Валюта бағамы: $ 376.73 427.36 5.75 ¥ 56.07

Баспана мәселесі жіті назарда болуға тиіс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» – деп, жұпыны бас­панасын байшікештер мен атқамінерлердің алтынмен аптап, күміспен күптеген ғимарат-мекенжайларына айырбастамаған ноғайлы заманындағы Жиренше шешен сынды бүгінгі күннің қарасы қалың қаймана қазағы да ең алдымен сол қараша үйге қол жеткізуді армандап отыр. Ірілі-ұсақты кенттердің сүбелі жерлерінде саны көп, сапасы жоқ, бірақ қаржысы тоқ стратегиялық жоспарлар, бағдарламалар қолға алынып, олардың соңы сиырқұйымшақтай бастаған сәттен-ақ көктемгі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кететін билік төңірегіндегілердің, қаражат айналасындағылардың үш-төрт қабатты әсем коттедждерінен жырақта, ойпаңдау тұстарда дәл сол мезетте ата мекен-ауылды, қалалар мен шаһарларды дамытуға бөлінген қыруар қаржы тілге тиек етіліп отырған жоспар-бағдарламаларды төңіректеген түрлі деңгейдегі алаяқтар мен арсыздардың, қылмыскерлердің терең жемсауына түскеннен кейін-ақ күн көрісінен айырылып, екі қолға бір күрек іздеген жарлы-жақыбайлардың лашықтары бой көтеретін. Сөйтіп, біртұтас ел жағаның қызылдығына, қолдың ұзындығына орай екіге жарылуда, бай мен кедей арасына сына қағылып, түсініспестік туындауда. Күні кеше ғана өмірмен қош айтысқан бейкүнә сәбилердің аянышты тағдыры басшыны да, қосшыны да ойландыруы тиіс. Жағдай осылайша жалғаса берсе, жарықшақ ұлғая түсуі ықтимал.
Ашығын айту керек, бұл ахуалды атқарушы билік көрмей-білмей, естімей отырған жоқ. Жуырда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік зерттеулер негізінде еліміздің көкейтесті мәселелерінің тізімдемесі жасалғаны айтылды. Онда әр өңір бойынша жол салу, ауылдарды сумен қамту, ауруханалар, мектептер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын тұрғызу тәрізді инфрақұрылымдық мақсаттар қамтылған. Отырыс барысында баспана салу және оған халықтың барлық санатының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі тілге тиек етілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша рекордтық көлем – 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені, бұрын мұндай құрылыс қарқыны болмағаны, бұл бағдарлама жергілікті өнім өндірушілердің өндірісін дамытуға тың серпін бергені, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,7 мыңнан астам тұрғын жаңа баспанаға ие болғаны айтылды. Бүгінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында «БанкЦентрКредит», «АТФБанк» және «Сбербанк» xалыққа жеңілдетілген ипотека бере бастаған. Аталған бағдарламаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «TengriBank», «Цеснабанк», «BankRBK», «Нұрбанк» пен «ВТББанк» те қатыспақ. Енді қалтасы тоқ, уайымы жоқ қаржы қызметкерлерінің пікірлеріне көңіл бөлелік. «Жылдық 7 пайыз – орта табысты қазақстандық үшін қолайлы мөлшерлеме. Егер бір адам 25 жылға 20 млн теңгеге жылына 7 пайызбен, алғашқы төлемі үй құнының 20 пайызы негізінде алатын болса, онда ол айына 113 000 теңге төлейді. 20 миллионға екі немесе үш бөлмелі пәтер алуға болады. Үйде екі адам да жұмыс істеп тұрса, аталған қаражатты төлеу қиын емес!». «Мен не деймін, домбырам не дейді?!» демекші, мәселе сол жұмыс орнында және қолға тиетін қаражат мөлшерінде болып тұр ғой!
Осы орайда ойға Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Англияның аталған түйткілді қалай тарқатқаны оралады. Уинстон Черчиллден соң билік басына келген лейбористер серкесі Клемент Эттли қираған қалалар мен тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру үшін қажыған халықты демеу саясатын ұсынды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында толыққанды заңдарды қабылдап, жүзеге асыру әрбір азаматтың күн көрісіне қажетті қаражат тауып беруді, жұмыссыздықтан сақтандыруды, тегін дәрігерлік көмек пен білім алуды ақиқатқа айналдырды. Мемлекет жеке адамның тағдырын өз жауапкершілігіне алды. Бұл шынында да әлеуметтік төңкеріс еді. Мұндай саясатты кейіннен Франция мен Италия, басқа да Еуропа елдері ұстанғаны және ұстанып келе жатқандары мәлім. Қоғамдық өндіріс және бірқатар өнеркәсіп салаларын мемлекет қарамағына алу арқылы Эттли экономикалық ресурстарға және өндіріске бақылау орнатты. Осының бәрі соғыс ауыртпашылығынан ерқашты болған ел халқының әл-ауқатын жақсартып, көңіл-күйін көтерді, елдің мәртебесін арттырды. Эттли тұрғын үй құрылысына да баса мән берді. Соғыс кезінде жарты миллион баспана жермен-жексен қирап, үш жарым миллион үй бүлінген болатын. Қаражат тапшылығына қарамастан Эттли үкіметі миллионнан астам баспана тұрғызып, оны тегін таратты, сөйтіп, халықтың алғысына бөленді. Еңбекшілердің құқығын қорғайтын кәсіподақтар қозғалысы Англияда, міне, осы кезеңде қатты өркендеді. Эттли үкіметі жүзеге асырған әлеуметтік төңкерістің теориялық негізі өткен ғасырдағы ағылшынның атақты экономисі Джон Мейнард Кейнстің даму теориясында бекемделді. Лейбористер билікте болған алты жыл ішінде британ халқы ес жиып, етек жапты. Ашқан қарын тойынып, жыртылған киім бүтінделді. Бұл мысалды бекер келтіріп отырғанымыз жоқ. Жалғыз жүріп, жол тапқанға мәз болмай, қыруар қаржыны мағынасыз той-думанға шашпай, қарапайым халықтың көкейтесті мұқтажына жұмсау керек. Заман ағымы нақ осыны талап етіп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру