Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Экономиканың болашағы – биотехнология

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазіргі заманғы экономикада, ғылым мен техни­када ата-бабаларымыз арман қылған қиял-ғажайыптардың ақиқатқа айналған бір саласы бар. Ол – жыл санап емес, күн өткен сайын жаңғырып-жаңарып отырған, жетістіктері талайды тамсандырған зерделік-тәжірибелік және өндірістік өріс – биотехнология десек, шындықтан шығандап кетпеспіз. Мүмкіндіктері зор, қолданылу ауқымы кең биотехнология тек жекелеген мемлекеттердің ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда ғаламдық қауымдастықтың өсіп-өркендеуінің басты қозғалтқышына, жетекші күшіне айналып отыр.
Сала бүгінгі таңда әлем бойынша жыл сайын 7 пайыздан астам өсім беріп, өнеркәсіптің макроэкономикалық маңызы бар бағыттарының біріне айналды. Қазір ең ірі биотехнологиялық нарық АҚШ-қа тиесілі, мұнда әлемдегі биотехнологиялық өнімдердің жартысы өндіріледі. Екінші ірі нарыққа Азия-Тынық мұхит аймағы жатса, үшінші жетекші орын Еуропаға бұйырған. Көшбасшы елдерде биотехнология бойынша мемлекет және жеке меншік капитал тарапынан қаржыландырылатын халықаралық және ұлттық бағдарламалар жұмыс істеуде. Ал, Қазақстанда өзіндік биотехнологиялық өндіріске қажетті әзірлемелер, тиісті қуат баршылық, ішкі нарықта сұраныс та жедел өсіп келе жатыр. Көршілес Қытай және Үндістанмен салыстырғанда энергия ресурстары, сондай-ақ ашытуда қолданылатын шикізат қолжетімді әрі арзан. Мұнда өнімнің өзіндік құнының 30 пайызын шикізат және шамамен 40 пайызын энергия шығындары құрайды. Қазіргі уақытта осы екі көрсеткіш бойынша Қазақстан жоғарыда аталған Қытаймен, Үндістанмен және батыс елдермен салыстырғанда артықшылықтарға ие болып отыр. Елімізде биотехнологиялық өнімдердің жекелеген түрлері, вакциналар, азық қоспалары, өсімдік қорғау құралдары өндірілуде. Бұлар Білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының, денсаулық сақтау министрлігінің М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндiк және зооноздық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының, Степногорск қаласындағы биотехнологиялық шағын компаниялардың, «Биоком», «Антиген» кәсіпорындарының алаңдарында шығарылады. Биотехнология саласында Қазақстанда сондай-ақ бірқатар келешегі зор әзірлемелер бар. Биомедицина бойынша оларға ішуге пайдаланылатын таблетка түріндегі рекомбинантты адам эритропоэтині, асқазан, сүт безі обырының диагностикасы және бұларды болжауға арналған генетикалық тестер, күйікті емдеуге арналған жасушалық «Фиброспрей» дәрі-дәрмегі және басқалар жатады. Ауылшаруашылық биотехнологиясында құрғақшылық пен ауруға төзімді Северянка, Әлем, Далалық-15/1, Шығыс, Алтын, Ақ Орда, Қазақстан-20 жаздық жұмсақ бидайы, Алматы және Қызылорда облыстарындағы аудандастырылған күріштің «Бақанас» және «Мәдина» сияқты жаңа сорттары, жоғары өнімді, ауруға төзімді картоптың «Капитал» сорты, ауылшаруашылығы және орман дақылдарының зиянкестерімен күресуге арналған «Биотурин» және «Битокситурин» инсектицид биопрепараттары, жануарлардың жұқпалы ауруларына қарсы вакциналар, ветеринарияда қолданылатын 30 диагностикалық тест-жүйе, сүрлем дайындауға арналған «Лак-Сил» ашытқысы алынған. Тағамдық биотехнологияда йогурт ашытқысы, қаймақ ашытқысы, экологиялық биотехнологияда мұнаймен ластанған топырақты тазартуда мұнай кен аумағында өндірістік сынақтан өткізілген Экобак, Бакойл және Терраклин биопрепараттары бар.
Елімізде биотехнологиялық әзірлемелер сондай-ақ жоғары оқу орындарының зертханаларында да өмірге келуде. Бұл орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі студенттердің инновациялық оқу-әдістеме, ғылыми зерттеулер және далалық тәжірибе жүргізетін агробиоорталығын тілге тиек етуге болады. Бұл ғылым ордасы өткен ғасырдың екінші жартысында университет ректоры болған академик Темір Дарқанбаевтың бастамасымен құрылған. Алматы облысының Жаңаталап ауылында орналасқан орталықтың жалпы аумағы 10 га. Мұнда оқу корпусы, жатақхана, агробиоэкологиялық лаборатория, сорғы және дизель стансасы, сақтау қоймасы мен шеберхана, автотұрақ салынған, ауылшаруашылық техникалары, жүк көліктері бар. Өткен жылы алғаш рет 4 гектарға жуық алқапта бидайдың ерекше сұрыпы, 3 гектардан астам жерге тағамдық және сәндік асқабақ, қауын, қарбыз, картоп, сәбіз, пияз, қант қызылшасы, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, қырыққабат, жүгері, аскөк және сыпырғы өсірілді. Өнімді күтіп-баптау барысында суландыру жүйесі мүлтіксіз жұмыс істеп, агротехникалық шаралар уақтылы орындалды. Сөйтіп, шәкірттерінің 60 пайыздан астамы жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алып жатқан университет инновациялық экономика көшбасшысы болуға ұмтылуда.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру