Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Қажетті өсім қамтамасыз етілуі тиіс

Кіріс пен өмір сапасы – дамудың басты өлшемдері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, биыл атқарылатын іс-шаралар бойынша жоспарлар пысықталды.

Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қала­лары мен облыстардың әкімдері, орта­лық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысты.
– Жалпы 2018 жылы экономи­каның барлық саласында жақсы көр­сеткіштер байқалды. Соның арқа­сында халыққа әлеуметтік қызмет көрсететіндей жағдай қалыптасты. Экономика өсімі 4 проценттен асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өнім­нен жоғары. Негізінен саудада 7,6, көлікте 4,5, өнеркәсіпте 4 проценттен астам өсім бар. Инфляцияның өткен жылғы көрсеткіші жоспарланғандай 5,3 процентті құрады. Негізгі капи­талға салынған инвестициялар 17 проценттен асты. Аталған эконо­микалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысының жақсарып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңейтілген отырыста еліміз­дің өткен жылғы әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындысы мен биылғы жылғы жоспары жайында Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев, ақша-кредит саясаты жайында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, агроөнеркәсіп кешенін дамыту дайында Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, инфрақұ­рылымдық даму жайында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Сонымен қатар өңір әкімдері әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сөз алды.
Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев баяндама барысында «Сарыарқа» газ құбыры жобасы құрылысын қаржыландыру мә­селелері шешіліп, бас мердігер анық­талғандығын, жобаны жүзеге асыру мен газ құбырын пайдалану кезеңінде 1 900-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылатынын айтты. Аталмыш газ құбырының құрылысын бастауға Елбасы индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпы ұлттық телекөпір барысында бастау берген болатын. Е.Досаев сондай-ақ «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының алғашқы нәтижелері жөнінде баяндады. Оның мәлімдеуінше, бағдарлама бойынша 3,6 мың несие берілген. Бүгінде 43, 7 млрд теңге сомасына 3 600 несие берілді. Жалпы 92 млрд теңгеден астам мөлшерде өтінімдер келіп түскен. Бұдан бөлек, Премьер-министрдің орынбасары өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 миллион адамның арасында 1,8 миллион аза­маттың мәртебесі өзектендірілгенін мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, қалған 900 мың адамдар бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда және осы бағыттағы шаралар биылғы жыл соңына дейін аяқталады.
Премьер-министрдің орынбасары экономикалық өсімнің драйвері ретінде отын-энергетикалық кешен сақталып отырғандығын айтты. Өткен жылы осы сектор негізгі көрсеткіштер бойынша рекордты болған. 90 млн тоннадан астам мұнай мен 55 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Мұнай өңдейтін барлық үш зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі мұнай өнімдеріне бөлшек баға өсімі байқалған жоқ. Биылдан бастап бензин, дизель отыны, авиакеросин мен битумге ішкі қажетті­лік қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Е.Досаев емханаларға қолжетімділік пен саланы цифрландыруға қатысты баяндай келе, емханалардағы кезекті төмендету мен қолжетімділікті арттыру үшін 1 142 жаңа дәрігерлік учаске, 97 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны құрылғандығына, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу енгізудің нәтижесінде бүгінде емханалардағы адам кезегі екі есеге төмендегендігіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың 90 процентінде электрондық денсаулық паспорттары бар. Сәйкесінше, ел­дегі барлық медициналық мекемелер электрондық құжат айналымына то­лықтай көшті.
Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев несие беру ауқымын кеңейту жұ­мыстары туралы есеп берді. Ол бел­­гіленген тапсырмалар аясында экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылғандығын айтты. Жобаларды қаржыландыру механизмдері бекітіліп, алғашқы банк несие беруді бастап кетті. Алайда 600 млрд теңгелік бұл бағдарламадан бөлек, Ұлттық банк ақшалай несие беру саясатының тиімділігін арттыру жұмысын күшейтеді. Ұлттық банк аталмыш секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазарту жұмысын жүргізді. Өткен жылдардың қателіктерін ескере отырып, заңна­ма­лық тұрғыда жұмыстың қатал ере­жесі енгізілді.
Ұлттық банк төрағасының сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы бизнесті дамытуға бағытталған 600 млрд теңге ұзақмерзімді жобаларға жұмсалуы керектігін тілге тиек етті. «Нақты осы қаражатты қандай нысандарға жұм­сайтынымызды айқындадыңыздар ма?», деп сұрады Президент. Мемлекет басшысының бұл сұрағына Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев жауап берді. «Біз «Атамекен» ҰКП және негізгі мемлекеттік органдармен бірге тауарлы позицияларды айқындадық. Сома белгіленді. Қатысушылар дайын. Ақпан айынан бастап белсенді түрде несие беруге дайынбыз», деді Е.Досаев. Е.Досаевтың жауабын тыңдаған Мемлекет басшысы нақты жұмыс атқару керектігін ескертті. «Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Қаражатты өз жұмысын көрсете біл­ген компанияларға ғана беру керек», деді Н.Назарбаев. Президенттің ес­кертпесінен соң Д.Ақышев соңғы 10 жылда банктердің несиелері 5,5 трлн теңгеге өскенін, бұл көрсеткіш 70 пайыздық өсім көрсеткенін айтты. Осы уақыт ішінде 7 банк жойылып, 2 банктің жұмысы қайта жан­данған. Қарыз алушылар осы жылдар ішінде берген ақшаның бәрін қайтармаған. Несиелер уақыт өте келе проблемалы сипат алып, банктердің шарттарды өзгертуге тырысқанына қарамастан, мәселе сол күйінде қал­ған. Ұлттық банк төрағасы бұл мәсе­лені шешудің тетіктерін айтып, кезін­дегі кемшіліктер бойынша жұмыс түзелетінін жеткізді.
Қаржы министрі Ә.Смайылов кө­леңкелі экономиканы жою үшін қан­дай шаралар қабылданатындығын айтты. Қаншама қаражаттың бюджетке түспей қалуын болдырмау үшін нақты жұмыстар жүргізіліп, кешенді шаралар қолға алынған. Қазір Қытай тарапымен декларацияны электронды түрде алу үшін келіссөз жүргізілуде. Сондай-ақ жүктерді Қазақстан шекарасындағы көлік-логистикалық орталықтарда тиеу мәселесі талқылануда. Сол жерде кедендік бақылау жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, кеден органдарында ситуациялық орталықтар құрылып, олар бұл мәселені түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек 2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ ол азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалатынын атап өтті.
Осы ретте Елбасы Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму минис­трлігіне АҚШ пен Жапонияға тікелей әуе рейсін ашу мәселесін биыл шешу жөнінде міндет қойды.
Жиында Президент елдегі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныстың артуы үрдістеріне дайындалу, сала әлеуетіне жекелей қарау қажеттігін де ескертті.
Кеңес қорытындысында Елбасы өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
– Үкімет, Ұлттық банк, барлық әкім­діктер ауқымды жұмыстар жүр­гізіп, жалпы экономиканың әр саласында табыстарға жетті. Жалақының төменгі мөлшері 1,5 есе артты. 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. 113 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кәсіпкерлікпен шұғыландануға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Яғни, экономиканың негізгі секторлары бойынша өткен жылы жақсы нәтижеге қол жеткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дегенмен, жаһандық экономи­каның баялауы, әлемдік сауданың құлдырауы, санкция соғыстарының жалғасуы біздің елімізге әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан экономиканың қажетті өсім қар­қынын қамтамасыз ету, эконо­микалық өсімді төмендетпеу үшін дамудың түрлі сценарийлеріне дайын болу қажет. Осы ретте Елбасы мемлекет дамуының басты кри­терийлері – кіріс пен өмір сапасы екен­дігін атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру