Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Түркістан облысы қарқынды дамуда

Қазақстандағы өсім деңгейі ұстамды өрбиді, дейді сарапшылар

Өткен жылғы елімізде орын алған оқиғалар қатарында шырайлы қала – Шымкент өз алдына бөлек республикалық деңгейдегі қалалар қатарына еніп, облыс орталығы құзырын Түркістанға тапсыруы айрықша есте қалды. Ал, ондағы қазіргі жағдай қалай екен, экономикалық дамуы және әлеуметтік ахуалы нендей күйде деген сауалдар көпшілікті мазалауы заңды. Олай болса, бүгін газетіміздің «Аймақ тынысы» айдары аясында осы мәселелерге тоқталуды жөн санадық.

Ең алдымен, әрине, қай өңірдің болмасын басты көрсеткіші – әлеу­меттік деңгейдегі тыныс-тіршілігі көп­шілікті толғантады. Сол себепті де әңгімені осыдан бастап отырмыз.
Атап айтар болсақ, Түркістан облысындағы халықтың саны 2018 жылы 3,5 мыңнан астамға артып, оңды сальдо көрсеткен. Осылайша, оңтүстіктің ауқымды обысы табиғи өсім бойынша елімізде көш бастап отыр екен. Бұл жайында облыстағы статистикалық ахуалға өткен аптада жан-жақты тоқталған аймақтың статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков баспасөз конференциясында баяндады.
Оның мәліметінше, 2018 жылғы 1 желтоқсанға Түркістан облысы халқының саны 1 977 768 адамды құраса, соның ішінде қалалық жерде 387 214 адам (19,6%), ауылдық жерде 1 590 554 адам (80,4%) өмір сүреді. Яғни, 2017 жылғы 1 желтоқсанмен салыс­тырғанда халық саны 3 354 адамға немесе 0,2% өсіпті.
«Облыста 2018 жылғы қаңтар-қа­рашада халықтың табиғи өсімі 40 815 адамды құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3%-ға (1 188 адамға) артты. Республика бойынша біздің облыс туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1 орында. 2018 жылдың қаңтар-қарашасында облыс туу бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарда көрінді, оның үлесі 13,6%-ды немесе 49 978 туылғандарды құрады. (2017 жылғы қаңтар-қарашада – 49 077 бала туылды). 2018 жылғы қаңтар-қарашада 1000 қыз балаға 1062 ұл бала туылды, бұл жерде ұл балдардың көп туылу тенденциясы әлі де сақталуда. Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 9 163 адамды құрады, бұл 2017 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 3%-ға аз (2017 жылғы қаңтар-қарашада – 9 450 адам)», – деді Айдар Ахметбекұлы.
Сондай-ақ департамент басшысы­ның баяндамасында 2018 жылғы қаңтар-қарашада көші-қонмен тір­кел­ген облысқа келген халықтың саны 92 678 адамды құраса, оның 40 189 адамы – Қазақстанның басқа облыстарынан, 518-і – ынтымақтастық елдерінен, 19 адам – алыс шет елдерден келгендер. Облыс ішіндегі көші-қон 51 952 адамды құрады. 2017 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда Қазақстанның басқа облыстарынан келгендердің саны – 70,9%-ға, ал ТМД елдерінен келгендердің саны – 29,2%-ға, ал шет елдерден келгендердің саны 2,1 есеге артқан.
Сонымен қатар өткен жылы Түр­кістан облысы халқының орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 42 829 теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 12,8%-ға, ал нақты ақша­лай табыс 6,9%-ға өскені туралы да айтылды. Ал халықтың ақшалай табыс­тарының басты көзі – еңбек қызме­тінен түскен табыстар, олар барлық ақшалай табыс түсімдерінің 79,2%-ын құрапты.
Енді жекелеген экономикалық көр­сеткіштерге тоқталсақ.
Мәселен, табиғаты тамаша, ауа райы жанға жайлы Түркістан облысында төрт түліктің де күн санап өсіп, аймақ еңбеккерлерінің жалпы экономиканың қарыштап дамуына атсалысуы қуантарлық жағдай. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының басшысы Нұрбек Бады­рақовтың мәліметінше, жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқан ірі қара мал басы былтыр 9 пайызға өсіп, 994,2 мың басты құраған (республикадағы үлесі 2-орын). Қой-ешкі 3 %-ға өсіп, 4,1 млн. басты құрап, рес­пуб­ликадағы үлесі 1-орын, жылқы 8%-ға өсіп, 320,5 мың басқа жеткен. Жылқы түлігі саны артудан да об­лыс­тың республикадағы үлесі – 1-орын. Ал түйе 8%-ға өсіп, 28 мың басты құрапты. Республикадағы үлесі 4-орын. Құс 9%-ға артып, 2,04 млн бас­ты құрады. Республикадағы үлесі 6-орын.
Осындай игі істердің нәтижесінде, Түркістан облысында ет өндіру 5%-ға артып, 222 мың тонна өндіріліп, республикада үлесі бойынша облыс 3-орынға шыққан. Сүт өндіру – 3%-ға артып, 699 мың тоннаны құраған, республикадағы үлесі бойынша облыс 2-орында. Жұмыртқа 8%-ға артып, 188,1 млн дана өндірілген.
Сонымен қатар, 2018 жылы облыстан 9,6 мың тонна ет Өзбекстан, Иран, БАӘ мемлекеттеріне экспортталып, республика экспортының 54%-ын құрапты.
Ал шет елден мал сатып алу бойынша тапсырма 2018 жылы облыста 1875 мал басына жоспарланған болса, келіп түскен өтінімдерден мақұлданғаны 2619 басты құраған. Оның ішінде нақты Қазақстанға келгені 1106 бас, карантинге қойылғаны 1513 басты құрапты.
Айта кету керек, ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін қайта өңдеу саласында облыста 38 ет өңдеу кәсіпорынында 19,6 мың тонна ет, 35 сүт өңдеу кәсіп­орынында 59,1 мың тонна сүт, 34 жеміс-көкөніс өңдейтін кәсіпорында 24,6 мың тонна жеміс қайта өңделіп, өңделген өнім көлемі 2018 жылға 39,7 млрд. теңгені құрап, 2017 жылмен са­лыстырғанда 2,2 млрд. теңгеге артқан (диаграмма).
Түркістан облысында 2018 жылы көкөніс, картоп, бақша дақыл­дарынан 2,9 млн. тонна өнім жиналып, рекорд­тық көрсеткішке қол жеткі­зілген. Оның республика бойынша үлесі 43%-ды қамтып отыр.
Түркістан облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшы­сы Нұрбек Бадырақов баспасөз мәс­лихатында егістікті әртараптан­дыру­дың арқасында жиналған өнім­нің 500 мың тоннаға жуығы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемле­кет­теріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнел­тілгенін жеткізді.
«Масақты дәнді дақылдардың егіс көлемі алдыңғы жылдан 22,8 мың гектарға артып, 227,4 мың гектарға, дәндік жүгері 6,6 мың гектарға артып, 43,9 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып, 114 мың гектарға, майлы дақылдар 93,3 мың гектарға, мақта дақылы 132,5 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 189,3 мың гектарға егілді. 2018 жылы ауа райының қуаңшылық болғанына қарамастан, дихандардың еселі еңбегінің арқасында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналды. Жүгеріден әр гектардан 48,5 центнерден 213 мың тонна өнім жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 47 мың тоннаға артты. Республикалық үлесі – 24%-ға жетті», – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, мақта дақылының гектар түсімділігінде де оң нәтиже бар. Онда 25,7 центнерден, барлығы 340,7 мың тонна мақта жиналған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10,2 мың тоннаға көп. Өңірдегі қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жеткізіліп, жеміс-жидектен 118 мың тонна өнім алыныпты. Республикада өндірілген жемістің 40%-ын Түркістан облысы берсе, жүзімнен 73 мың тонна өнім жиналып, республикадағы үлесі 73%-ды қамтыған. Жалпы, өткен 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 2017 жылдан 15,1 мың гек­тарға артып, 813,5 мың гектарға жеткен.
Бұл ретте, облыста осындай жетіс­тіктерге жетуде жаңа технология­ларды игерудің пайдасы туралы айта кеткен абзал. Мәселен, ауыл шаруа­шылығында жаңа технологияларды трансферттеу аясында 2018 жылы облыста жаңадан 7174 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, оның жалпы көлемі 65 017 гектарға (2017 жылы 57,8 мың га) жетіпті. Мұ­ның республикадағы үлесі 73%-ды құрады. Бұл жұмыстар одан әрі де жал­­ғаса бермек. 2019 жылы «Түркістан облы­­сының агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, 7 440 гектар алқапқа тамшыла­тып суғару жүйесін ендіру жоспарлануда.
Бір сөзбен айтқанда, түркістан­дықтар табысы қуанарлықтай. Әрине, жылдың енді басталғанын ескерер болсақ және Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде дәл қазір қауырт шақты бастан өткеріп жатқаны да аймақ тыныс-тіршілігіне әсерін тигізері даусыз. Дегенмен, облыс еңбеккерлерінің жалпы еліміз экономикасын дамытуда, оның ішінде, әсіресе біз бүгін нақты әңгімелеген сала – ауыл шаруашылығындағы қарқынды еңбек бұдан әрі де жалғасады деп сенеміз. Бұған аймақтың әлеуметтік ахуалы да, өндірістік-өнеркәсіптік қуаты да жеткілікті деп санаймыз.

Иса ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру