаниясымен келісім бекітілген. Сондай-ақ қызметкерлер «Черноярская жемчужина» демалыс үйінде 50 пайыз жеңілдікпен демалады, өндіріс ардагерлеріне сыйлықтар мен күнделікті азық-түлік пакеттері беріледі. З.Пархоменко компания қызметкерлерін жаңа технологияларды игеруге ұмтылуға үнемі ынталандыруда. Жыл сайын кондитерлер мен аспаздар жақын және алыс шет елдерде қайта даярлау және біліктілігін арттырудан өтеді, сондай-ақ ТМД, Еуропа, Азия және Америкадан танымал сарапшылар тәжірибе алмасуға шақырылады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру