Валюта бағамы: $ 376.73 427.36 5.75 ¥ 56.07

Алғашқы «ақылды үй» – Ақтауда

Өткен жылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім – «Ақылды үйді» ұсынған болатын.

Аталмыш өнім нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ақтау қаласының 15-ықшамауданындағы №35 үй «Қазақтелеком» АҚ қосқан күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктері бар Қа­зақстандағы ең алғашқы «Ақылды үй» болды. «Ақылды үйдің» сымсыз бейнекамера, қозғалыс, есіктің ашылу тетіктері қосылған өзінің бақылаушысы бар. Детекторлар қозғалысты, есік немесе терезенің ашылғандығын, бір нәрсенің жанып жатқандығын лезде бағдарлайды, ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, суретті есеп жібереді. Туындаған қи­ындық туралы үй иесіне смартфонға орнатылған ұтқыр қосымша арқылы жедел хабар беріледі. Атап өту керек, пәтер иелерінің жабдықты сатып алуының қажеті жоқ, өтінім бойынша «Қазақтелеком» АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды.
«Ақылды үй» пәтердің ке­шенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұр­ғындар енді қаскүнемдердің үйге кіруі немесе апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді, пәтерде нақты не болып жатқандығын және көмек шақырудың қан­шалықты қажет екендігін ұт­қыр қосымша арқылы кіріп, көре алады.
Сонымен бірге 35-үйдің тұрғындары қазақстандық­тар арасында кеңінен қол­данылатын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосыла алады. «Бұлтты бей­небақылау» қызметі абоненттерге өз үйінің жанында және подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы құрылғысы немесе дербес компьютерінің көмегімен бақылауға мүмкіндік береді. Жобаның ерекшелігі: суреттің сапасы өте жоғары, кірген адамның бет-бейнесін дәл айыруға болады және архивтегі бейнежазбаларға оңай қол жеткізеді, жазбалар 7 күнге дейін сақталады. Подъезге бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады, олар подъездерге кіре беріс пен олардың алдындағы аула алаңдарын түсіреді.
Бұл бағыттағы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ ағымдағы жылы Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бей­небақылау» қызметіне қа­тынауын қамтамасыз етеді.
«Қазақтелеком» АҚ-ның тағы бір жаңа өнімі – «Ақылды ТКШ» қызметі пәтерлер мен үйлерге күн сайын тұтынылған судың, газдың, электр энергиясының немесе жылудың саны туралы ресурстық компанияға хабарлар беріп отыратын ақылды құралдар орнатылады. «Ақылды ТКШ» ресурстардың нақты қанша пайдаланылғандығы, түрлі авариялық жағдайлар немесе ұрлық кезіндегі шығынның қанша екендігі туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім ресурстық компаниялардың «күрделі» орындарды анықтауына және оларды жөндеу жұмыстарын жоспарлау мүмкіндігімен қалпына келтіруіне ықпал етеді.

ЖІБЕК НҰРТАЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру