Агроөнеркәсіптік кешен – астықты өлке – Ақмола облысы экономикасының негізгі қозғаушысы екендігі белгілі. Содан да болар, өңір астық өңдейтін бірегей кәсіпорындарымен де ерекшеленеді.
Осындай үздік өндіріс орындарының бірі – Ақмола облысының Жақсы ауданында орналасқан «Урожай» серіктестігі. «Агрофирма TNK» Компаниялар тобының құрамына кіретін «Урожай» ЖШС бидайды қабылдау, сақтау, өңдеу жөнінен аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Серіктестік 2014 жылы ресми түрде ТМД елдері арасындағы ең ірі астық жинау кәсіпорны ретінде танылды. Кәсіпорын еншісінде төрт элевтор, үш диірмен және құрама жем зауыты бар. Барлық өндірістік қуаты заманауи құрылғылармен жабдықталған өндіріс орны астық өңдеу саласына арнайы маманданған.
Ағымдағы жылы «Урожай» ЖШС базасында екі жобаны: дәнді немесе құрғақ бұршақ дақылдарын өңдеуге арналған кешен және ұн тарту өнеркәсібі кешенін іске қосу жоспарлануда. Осы қайта өңдеу объектілерін енгізу және олардың жұмыс істеуі өнеркәсіп өнімінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Дәнді дақылдардан жасалынатын жарма өндіру цехының өндірістік қуаттылығы жылына 12,0 тоннаны құрайды. Қазіргі сәтте бидай, арпа жармасын, сұлы үлпегін өндіретін цехтың құрылысы мен жабдықты монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Құны 1700 млн теңгені құрайтын кәсіпорында 22 адам жұмыс істейді. Жобаның бастамашысы Ғабиден Бралин газет тілшісіне хабарлағандай, қазіргі сәтте цех құрылысы бойынша барлық жұмыстар аяқталып, оны алдағы ақпанда іске қосу көзделіп отыр.
«Агрофирма TNK» – негізгі өндірістік қуаттылығы Ақмола облысының Жақсы ауданында орналасқан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жетекші компаниясы. Компаниялар тобының қызметі ауылшаруашылық, мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен және сүт өнімдерін өңдеумен байланысты.
ЖІБЕК НҰРТАЙҚЫЗЫ