Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Самұрық-Қазына: Қарыз азайып, табыс өсті

Өткен жылдың басты жетістіктері қандай?

«Самұрық-Қазына» АҚ өткен жылғы қызметінің қорытындысын шығарды. Ірі қоржындық компаниялардың басшылары бас қосқан жиында Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов атқарылған жұмыстардың нәтижесінде компаниялардың қаржылық тұрақтылығы арта түскендігін атап өтті.

2017 жылмен салыстырғанда негізгі қызметтен түскен табыс көлемі 31%-ке көбейіп, 8,3 трлн теңгеден асқан. Таза кіріс 37%-ке немесе 821 млрд теңгеге дейін ұлғайса, операциялық кіріс 1 трлн теңгеден асты.

Қордың табысы 30%-ке дейін артты. Сондай-ақ Жекешелендірудің кешенді бағдарламасы аясында құны 230 млрд теңгеден асатын 31 актив сатылды.
Өткен жылғы маңызды оқиға­лардың бірі – бұл әрине Қазатом­өнеркәсіп акцияларының халық­аралық ІРО-ға шығарылуы. Соның арқасында тартылған 451 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржы толығымен еліміздің Ұлттық қорына бағытталды. Жоспар бойынша биыл Қордың екі ірі компаниясы – Қазақтелеком және Эйр Астана IPO-ға шығарылады.
Бүгінде еншілес компаниялар­дың қаржылық тұрақтылығын қам­тамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл Қор тобы­ның қарызын 1 трлн теңгеге азайтуға мүмкіндік берді. Өз кезегінде сыртқы қарыз көлемі 3,2 млрд АҚШ долларына төмендетілді. Мерзімі өтіп кеткен дебиторлық қарыз көлемі 331 млрд теңгеден 66 млрд теңгеге дейін немесе 80%-ке қысқартылды. Жаңа технологияларды енгізу бағ­дарламасы қайта қарастырылып, оның экономикалық әсері 42 млрд теңгені құрады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 1,6 млрд АҚШ долларын құрайтын еурооблигацияларды өтеді және 3,2 млрд АҚШ доллары сомасын құрайтын міндеттемелерді басқару жөніндегі мәмілені сәтті жүргізді. «Самұрық-Энерго» АҚ қарызын 50 млрд теңгеге дейін азайту арқылы өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Kcell компаниясының 75% акциясын сатып алу туралы мәміле жарияланғаннан кейін бұл Казақтелеком акциялары құнының 10-15%-ке артуына ықпал етті. Үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталуы К-4 және К-5 стандартындағы жоғары сапалы мұнай өнімдеріне деген ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеуге мүмкіндік берді.
– Өткен жылдың қорытынды­сы жаңа жылдағы басқа да өзекті мәселелерді шешуге жақсы негіз болды. Ал биылғы міндеттер өте ауқымды. Қордың жаңа страте­гиясын іске асыру мақсатында біздің бірлескен күш-жігеріміз өн­дірістік көрсеткіштерді жақсарту, компаниялардың қаржылық тұрақ­тылығын нығайту, сондай-ақ жеке­шелендіру, трансформациялау және цифрландыру бағдарламасын іске асыру бойынша негізгі міндет­терді шешуге бағытталатын болады. Біз Мемлекет басшысының Қор алдына қойған тапсырмаларын сапалы орын­дауға жауаптымыз, – деді Ахметжан Есімов.
Даму стратегиясының және сатып алу жүйесін жетілдірудің жаңа тәсілдеріне тоқталған Қор­дың операциялық қызмет жөнін­дегі басқарушы директоры Әлішер Пірметовтің айтуынша, Қор 2024 жылға дейін жекешелендіруден түсетін қаржыны қайта инвести­циялауға және ел ішінде де, шет елде де тиімді инвестициялық порт­фельді құруға баса назар аударады. Ұзақмерзімді басымдықта 2028 жылға дейін Қордың әртараптандырылған инвестициялар портфелін белсенді және тиімді басқару моделіне толық көшіруге зор мән берілмек. Қазіргі таңда сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар атқа­рылуда. Бұл 121 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы Қазақстанда теңдесі жоқ өндірісті іске қосуға себеп болды. Сонымен қатар Президенттің шағын және орта бизнесті қолдауға арналған тапсырмаларын орындау шеңберінде холдинг ішіндегі сатып алулар 10 есе қысқартылды. Осының нәтижесінде 309 миллиард теңгеден астам қаржыны бәсекелі сатып алу ортасына бағыттаумен бірге, Қор тобының сатып алу жүйесіне 8 мың кәсіпкерлік субъектінің қатысуына жол ашылды. Қор компаниялары 22 млрд теңгені үнемдеді.
Экономиканың өңдеу секторларын қолдау аясында өткен жылы елімізде бірегей жаңа өндірістерді дамытатын отандық кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді тапсырысқа кепілдік беретін бірегей «оффтейк-шарттар» механизмі енгізілді. Бұл ретте жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрайтын алғашқы оффтейк-шарттар жасалды. Аталмыш бастамалардың іске асырылуы бизнестің жаңа өндірістерді құру, жұмыс орындарының санын ұлғайту бағытындағы инвестициялық бел­сен­ділігін ынталандырып, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру