Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Кәсіподақты жаңғырту жалғасады

«Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі 2013 жылдың қазан айында құрылған болатын. Аз уақыт ішінде бұл ұйым мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы толық құқы бар әлеуметтік әріптеске айналып үлгерді. Оның құрамында 11 облыстық және қалалық филиал, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қарасты 39 кәсіпорынның жергілікті кәсіподағы бар. Барлығы 50 мыңнан астам адам осы ұйымға мүше.
«Қазмұнайгазкәсіподағы» Орталық кеңесінің съездері мен пленумдарында талқыланып, қабылданған шешімдер мен бағдарламалар салалық кәсіподақтың жұмысын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік бермек. Осы ретте «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиевпен әңгімелескен едік.

– Сұлтан Есімұлы, сіз басқарып отырған салалық кәсіподақ ұйымы­ның құрылғанына бес жылдан енді ғана асты. Мұнай-газ са­ласындағы жұмысшылардың мүд­десі мен құқын қорғау жолында тәжірибенің аздығы байқалып, ты­ғырыққа тірелген кез болған жоқ па?
– Ойыңызды түсіндім. Біз салалық ұйым болғанымызбен, Қазақстан кәсіподақтары федерациясымен тығыз байланыс­та жұмыс істейміз. Федерация өткізген әлеуметтік маңызы бар республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шаралардан тыс қалмай, белсене араласамыз.
Кәсіподаққа қатысты барлық нормативті-құқықтық құжаттарды дайындауға да өз үлесімізді қостық. Жұмысымыздың бағыт-бағдары айқын: «Салалық кәсіподақ қызметінің 2015-2020 жылдарға арналған стратегиясы», «2015-2020 жылдарға арналған кадр және қаржы саясаты тұжырымдамасы» дайындалды. «2018-2020 жылдарға арналған Қазмұнайгазкәсіподағын жаңғыртудың Жол картасы мен оны жүзеге асырудың жоспары» жасалды. Осының бәрі жұмы­сы­мызды заң аясында жүйелі жүр­гізуге мүмкіндік беріп отыр.
Алдымен айтарым, Қазмұ­най­газ кәсіподағын жаңғыртудың Жол картасы өз саламыздағы еңбек­керлердің құқы мен мүддесін қорғауды күшейтіп, ұжымдық-келісімшарт арқылы әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға жол ашты. Осы бағытта тізе қоса жұмыс жүргізіп отырған бірлестіктер бар. Соның ішінде «KAZENERGY» қауымдастығы мен Энергетика министрлігін баса айтуға болады. Олар – жұмыс берушілер. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық комиссия шеңберінде «KAZENERGY» қауымдастығы және Энергетика министрлігімен бүгінгі күні қосымша үш келісімге келдік.
– Көп жағдайда келісімдердің қа­ғаз жүзінде қалып кететіні бар ғой …
– Жоқ, біз жұмысымызда келі­сім­дердің барлық тармақтары­ның мүлтіксіз орындалуына күш саламыз. Келісімдер жүзеге асуымен құнды. Сонда ғана кәсіподақ ұйымының беделі мен абыройы артып, қарапайым еңбек адамдары өз мүдделері мен құқын қорғап отырған ұйымның айналасына топтасуға тырысады.

Мәселен, соңғы келісімде мұнай-газ саласында еңбекақыны төлеуде разряд коэффиценттері айқындалып, бірінші разрядты жұмысшының айлық еңбекақы мөлшері белгіленген болатын. Айта кету керек, айлық еңбекақы республикалық бюджет туралы заңға сәйкес бекітілген төменгі айлық деңгейінен кем болмауы тиіс. Барлығы заңды нормалар мен 2018-2020 жылдарға арналып жасалған Бас келісімге байланысты болуы керек. Бұл кәсіподақ ұйымының жұ­мысшылар құқын қорғау жолын­дағы көп жұмысының бірі ғана.
– Басқа салалармен салыстырғанда мұнай-газ секторында еңбекақының жоғары екені белгілі. Бірақ, соған қарамастан мұнайшылардың арасында осы мәселеге наразы болып жататындар жоқ емес. Осыны бақылау мен реттеуге кәсіподақ араласып отыр ма?
– Әрине. Бұл ретте басшылыққа алатын басты құжат – ұжымдық келісім-шарт. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның барлық құрылымында кәсіподақ ұйымдарының араласуымен осындай келісім-шарт жасалған. Оның орындалуы – қатаң бақылауда. Еңбек ұжымдарындағы жағдайға байланысты тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. 2017-2019 жылдарға арналып жасалған салалық келісім кәсіпорындарда тұрақтылықты сақтап, еңбек кикілжіңдерінің алдын алу мен шешуге бағытталған. Қазмұнайгазкәсіподағы мен оның жергілікті ұйымдары және жұмыс берушілер арасындағы тығыз қарым-қатынастың арқасында соңғы уақытта еңбекақыны төлемеуге және еңбек кикілжіңдеріне байланысты ешқандай жағдай тіркелген жоқ.
Біздің мақсатымыз – әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын ұжым­дық-келісім-шарт бойынша одан әрі дамыту, жұмыс берушілермен ынты­мақтастық пен диалогты кеңейту. «ҚазМұнайГаз өнімдері», «CASPI BITUM» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-ында, «ҚазТрансОйл» АҚ шығыс-батыс құрылымдарында осы жаңа жылдың алдында кәсіподақ ұйымдарының көмегімен ұжымдық келісім-шарттарға қол қойылды. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» пен «Қаражанбасмұнай» компанияларында да осындай жұмыс жүзеге асты.
Кәсіподақ ұжымдық келісім-шарт бойынша қандай мүмкіндіктерге қол жеткізді? Жас жұмысшыларға тәлімгерлік жасайтын мамандарға қосымша ақы төленіп, жұмысшыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік мәселелер шешілді. Мақтанышпен айтуға болады, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның ұжымдық келісім-шарты 2018 жылдың қорытындысында «Парыз» сыйлығының «Үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымына ие болды.
Жалпы, Қазмұнайгаз кәсіпода­ғының мүшелік ұйымдарында ұжым­дық келісім-шарт бойынша қамту 90 пайыздан астам. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі табанды түрде жалғаса береді.
– Сұлтан Есімұлы, кәсіподақтың беделін көтеру мен жұмысын жүйелі жүргізу үшін оның жетекшілері еңбек ұжымдарында болып, жағдайды өз көздерімен көріп, еңбек адамдарымен етене жақын жұмыс істеуі тиіс қой…
– Бұл жұмыс тұрақты және жоспарлы жүргізіледі. Осы арқылы мұнайшылардың хал-ахуалы жайлы кеңірек хабардар боламыз. Мәселен, былтыр сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында есте қаларлық ерекше кездесу болды. Қазмұнайгазкәсіподағы атқару комитетінің мүшелері мен басшылығы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының өндірістік құрылымдарындағы еңбек ұжымдары және кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Осының алдында ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастама көтерген еді. Оның мұнайшылар еңбегі мен өміріне тікелей қатысы бар. Сондықтан болар, олар өте белсенділік көрсетіп, әлеуметтік мәселелерге байланысты ой-пікірлерін бүкпесіз ортаға салды. Адами капитал, салалық кәсіподақ қозғалысын жаңғырту жайлы да нақты ұсыныстар айтылды. Міне, қарапайым еңбек адамдарымен жүздесіп-пікір­лесудің пайдасы осындай.
Қызылорда облысында Ақшабұлақ кен орны бар. Мұнда «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Осы компания басшылығының және кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен ұжымдық келісім-шарт, кәсіподақтың еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, ұйым мүшелерінің бірлігі мен ішкіұйымдық тәртібін нығайту туралы кең ауқымды әңгіме болды. Әңгіме дегеннен гөрі, әлеуметтік диалог десек дұрыс болар.
«Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражан­басмұнай», «ҚазақОйлАқтөбе», «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамдары мен «Ойл Транспорт Корпорейшэн», «Интергаз Центральная Азия», «Қаз­ТрансГаз-Аймақ», «Азия газ құ­бы­ры» ЖШС-ларында, Павлодар мұнай-химия заводында және басқа да кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жаңғырту, еңбек жағдайларын жақсарту жайлы келелі әңгімелер қозғалды. Оның бәрі біздің жұмысымызда негізгі бағыт-бағдар.
– Сұлтан Есімұлы, мұнайшы­лар­дың еңбек жағдайын жақсарту жайлы айтып қалдыңыз. Бұл кәсіподақтың ең басты назар аударатын мәселесі емес пе?
– Иә, солай. Бұл мәселе де заң аясында шешіліп келеді. Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі бар. Соған сәйкес еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі жөніндегі өндірістік кеңестер туралы ереже дайындалды. Осыған орай техникалық инспекторларды жасақтау мен бекіту жүзеге асты. Өйткені олар араласпаса, өндірісте еңбек жағдайын жақсарту мен қорғау мүмкін емес. Салалық кәсіподақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп бірінші рет «Қоршаған орта мен еңбекті, денсаулықты қорғау саласы бойынша үздік инновациялық идеялар мен тәжірибелер» конкурсын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Бұл конкурс дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді. Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда еңбек жағдайын жақсарту мен қорғауға үлкен септігін тигізгені айдан анық.
Өндірістік жарақаттарды болдырмау мен алдын алу, өндірістік нысандарда еңбек жағдайларына бай­ланысты бақылау жасау – кәсіп­одақ ұйымдарының тұрақты жұмыс­тарының бірі. Мәселен, кәсіп­одақ­тың, инженер-техник мамандар мен шеберлердің қатысуымен «Қаламқас» пен «Жетібай» кен орындарында «Еңбекті қорғау күні» екі жыл қатарынан өткізілді. Онда тиісті қызмет түрлерінің еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстары жайлы есептері тыңдалып, жергілікті кәсіп­одақ ұйымы «Қаламқасмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларының арасындағы үздік цех пен үздік шеберді анықтайды. Бұл да еңбек адамының мәртебесін асқақтататыны анық. Өткен жылы мұнай-газ кәсіпорындарындағы өндірістік кеңестердің қатары үш есеге артты. Қазір – 75.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясы «Атамекен» ҰКП және Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге «Еңбекті қорғау мәдениетін бірге көтереміз!» акциясын бастаған болатын. Қазмұнайгазкәсіподағы да осыған белсене қатысып отыр.
– Мемлекет басшысы еңбек ада­мының мәртебесін көтеру, еңбегін лайықты бағалау жайлы ұдайы айтып келеді. Сіз де, Сұлтан Есімұлы, өз сөзі­ңізде осыған тоқталып өттіңіз.
– Еңбек адамдарын моральдық және материалдық ынталандыру олардың жігерін жанып, белсенділігін арттыра түседі. Бұған кешегі кеңестік кезеңнің сарқыншағы деп қарайтындар бар. Жоқ, олай емес. Қай қоғамда болсын қарапайым еңбек адамдарын асқақтату қажет. Экономикалық әл-ауқатымыздың өсуі олардың еселі еңбегіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Қарапайым еңбек адамдарының өндірісті өркендетуге қосқан сүбелі үлесін дер кезінде бағалап, марапаттасақ, одан ұтылмаймыз. Қайта олардың қатары арта түсетін болады. Кейінгі жас жұмысшылар сондай қадірлі еңбек адамдарына қарап бой түзейді. Сондықтан Қазмұнайгазкәсіподағы өндіріс озаттарын, мұнай-газ саласы мен кәсіподақ қозғалысының ардагерлерін, жаңашылдығымен танылған еңбек белсенділерін бағалап, марапат пен құрмет-қошемет көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра беретіні анық.
Соңғы екі жылдың өзінде сала­лық кәсіподақ ұйымының бастамасы және ұсынысымен «Еңбек ардагері»,«Мұнай-газ кешенін дамы­туға қосқан үлесі үшін», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызмет­кері», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін», «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медальдары және төс­белгілерімен 100-ден астам өндіріс озаттары, кәсіподақ белсенділері, мұнай-газ саласының қызметкерлері марапатталды.
Кәсіподақтың бастамасы бой­ынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ машинисі Киікбай Аймағамбетов, «Қаражанбасмұнай» АҚ машинисі Кенган Қарынбаев және «Қарашы­ғанақ Петролеум Оперейтинг» компа­ниясының техник-механигі Исатай Дошановтар ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру жайында баса айтты. Осыған орай «Қазмұнайгазкәсіподағы» 2017 жылдан бастап «Мұнай-газ өндірісінің озаты» конкурсын ұйымдастыра бастады.
– Сұлтан Есімұлы, жұмыстарыңыз жандана берсін! Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Ғалым ОМАР-ХАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру