Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Мал шаруашылығының күйі көңіл көншітпейді

Кешегі кеңестік дәуірде Қазақстанның ІЖӨ-нің 26%-ы аграрлық секторының еншісінде болса, қазір бұл бар-жоғы 6-ақ пайызды құрайды екен. Осы саланы қолдау үшін тәуелсіздік жылдары ондаған бағдарламалар қабылданған, деп мәлімдейді осы мәселеге біршама тоқ­талған ресейлік https://www.ritmeurasia.org ақпарат құралынан. Бүгін­гі шолуымызда біз халқымыздың мақтанышы – төрт түлігінің басын көбейту, жалпы мал шаруашылығы өнім­дерін өндірудің қазіргі жай-күйі ха­қын­да да кеңірек тоқталуды жөн көрдік.

Шын мәнінде, Қазақстанда ауыл шаруашығына, оның ішінде мал шаруашылығының басты саласы – ет өндірісіне айрықша мән беріледі. Халықтың ата асы осыншама бағалануы, әрине, бұлтартпас ақиқат. Сондықтан үкімет тарапынан бұған баса назар аударуы сала еңбеккерлерін де қуантқаны хақ. Ал, аграрлық кешен шенеуніктері тіпті Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына ет экспорттау елімізге миллиардтаған доллар табыс әкеледі деп даурықты да.
Бұндай оптимистік болжамға сыртқы факторда дамушы нарықтар тарапынан етке сұраныстың өсіп отырғаны себеп болса, ішкі тұрғыдан – мал жайылымдық алқаптар­дың ауқымдылығы дәтке қуат болып отырғаны. Атап айтқанда, Қазақ­стан­дағы мал жайылым аумағы 181 млн га (әлемде 5-ші орын) құраған, бірақ тәуелсіздік жылдары жайы­лымдық алқаптардың азып кетуі салдарынан оның жартысындай ауқымы қысқарған. Сондықтан да егер кеңес­тік кезеңде отарлы мал шаруа­шы­лығына басымдық берілсе, қазіргі Қа­зақ­станда – бордақылау алаң­да­рына көңіл бөлініп отыр.
Бір қызығы, көлемді бюджеттік қаржылардың бөлінуіне қарамастан, сол кеңестік кезеңдегі көрсеткіштерге қол жеткізу мұң болып отыр, ал ұзақ жылдар бойы ұмтылып келе жатқан ауқымды ет экспорттауға тырысу­лар табыссыз аяқталуда. Мал шаруа­шылығы сакторы нашар дамуда, өйткені ет сатудағы негізгі маржа (сау­да­гер мен сатушы арасындағы айырма) жолай сатып алушылар мен сау­да жүйе­лерінің ұзын-шұбақ бойына тарап кеткен.
Ақыр аяғында экспортқа асқан күш жұмсап қана, соның өзінде айта қаларлықтай да емес өнім жөнелтіледі де, ішкі нарықтағы тұрақты тапшылық АҚШ-тан, Аргентина, Уругвай және Шығыс Еуропадан импортталған етпен жабылады. Дегенмен, бізді таң­қалдыратыны, билік өз халқын қолжетімді бағамен сатылатын етпен қамтамасыз ете алмай отырып, өзінде өндірілгенімен халықаралық нарыққа шығуға белсенді түрде ұмтылады.
Атап айтсақ, 2011 жылы «ІҚМ (ірі қара малы) етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы сияқты ұсыныс қабылданған болатын. Осы құжатқа сәйкес 2011 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы көлемін 60 мың тоннаға шейін көтеріп,ал 2020 жылға қарай – Қазақстанның тәуелсіздік алғанға шейінгі деңгейі – жылына 180 мың тоннаға дейін етті экспорттау бойынша ілгерілеушілік іске асыруы тиіс еді.
Бұл міндетті орындау мақсатында елімізге шет елдерден асыл тұқымды бұқалар мен тайыншалар әкелуге шешім қабылданады. Асыл тұқым­ды мал деңгейі өсті, бірақ жүз мың­да­ғанмен есептелген шығындар ақталмады. Іс жүзінде экспортқа барлығы 15,6 мың тонна сиыр еті жөнелтілген, 2016 жылы одан да аз – 14 мың тоннаға таяу. Бұған себептердің бірі – мал азығының тапшылығы. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жемшөп қорын (қажетті шырынды азықтар мен жем дайындауды, жайылымдықтарды суландыруды) дамытуға, ет дайындау мен өткізу бойынша инфрақұрылым құруға жағдай жасауды «ұмытып кетіпті».
Өткен 27 жылда тек жылқы (өсім 2 есе) және түйе (1,5 есеге жуық) бой­ын­ша көрсеткіштер ғана жақ­сар­ған. Еліміздегі ІҚМ басы 1,5 есеге таяу, шошқа – төрт есе қысқа­рып кеткен. Атап айтқанда, 1990 жж. соң­ғы­ларының бас саны 3,2 млн құраса, қазір – 820 мыңдай ғана қалып­ты, сон­дықтан да еліміз (байырғы халық­тың шошқа етіне сұранысы шамалы болса да) ішкі нарықтағы қажеттілікті жабу үшін 2,4 мың тонна шошқа етін импорттап отыр.
Шошқаның етін айтпай-ақ қояйық. Тіпті республикамыз үшін дәс­түрлі саналатын қой шаруашы­лы­ғын­да да: қой мен ешкі саны 1990 жылға қарағанда әлі қалыпқа келмеген. Оған, сиыр етін өндіру аясында – адам айтқы­сыз бағаларға сатып алынған ана­лық мал басын импорттаумен қоса есептегендегі сәтсіздікке ұшыраған бағадарламалар аясында мемлекеттік қолдау көрсету деңгейі – нөлдік деңгейде десе де болады.
Қазақстандық еттің өзіндік құны импорттықпен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Егер Қазақстаннан 2013 жылдан 2018 жыл аралығындағы ет экспорттау серпініне зер салсақ, оның өте төмен екенін аңғару қиын емес. Бұл елде жүргізіліп жатқан аграрлық саясаттың қауқарсыздығын аңғартады емес пе? Мал шаруашылығында мал басының (70%-дан астамы) дені шағын әрі жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тарында (ЖҚШ) шоғырлануы, қанағаттанарлықсыз ветеринарлық қызмет көрсету, малдың төмен өнім­ділігі, мал азығы өндірісіндегі жүйелі қиыншылықтар сияқты проблемалар шешілмейінше, бұдан басқа нәтиже күте алмаймыз. Мемлекет осы салаға бөліп отырған көмекқаржы мен демеуқаржының тек жұбаныш туғызғаннан басқа жәрдемі шамалы болып отыр да, ал статистикалық өнді­ріс өсімінің цифрлары түпкі көрсет­кіштермен еш сәйкеспейді.
Мысалы, ұлттық экономика ми­нис­трлігінің мәліметтері бойынша, өткен жылдың қаңтар-қазанында ет өндірісінің көлемі 225,2 мың тонна (бір жыл бұрынғы осындай кезеңдегіден 9,7%-ға артық) құраған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі, жыл сайынғы сиыр етіне қажеттілігіміз 272 мың тонна жағ­дайында, 2018 жылдың қаңтар-мамырында ет өндірісінің барлық түрінде малдың таза етінің салмағы 361,6 мың тоннаға (өсім 4,8%-ға) дейін артқан, деп ақпарат берген. Сосын алғашқы алты айда сиырдың етінен ғана 450 мың тонна, ал жыл бойына – 478 мың тонна өндірілді деген мәлімдеме таратылды. Нақ сол Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлі­мет­тері бойынша, 2018 жылдың 11 айында сиыр етінің экспорты 14,5 мың тонна, ал жылдың қорытындысы бойынша 19,4 мың тонна құраған. Қайсысына сенеміз?
Тұрақты көрініске айналған сәтсіз­діктерге қарамастан, ет өндірісіне бай­ланысты алмағайып экспорттық жоспарлар кезегі таусылар емес. Атап айтар болсақ, 2017 жылдың басында қабылданған 2017-2021 жж. арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жылы жауып, агроведомствоға сол кезде жаңа келген Өмірзақ Шүкееев оны бұдан өр мақсатты Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға ар­налған Ұлттық бағдарламасымен ауыстырды.
Оны жүзеге асыру, саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсетін ұсақ фермерлік шаруашылықтарды ірі мал бордақылау алаңдары айналасында белдеу құруды талап етеді. Олардың міндеті сиыр еті елімізден тысқары жөнелтілетін аймақтардағы мал бордақылау базаларына мал басын өсіріп, өткізу болып табылады. Бұл, өз кезегінде, ауылдардағы жұмыс орындары санын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтпақ. Сонымен бірге «ІҚМ басын 7 млн-нан 15 млн-ға дейін, қой-ешкі санын – 18 млн-нан 30 млн басқа дейін, мегежіндер мен қабанды 2024 жылға қарай – 1,2 млн басқа дейін жеткізу жоспарланған».
Бірақ та ізгі ниетке негізделген таптаурын жолдың қайда апаратыны ежелден белгілі. Бағдарламаның мәні мал шаруашылығының ең табысты және мейлінше тәуекелді бөлігі – мал бордақылау алаңдарын ірі бизнес қолына жинақтау болып табылады.
Айта кету керек, бағдарлама жүзеге асырылып жатқанына бір жыл толды, бірақ фермерлер тарапынан аса құлшыныс байқалмайды. Элиталық мал өсіру кәсіби ветеринарлық көмекті талап етіп, толыққұнды жемшөп қорын қажетсінеді. Бірақ жеке қосал­қы шаруашылықтар (ЖҚШ) еншісінде бұлардың ешқайсысы да жоқ. Олар үшін мал дәрігерлері мен зоотехниктер де, олардың еңбектеріне төлейтін ақшалары де жетіспейді. Фермерлердің жемшөп өсіріп-дайындайтын да, малын жаятын да жерлері жоқ. Қазір олар малды іс жүзінде тұрғылықты жерлерінде жайып жүр, басқаға олар­дың ресурстары да жоқ. Нәтижесі айдан анық.
Әйтсе де, өткен жылдың 7 қыр­күйегінде Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов Қазақстан таяудағы 5 жыл ішінде тек Қытайға ғана жыл сайын 100 мың тоннаға дейін ет экспорттауға бел байлап отыр, деп айтты. Алайда, мәлімдегендей көрсеткіштерге қол жеткізудің нақты құралдары сол күйі жоқ. Қытайға ет жеткізудің ең төменгі келісімшарт – 40 мың тонна. Мұндай көлемдегі тауарлық ет экспорттауды бірде-бір шаруашылық қамтамасыз ете алмайды. Мәселе – өндірілген еттің сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес еместігінде. Ауыл шаруашылығы министрлігі есеп беріп отырған ет, бұл – негізінен жеке қожалықтарда өсірілген малдікі, ол әдетте халықаралық стандартқа сәйкес келмейді.
Сарапшылардың тағы бір қынжы­лыспен атап көрсетіп отырғаны – «аграрлық ведомствода бір бағдарлама орындалып бітпей жатып, басқа біреуі ойлап табылады, ол бөліске түсудің сонау жоғары қабаттарында-ақ «талапайға» ұшырайды. Онсыз да күнкөрістің шегінде жүрген ЖҚШ-ларға шенуніктердің көзін қуантатын бұндай қағаз жүзіндегі бағдарламалар керек емес, олардың салықтық буындырудан, сансыз көп делдалдар мен қайта сатып алушылардан арылуы қажеттірек, қолжетімді және қымбат емес мал азығы болғаны, мүмкіндіктері жететіндей несиелер және малдарын өткізе алатын сенімді арналар болса тіпті жақсы. Бұның бәрі үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүдделі түсіністік болғанда ғана мүмкін, өкінішке орай, бұлай болмай жатады».
Мұндай бағадан соң біздің де: «Түсі­ніктеме берудің өзі артық…» дегеннен басқа айтар уәжіміз қалмай отыр.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру