Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Инвестициялық жобалар таныстырылды

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде аймақ басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өңірге инвестиция тарту мен инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. Жиында ұсынылған төрт инвестициялық жоба облыстың дамуына қажетті ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі салаларын, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Бірінші болып инвестжобасын таныстырған «Орал трансформатор зауыты» ЖШС басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, кәсіпорын 35-110-220-500 кВ-тық трансформаторларға арналған салқындатқыш панельді радиаторлар шығару жобасын жандандырмақ. Бұған дейін осы жоба бойынша қажетті жабдық сатып алуға «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-тан 400 млн теңге гранттық қаржы алған. Жабдық Түркиядан жеткізіледі. Шығарылған өнімнің 30 пайызы ішкі нарықта қалады, ал 70 пайызы ТМД елдеріне экспортталмақ. Күллі ТМД елдерінде және Қазақ­станда панельді радиаторлар шығарылмайды. Мұндай өнім еліміздің нарығына Қытайдан, Түркиядан тасымалдануда. Жалпы жобаға 3,9 млрд теңге шамасында инвестиция жұмсалмақ. Жаңа өндірістік цехта жылына 3000 тонна өнім шығару көзделген. Цех құрылысы биыл басталып, бір жыл көлемінде аяқтау жоспарланып отыр.
– Қазіргі уақытта трансформатор зауытында 250 адам еңбек етеді. Жоба іске қосылғанда 110 адамға жұмыс орны ашылады. Енді өз жұмысшыларымызға арнап 9-қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Онда жұмысшылардың балаларына ар­налған балбақша, бизнес-орталық, спортзал, супермаркет болады, – деді А.Сауранбаев.
«Аманат» шаруа қожалығының жетекшісі Бақыт Далабаев Бөрлі ауданындағы сүт-тауарлы кешені құрылысы жобасын жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге жұмсайды. 600 басқа арналған кешен құрылысы Пугачев ауылында өткен жылдың мамыр айында басталған. Енді құрылысты осы жылдың 3-тоқсанында аяқтау көзделуде. Құрылыс жұмыстарында 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде екі сиыр қора, сиыр сауу орны, сүт блогы салынған, инфрақұрылымдары тартылған. Алдағы мамыр айында офистің, асхананың ішін әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда кешенде 250 адам жұмыс істейді.
– Жобаның 1-кезеңінде 125 сиырдан жылына 762,5 мың литр, 2-кезеңінде 1525 мың литр сүт сауамыз. Бастапқыда сүтті жергілікті сүт өңдеушілерге өткіземіз. Ал 2-кезеңде ірімшік, қаймақ, айран және өзге де сүт өнімдері өндіріледі. Сүтті малды мал азығымен қамта­масыз ету үшін көпжылдық шөпті, люцернді, жүгеріні егуді қолға ал­мақ­пыз, – деді Б.Далабаев.
Облыс әкімі бұл жобаның іске асырылуы назарда болатынын айта келіп:
– Жобаның Ақсай қаласынан екендігі қуантады. Біз Бөрлі ау­данының экономикасын әр­тараптандырғымыз келеді. Кен орнына қарап отырмай, ауыл шаруашылығы саласын, қызмет көрсету, өңдеу саласын дамытқанымыз жөн, – деді.
Келесі жоба – Теректі ауданында «Ringo milk» сүт кешені құрылысымен компанияның басшысы Киікбай Айдаралиев таныстырды. Оның баяндауынша, етті-сүтті 1500 бас ірі қараға лайықталған кешен жобасының құны – 3,9 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарына 150 адам тартылады, жобаны іске қосқаннан кейін кешенде 39 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстарын алдағы шілде айында бастап, 2020 жылдың аяғында аяқтау жоспарланған.
– Еліміздегі сүт фермаларының жұмысымен таныстым. Олардың бәрінде мал азығымен қамту жағы кемшін. Сондықтан 1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жобасын қолға алдық. Оны пайдалану үшін өткен жылы америкалық су бүріккіш қондырғысын сатып алып, орнаттық. Енді су тарту мәселесі шешіледі, – деді К.Айдаралиев.
Жаңа кәсіпорында жылына 7 мың тонна сүт өндіріледі. Жоба 3-4 жылда жобалық қуатына шықпақ. Жылына 8 мың тонна мал азығын өндіру, алдағы уақытта 600 бас гольштейн тұқымды сиырды Еуропадан әкелу жоспарланған. Тауарлық сүтті «Береке», «Жастық» кәсіпорындарына өткізу көзделген. Ал дайын сүт өнімдерін қаладағы супермаркеттерге өткізеді.
Облыс әкімі жергілікті су­пер­маркеттердің сүтке деген қажеттілігін облыстың өнді­рісшілері толықтай жаппайтынын, сондықтан екі сүт өндірісі жо­басының назарда болатынын жеткізді.
Басқосуда Оралда тұрғын үйлер салу жобасын «К7 GROUP» компаниясының директоры Тимур Өтемұратов таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, компания Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында мұндай жобаларды жүзеге асырған.
– Жобаның 1-кезеңінде 20 шақты тұрғын үй Орал-Самара күре жолы бойындағы қар төгетін карьер маңынан салынбақ. Одан басқа, ет комбинаты, «Самал» шағын ауданында да 9-қабатты үйлер құрылысы жүргізіледі, – деді Т.Өтемұратов.
Облыс әкімі салынатын бас­пананың тұрғындарға қолже­тімді болуына, пәтерлерді мем­бағдарламалар бойынша сатып алуға жағдай жасалуына назар аударуды тапсырып, бұл ретте барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кеңес мүшелері үй құрылысын жобалауда жергілікті климаттық жағдайды ескеруді, сондықтан үйлердің шатыры болса деген ұсы­ныстарын білдірді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру