Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Ақбас Алатау мен көкшулан толқынды Атырау арасындағы айшылық алыс жолды қысқартқан еліміздегі шойын жол тарихы тереңде. Елімізде тұңғыш теміржол магистралі он тоғызыншы-жиырмасыншы ғасырлар аралығында пайда болды. Уақыт өте бұғанасы бекіген темір жол саласы әлеуметтік-экономикалық дамудың басты инфрақұрылымына айналды. Темір жолдар бойынан жаңа елді мекендер, қалалар салынды, өнеркәсіп орындары құрылып, өркендеп жатты, әлеуметтік өріс қалыптасты.

Шойын жол желісі еліміздің барлық өңірлерін көлік арқылы қосып, Қазақстанның сыртқы әлеммен тауар айналымын қамтамасыз етті. Тәуелсіздік­тен кейінгі жылдары эконо­миканың нарықтық тетік­терге көшуіне байланысты салада жүйелі реформалар орын алды. Тасымалдау үдерісін басқару құрылымы оңтайландырылып, басы артық буындарды тарату, теміржол кәсіпорындарын қар­жылық-экономикалық тұрғы­да сауықтыру мақсатында үш темір жол негізінде «Қазақстан темiр жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Кейбір өңірлер мен облыстар бір-біріне қатынамайтындықтан, олардың арасындағы көлік бай­ланысы көрші мемлекет аумағы арқылы жүргізілетіндіктен темір жолдың оңтайлы ұлттық желісін құру міндеті шұғыл қойылды. Мәселен, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанның теміржол байла­нысы Ресей арқылы өтетін желілер арқылы жүзеге асыры­латын. Мұндай түйткіл өзге елдер шекараларын 2-3 рет кесіп өту қажеттілігіне, жүк тасымал­дарының қымбат болуына әкелетін, бұған жолаушылардың қосымша уақыты жұмсалатын. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жаңа темір жол­дарды салу қажеттілігі айдан анық болды. 2001 жылы ұзындығы 187 км Ақсу-Дегелең жаңа теміржол желісі бойынша қозғалыс басталды. Жаңа желі Семей өңірінен Павлодарға ең қысқа жолды ашты. 2004 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 404 км Хромтау-Алтынсарин теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Ал, 2008 жылы ұзындығы 150 км Шар-Өскемен теміржол желісі пайдалануға берілген соң Қазақстан шекарасы шегінде ұлттық теміржол желісін жалғау аяқталды.
Сондай-ақ жаңа теміржол желі­лері еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін дамыту үшін де қажет болды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Қазақстан темiр жолы» компаниясы Батыс-Шығыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарында трансқазақстандық маршруттар бой­ынша жүк тасымалдаудың бала­ма жолдар ішінде ең қысқасын қамта­масыз еткен 1700 км жаңа темір­жол желілерін салды. 2012 жылы Жеті­ген-Алтынкөл теміржол желісінің пайда­лануға берілуі Қытаймен шекара­дағы екінші теміржол өткелін қамтамасыз етті. Жаңа желі Қытай­дан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 шақырымға қыс­қарт­ты.
2014 жылы Қазақстан, Түркімен­стан мен Иран басшылары Өзен-Берекет-Горган халықаралық көлік дәлізі бойынша қозғалысты ашты, оның қазақстандық бөлігі пайда­лануға 2012 жылы енгізілген бола­тын. Бұл дәліз Қытай мен Азия-Тынық мұхиты өңірінен Иранға және Парсы шығанағы елдеріне баратын жолды елеулі қысқартты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «іс жүзінде жаңа Жібек жолы құрылды». Сол жылы еліміздің қақ ортасында екі жаңа Жезқазған- Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол учаскелері пайдалануға берілді. Жаңа желілердің іске қосылуы өңірлер арасындағы ішкі коммуникацияларды, Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуеті­нің өсуін қамтамасыз етті, сондай-ақ өңірлердің дамуына мықты серпін берді. Жаңа теміржолдар бойында жаңа станциялар пайда болды, қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырылды, жаңа үйлер мен әлеу­меттік нысандар салынды. Эконо­мика жоғары деңгейде болған 2000-2008 жылдар аралығындағы кезеңде компания 1991 жылға дейін қалып­тастырылған өндірістік актив­тердің пайдалануда болуы аяқтал­ғанына қарамастан тасымалдау кө­ле­мінің жылдық жеті пайыздық өсі­мін ойдағыдай орындап отырды. Сондықтан 2008 жылы «Қазақстан темiр жолы» компаниясы активтерді жетілдіру бағдарламасын іске асыруға кірісті. Осы уақыт ішінде 1000-нан астам локомотив, 37,5 мың жүк вагон, 1500-ге жуық жолаушы вагоны жаңар­тылды, 4 700 км көлемінде жолды жетілдіру мен күрделі жөндеу жүзеге асырылды. Мемлекеттің индус­трияландыру және импорт алмастыру саясатын ескере отырып, кәсіпорын «Alstom», «General Electric», «Talgo», «Siemens» сияқты және т.с.с. әлем көшбасшыларымен әріптестікте өз өндірісін ұйымдастыру есебінен активтерін жетілдірді.

Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру